СЕНАТОРЛАР "АЛТЫНКӨЛ" МЕН "НҰР ЖОЛЫ" БЕКЕТІНІҢ ЖҰМЫСЫН ТЕКСЕРДІ

Уақыты: 24.09.2021
Оқылды: 2641
Бөлім: ЭКОНОМИКА

ҚР Парламенті Сенаты Қаржы және бюджет комитетінің мүшелері жазиралы Жаркент өңіріне сапар шекті. Сапар аясында шегара шебіндегі «Алтынкөл» және «Нұр жолы» бекеттерінің жаңа ақпараттық технологиялар мен электрондық жүйе бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызметіне баға берілді. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

Елордалық қонақтар алдымен «Алтынкөл» теміржол бекетінің технологиялық мүмкіндігімен танысты. «Алтынкөл» бекеті тәулігіне Қытай елінен келетін 20-25 пойызды қабылдай алатын маңызды стратегиялық әлеуетке ие. Сондай-ақ, мұнда бір күнде 700-800 вагон өңдеуден өткізіледі. Бірақ әлемді жайлаған індет аталмыш бекеттің де жұмысына салқынын тигізген. Маңызды нысанның жұмыс тәртібіне пандемияға байланысты қатаң өзгерістер енгізілді. Салдарынан «Алтынкөл» теміржол бекетінде жүк тасымалы көлемі айтарлықтай төмендеген.

Аталмыш теміржол бекетінде өткен жылы екі бағыт бойынша тасымал көлемі 12,7 млн.тоннаны құраған. Өкінішке қарай, былтыр Қазақстаннан Қытайға пойыздарды жеткізу көрсеткіші 7 пайызға дейін төмендеген. Ал Қытай тарапынан қабылдау деңгейі 28 пайызға өскені байқалған. Биыл, керісінше, көрсеткіш көңіл тоғайтады: Қытай елінен келетін пойыздарды қабылдау 14 пайызға көтерілсе, Қазақстаннан қабылдау 12 пайызды көрсеткен.

«Алтынкөл-Жол» кеден бекетінің бас маманы Нұрлан Есентаев елордалық делегацияны жүк пойызын декларациялап, шегарадан өткізу инфрақұрылымының дамуымен, жүк пойыздарын кедендік рәсімдеу мен жөнелту тәртібімен таныстырды.

Айта кетейік, мұнда мыңдаған жүк контейнері бар. Депутаттар атап өткендей, Қазақстан тарапынан көрші мемлекеттен тауар әкелуге ешқандай тыйым мен шектеулер жоқ, ал Қытай билігі санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтайды және карантиндік бақылау шараларын күшейткен. Сондықтан, Қазақстаннан контейнерлік пойыздарды тиеу мен жөнелтуге тыйым салуды алып тастау үшін Қытай тарапымен келіссөздер жүргізу қажет.

Ольга Перепечина төрағалық ететін Қаржы және бюджет комитетінің мүшелері бұдан әрі «Нұр жолы» бақылау-өткізу пунктіне бас сұқты. Бұл нысан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінде орналасқан ең заманауи үлгіде бой көтерген маңызды бекет. Аталған кеден бекеті, депутаттардың айтуынша, отандық жүк тасымалына басымдық береді әрі елдегі жүк айналымын бірнеше есеге арттырады.

«Нұр жолы» бақылау-өткізу пункті бастығының орынбасары Виталий Сауэрдің сөзінше, пандемия басталғанға дейін, яғни, аталмыш кеден ашылғалы бері мұнда 42 мыңға жуық автокөлік өткізілген. Карантиндік шектеу шаралары енгізілгеннен кейін бұл көрсеткіш айтарлықтай азайған. Кеден бекетінен күніне өтетін көліктер саны 30-ға дейін қысқарған. Қазіргі таңда жағдай қалыпқа түскен. Бүгінде мұнда күніне 80 көлік өтеді. Пандемия кезіндегідей жүк көліктерінің кептелісі мен 50-60 шақырымға созылатын кезек жоқ. Мәселенің шешілуіне электронды кезек қызметінің енгізілуі көп септігін тигізді дейді кеденшілер. Мұнда соңғы цифрлық технологиялар қолданылады. «Бір терезе» қағидасын енгізу арқылы барлық кедендік рәсімдер жылдам атқарылады.

Келесі кезекте Нұр-Сұлтаннан келген комитет мүшелері Қаржы, Сауда және интеграция, Сыртқы істер, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктерімен бірлесіп, көшпелі отырыс өткізді. Шараға Алматы облысы әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов, Алматы облыстық мәслихат хатшысы Жанболат Жөргенбаев, сондай-ақ, аудан басшылығы мен өңірдегі кәсіпкерлер қауымы қатысты.

Көшпелі отырысқа қатысушылар Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымын ұлғайту, экспорттық әлеуетті дамыту және әлемдік нарықта сұранысқа ие тауарлардың импорты, өзекті цифрлық және ақпараттық технологияларды енгізу арқылы кеден жұмысын жеңілдету, кеденге қатысты заңнаманы жетілдіру тақырыптарында әңгіме өрбітіп, сауда-экономика саласындағы маңызды мәселелерді талқылады.

Басқосуда кедендік статистика және ондағы сәйкессіздік мәселелері, жол бойында сапалы қызмет көрсетуді қалыптастыру, Қазақстанда, Қытайда және Еуроодақта сауда және есеп айырысудың автоматтандырылған трансшегаралық жаңа жүйесін таныстыру тақырыптары сөз болды. Сонымен бірге, ел экономикасының өсуіне қатысты қанатқақты жобалар, облысқа инвестиция тарту, халықты жұмыспен қамту секілді кезек күттірмейтін міндеттер де әңгіме өзегіне айналды.

Сапар соңында комитет төрағасы О.Перепечина кездесуде көтерілген барлық мәселе егжей-тегжейлі зерттелетінін, тиісті заң жобаларын қарау кезінде айтылған ұсыныстар ескерілетінін жеткізді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ