Ғылым мен тәжірибе ұштасты

Уақыты: 25.08.2017
Оқылды: 1923
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жазиралы Жаркент өңірінің жүгерішілері кез келген инно­ва­­ция­лық жаңа­лықты назар­дан тыс қал­дыр­май, өнді­ріске ен­гізуге асығады. Бастысы, қол еңбегінің машақаты же­ңіл­­деп, жаңа технологияның демеуімен «дала аруы» жазда жайқала өсіп, күзде мол өнім береді. Панфилов ауданында «Қазақ­стан­ның Оңтүстік шығысында өсірі­летін жүгері дақылын зиянды жәндіктерден қорғау және сала  өндірісінің иннова­циялық техно­логиясы» атты тақы­рыпта  жүгері­шілердің аймақтық кеңесі өтті.

Семинар-кеңесте республикалық «Өсімдік қорғау және карантин ҒЗИ», «Қа­зақ жер өңдеу және өсімдік ҒЗИ», «Бай­серке-Агро»  ЖШС, «Новосібір ғы­­лыми зертеу орталығы» және өсім­діктерді  зиянды жәндіктерден қорғай­тын дәрі-дәрмектер мен минералды  тыңайтқыштардың барлық түрін өнді­ретін шетелдік  компаниялардың өкіл­дері облыс жүгерішілеріне «дала аруын»  өсірудің жаңа жолдары мен тә­сіл­­дерін таныстырды. Саладағы проб­ле­­малар мен алда атқарылар мақсатты істер талқыланып, тауарлы жүгері сорт­та­рынан экологиялық таза өнімдер жи­нау  жолдары талданды. Семинар-кеңес Жаркент өңіріндегі дәнді  дақылдар тұ­қымын өсіретін «Ернар» ЖШҚ ша­руа­шылығында  өткізіліп, кеңеске қаты­су­шылар «дала аруының» жаңа, тиімді тұ­қымын жерсіндіру тәжірибесімен бөлісті.

Ширек ғасырға жуық  облысты жә­не елдің солтүстік аймақтарын жүге­рі­нің өсімтал  сапалы тұқымымен қам­та­ма­сыз етіп келген қожалықта мол  тәжі­рибе жинақталған. Биыл қожалықта әр­қайсысы 8 гектар жерге  орналастырыл­ған жүгерінің жаңа 42 сұрыбы жер­сін­дірілуде. Олардың қатарында елдің Оңтүстік шығыс аймағының ауа райы­ның ыстығы мен суығына төзімді, өн­діріске жаңадан енгізілген «LG30500», «LG 30525» сияқты өнімділігі жоғары  сұрыптар бар. Соңғы жылдары сұрып сынау учаскесінде сынақтан  өткен     50-ден астам жүгерінің, 2 түрлі судан шө­бінің, 2 түрлі  «Могор» сұрыпты сорго тұқымдарының мемлекеттік ко­мис­сияның  жоғары бағасын алып, өн­діріске енгізілуі Тасқын Жапарқұл бас­қаратын «Ернар» ЖШҚ ұжымының қарымды қарекетінің  нәтижесі деуге болады.

Өткен жылы мұнда дәндік жүге­рі­нің 37, сүрлемдік жүгерінің 30, дәндік сор­гоның 6, сүрлемдік қантты сор­гоның 3, дәндік могардың 2, сүрлемдік судан шөбінің 2 сұрыптары  сынақтан өт­кізіліпті. Дәнге өсірілген жүгерінің «Данубио» сұрыбы 102 күнде пісіп жетіліп, әр гектарынан 54,4 центнерден өнім  жиналды. Сол сияқты «Мас-38Д» -53,5, «НС-3014» -61,6, «Мас- 39Т» - 58,9, «МВ – Максима» сұрыптарынан гек­тар сайын 63,5 центнерден дән жи­налды. Бұл сұрыптар облыстың дән­дік жүгері  өсірілетін аудандарына тара­ты­лып, ел экономикасына мол бе­реке  бер­мек. Кеңес жұмысын «Өсімдік қор­ғау және карантин ҒЗИ» ЖШС  бас ди­ректоры, академик Абай Сағитов жүргі­зіп, жиында облыстық ауылшаруа­шы­лығы басқармасының басшысы Сек­сен­бай  Бекішов, ҒЗИ жүгері бірлес­ті­гінің жетекшісі Айман Омарова, ЖШҚ төрағалары, жаркенттік даңқты жүге­рі­шілер Еңбек Ері Күләш Айтжанова, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Күл­ғай­ша Бердіғұлова сөз сөйлеп, ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды.

Кеңес жұмысы барысында Өзбек­стан, Ресей, шведтік және 32  қазақ­стан­дық компаниялардың өкілдері өн­діретін зиянкестерге  қарсы қолда­ны­латын дәрі-дәрмектер мен минералды тыңайтқыш түрін пайдалану жолдары та­­ныс­ты­рылды. Семинар соңында кеңеске қатысушыларға жергілікті жү­герішілер өндірген өнімді қабылдап,  ұқ­сататын Жаркент крахмал-сірне зауы­тының жұмысы мен «Ернар» ЖШҚ ауыл­шаруашылығы техникалары көр­сетілді. Кездесуде ғылым мен тә­жі­рибе ұшта­сып, ел берекесін арттыруға байлам жасалды.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ.

Панфилов ауданы.