ӘЛЕМНІҢ АЛПАУЫТ ЕЛДЕРІНДЕ ДЕ ҚУАҢШЫЛЫҚ. ҚАЗАҚСТАНДА ҚАЛАЙ?

Уақыты: 22.09.2021
Оқылды: 997
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында биылғы егін жинау жұмыстарының барысы қаралып, Павлодар облысы, Екібастұз қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары сөз болды. Онда Ауылшаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев және бірқатар облыс басшылары егін жинау жұмыстарының жағдайын баяндаса, Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов Екібастұз қаласын кешенді дамыту жоспарын таныстырды. Жиынға Алматы облысы әкімі Амандық Баталов онлайн режимде қатысты.

Биылғы қолайсыз ауа райы егін шаруашылығына көп салқынын тигізді. Әлемдегі астық өндіруде көш бастап тұрған Ресей, Бразилия, Канада, АҚШ сияқты алпауыт елдердің өзі жылдағыдай көрсеткішке жете алмай қалды. Айталық, Канадада бидай жинаудың 34,5, Ресейде 15, АҚШ-та 7 пайызға төмендегені байқалды.

Құрғақшылық пен қолайсыз ауа райы еліміздегі диқандардың да мазасын әбден алды. Алайда қазіргі таңдағы егін жинаудың ел көлеміндегі көрсеткіші ала жаздай төккен тердің ақталғанын көрсетіп тұр. Биыл елімізде ауылшаруашылығы дақылдарының жалпы егіс алаңы 23 млн.гектарды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 322 мың гектарға артық. Жыл басында дәнді және майлы дақылдардың жалпы көлемін 18 млн.тонна деңгейінде, оның ішінде 16 млн.тонна дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды жинау жоспарланған. Бүгінде егін жинау жұмыстарының 95% орындалып, 14,3 млн.тонна астық және шамамен 200 мың тонна майлы дақылдар бастырылған.

– Биылғы құрғақшылықтың салдарынан бидай көлемі азайса да еліміздегі бидайға деген ішкі қажеттілік толық қамтамасыз етілді. 6-6,5 млн.тоннаға жуық бидайды экспортқа шығаруға мүмкіндігіміз бар, – деген Үкімет басшысы форвардтық сатып алу бағдарламасы аясында ауылшаруашылығы өндірушілерінің «Азық-түлік келісімшарт корпорациясына» астық жеткізуді қамтамасыз етуі қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ, облыс әкімдіктеріне және Ауылшаруашылығы министрлігіне егін жинауды қысқа мерзімде аяқтады, келесі жылғы егінге қажетті тұқым қалдыруды қамтамасыз етуді тапсырды.

Екібастұз қаласының 2021-2025 жылдардағы әлеуметтік-экономикалық даму жоспарын тыңдаған Үкімет басшысы Екібастұз қаласы тек Павлодар облысының ғана емес, сондай-ақ, бүкіл елдің ірі индустриялық және энергетикалық орталығы екенін атап өтті. Баяндамашылардың айтуына қарағанда, кешенді жоспарда көрсетілген  іс-шаралар толық жүзеге асқанда облыстың негізгі капиталына салынатын инвестициялар 5 есеге артып, 2025 жылы 737 млрд.теңгені құрайды. Инженерлік-коммуникациялық, индустриялық, көлік және тұрғын үй инфрақұрылымын, әлеуметтік саланы дамыту және экологиялық мәселелерді шешу жөніндегі жобалар іске асырылады. Индустриялық аймақ құрылып, түрлі өнім шығаратын зауыттар бой көтереді.

Демек, Екібастұз қаласы алдағы уақытта жұрт танымастай өзгереді. Ең бастысы, қала энергетика саласын дамыту үшін елеулі әлеуетке ие. Егер кешенді жоспар толық орындалса, еліміздің энергетика саласындағы қордаланған мәселелер шешімін табады деген сөз.

Қажет АНДАС