Жемісті істер қуантты

Уақыты: 25.08.2017
Оқылды: 1615
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутат­тары Бірғаным Әйтімова мен Нұрлан Қылышбаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақала­сындағы басым бағыт­тар­ды насихаттау мақса­тында Жетісу өңіріне жұмыс сапары­мен келіп, елді мекен­дердің тыныс-тіршілігін көріп қайтты. Аралау бары­сында шаруа қожалықтарының иелерімен, жеке кәсіп­керлермен кезде­сіп, өңірде атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйімен танысты.

Ғалымдар ауылы

Сенат депутаттары алды­мен шаруаның жайын біл­мек­ке ден қойды. Әрине, өлкеміз аг­рарлы аймақ болғандықтан ауылшаруашылығы дақыл­да­рын өсіруде алдыңғы қатар­дан көрінеді. Әсіресе, қант қызылшасы, майбұршақ, жү­гері өсіруден республи­ка­мыз­дың басқа өңірлерінен алда келеді. Сондықтан сенаторлар ат­ басын бірден Ескелді ау­да­нына бұрды. Қонақтарды Тал­дықорған әуежайынан күтіп алған аудан әкімінің орын­басары Қайырғали Алыбаев оларды «Хильниченко және К» сенім серіктестігінің қант қы­зыл­шасы алқабына әкелді. Жай­қала өскен жасыл желек са­мал желмен тербеліп, тия­нақ­ты еңбектің нәтижесін аң­ғар­­тып тұр. Аудан тұрғын­да­ры­­ның көбін тұрақты жұмыс ор­­нымен қамтамасыз етіп отыр­­­ған серіктестікке деген елдің сенімі арта түскен. Жыл сайын қыруар алқапты игеріп, аудан бюджетіне қомақты қар­жы құйып отырған серік­тес­тік­тің алдағы жоспарлары да ау­қымды. Сенатор Бірғаным Әй­ті­мова сенім серіктестігінің төр­ағасы Виктор Хильни­чен­ко­мен әңгімелесу барысында Елбасының қант қызылшасын өсіруге ерекше назар аударып отырғанын айтып, тұр­ғын­дар­дың қажырлы еңбегінің есебі арқылы қант импортын азай­тып, қазақстандықтарды таза, отандық қантпен қамту мәсе­лесін сөз етті.

Осыдан кейін қонақтар ға­лым­дар ауылы атанып кеткен Же­тісу ауылына келді. Алды­мен ауылдың атын аспандатқан талай ғалым мен қаламгерді, бас­қа да саланың озық ойлы мамандарын түлеткен Жұматай Жа­қыпбаев атындағы орта мек­­тепке бас сұқты. Шалғай ауылдағы осы бір шағын ғана білім ордасындағы жан жады­ра­татын көрініс кезінде ҚР Білім және ғылым министр­лігін басқарған, елдің білім са­ла­сының қыры мен сырына қа­нық сенатордың ризашы­лы­ғына бөленді. Жарқыраған сы­ныптар, заманауи жаб­дық­тар қойылған пән кабинеттері өз ерекшелігімен өзгешеленеді. Әсіресе, мектеп ішінен ашыл­ған мұражайда бір дәуірдің ұлы­лығы көрініс тапқан. Білім ор­дасында шет тілін оқытуға да ден қойылған. Бірғаным Әйтімова ағылшын тілі пәні­нің мұғалімдерімен сол тілде сөйлесіп, білімдерін сынап көр­ді. Олар осындай көңіл-күймен сол ауылдың кәсіпкер азаматы Әлен Тайжановтың шаңырағына бас сұқты. Құтты қонақты қуана қарсы алған Тайжановтар отбасы жайыл­ған дастарқаннан дәм тат­қыз­ды. Сенат депутаты шаңырақ иелеріне Астанадан арнайы алып келген ноутбук пен түр­лі түсті принтер сыйға тарт­ты. Оған әулет балалары ерек­ше қуанды.

Келесі кезекте Текелі қа­ла­сында сапарын жалғас­тыр­ған сенаторлар қала әкімі Бақтияр Өнербаевтың бас­тауымен құрылысы біраз жыл­дан бері тоқтап тұрған Орталық Азия университеті бой көтеретін аумаққа барып, университет өкілдерімен кез­десті. Оның жобасымен та­ныс­қан сенатор егер жоспар ойдағыдай жүзеге асса таулы аймақтың туризмі мен білім саласының ортақ өркен­дей­тініне сенім білдірді. Универ­ситет өкілдерінің айтуынша, Орталық Азия жоғары таулы аудандары жұртының пробле­маларын зерделеумен және тиісті мамандар даярлаумен шұғылданатын универ­ситет­тің құрылысы исмаилиттер қоғамдастығының мұрагер имамы, Бекзада IV Аға Хан­ның бастамасымен жүргізіліп жатыр. Уни­верси­тет пай­да­лануға берілген соң инфра­құрылымы дамыған ша­ғын қала ретінде Теке­лі эко­номи­калық дамудың жаңа серпі­ніне ие болатыны анық. Теке­лідегі кам­пус­тың жобалық дизай­нын жа­пон­дық «Арата Исо­заки және серіктестер» ком­паниясы жасапты. Сон­дық­тан да ака­демиялық қала­шықтың сейс­мо­орнық­тылы­ғына сенуге болады. Орталық Азия уни­вер­ситеті – зайыр­лы ұйым, оның оқу бағдар­лама­сына діни және дін­тану пән­дері кірмейді.

Сенаторлар алғашқы күнгі жұмыс сапарын осылай қоры­тындылады. Барған жерінің бәрінде тұрғындардың бере­келі тірлігіне ризашылығын білдірген Бірғаным Сарықызы Елбасы мақаласында айтыл­ған жайттардың басты назар­ға алынып отырғанына куә болды.

Көркіне көз тояттайды

 Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депу­таты Бірғаным Әйтімова бас­та­ған топ Талдықорған қала­сындағы бірқатар нысанды аралады. Бұдан соң қалалық әкімдікте болып, жұртшы­лықпен жүздесті. Кездесу барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы талқыланып, мақсат-міндеттері сараланды.

Талдықорған қаласы әкім­дігінің үлкен жиынжайында өткен кездесуге облыстық мәслихат хатшысы Сұлтан Дүйсембінов пен облыстық мәслихат депутаттары, арда­герлер кеңесінің мүшелері, мекеме басшылары, білім және денсаулық сақтау сала­ларының, «Нұр Отан» партия­сының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қа­тыс­ты. Жиынды ашып, жүргі­зіп отырған Талдықорған қа­ла­лық мәслихатының хат­шысы Қайрат Бұлдыбаев сөз­ді Бірғаным Сарықызына    ұс­­­ын­­ды. Мінбеге көтерілген Сенат депутаты алдымен күн­нен күнге құлпырып, жаса­рып, жайнаған жасыл желекті шаһардың бүгінгі келбетіне тамсанып, таңданғанын жет­кізді.

 Алыстан көз тартатын, сәні мен салтанаты, сәулеті мен дәулеті жарасқан әдемі ғимараттардың көбейгеніне, құрылыс қарқынының артып, елдің әлеуметтік тұрмыс-тірші­лігінің жақсарғанына қуанды. Сондай-ақ, ауылшаруашылығы саласының жанданып, мал ба­ғып, егін егумен айналысатын жеке шаруа қожалықтары са­ны­ның артқанына, кәсіппен айналысып, іс жүргізетін, өнім өндіріп, кәсіпорын ашатын іскер азаматтардың көбей­гені­не ризашылығын білдірді. Осы­­ның бәрі халықтың ауыз­бірлігі мен жұмыла атқарған еңбегінің және Мемлекет бас­шысы Нұрсұлтан Назарбаев­тың сарабдал саясатының арқа­сында қол жеткізілген тың табыстар екенін әңгіме арқа­уына айналдырды.

Бұдан соң Елбасының «Бо­ла­шаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты мақаласы басты тақырыпқа айналып, әсіресе білім саласына айрықша назар аударылды. Осы ретте атал­мыш саланы дамытып, жетіл­діруге байланысты қабыл­дан­ған жаңа Заңдар мен енгізіліп жатқан өзгерістерге ден қойы­лып, жан-жақты түсіндірілді. Сонымен бірге жиырма бірінші ғасырда әр қазақстандықтың компьютерлік технологияны сауатты пайдаланып, шет тіл­де­рін де меңгерулері тиіс екен­дігі, бұл үшін мемлекет тара­пынан қолдаулар көрсетіліп жатқандығы айтылды. Халық­тың әлеуметтік жағдайын, тұр­мыс-тіршілігін жақсарту бағы­тында іске асырылып жатқан жұмыстарға да мән беріліп, денсаулық сақтау, зейнетақы, жәрдемақы төлеу, бала туу, әлеуметтік қамсыздандыру сияқты мәселелерге көңіл бө­лін­ді. Мәдениет саласын жан­дандырып, спортты өркен­дету­де іске асырылып жатқан жұ­мыс­тар да назардан тыс қалған жоқ. Осының аясында Парла­менттің жоғарғы палатасында атқарылып жатқан істер баян­далды. Онда белгілі болғандай, өткен жылы ел Сенаты сексен төрт заң қабылдапты. Олардың ішінде ең өзектілері Қазақстан Республикасы «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі» және «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» туралы Заңдар. Бүгінде осы бойынша көптеген жұмыс жүр­гі­зіліп жатыр.

– Бұл заңдардың халық үшін әлеуметтік маңызы зор. Мен түрлі кездесулерге көп қатысамын. Бірақ, көпшілік осы мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы ақпа­ратты көп біле бермейді. Бұл өте қолайлы жүйе. Сіз өз бала­ңызға туғаннан-ақ депозит ашасыз. Оған шамаңыз жет­кен­ше ай сайын салым жасап отырасыз. Оған жылына мем­лекет бес, жеті пайыз, банк он төрт пайыз сыйақы қосады. Кейін ұл-қыздарыңыз ер жетіп, өскен соң арнаулы немесе жо­ға­ры оқу орнына түсетін кезде сол қаражатты қолданасыз. Ал, балаңыз грантқа түссе жинал­ған қаражатты барлық сый­ақымен қосып аласыз немесе өзге балаңыздың атына ауда­руға мүмкіндігіңіз бар, – деді Сенат депутаты.

Сондай-ақ, Міндетті әлеу­меттік медициналық сақтан­дыру бойынша жасалған өзге­рістер туралы да айтылды.

– Соңғы кездегі қаржылық дағдарыс пен елдің макро­экономикасындағы жағдай­ларға байланысты міндетті медициналық әлеуметтік сақ­тан­дыру жүйесінде салым па­йыз­дары азайтылып, бағдар­ламаның орындалу мерзімдері ұзартылды. Мәселен, осыған дейін 2018 жылдан бастап, әр азамат жалақысының төрт пайы­зын Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қо­ры­на аударуы керек болса, біз мақұлдаған заңда оның мөл­шері 3,75 пайызға түсірілді. Жұмыс берушілер бірінші шіл­де­ден бастап міндетті әлеу­меттік медициналық сақтан­дыру жүйесіне екі пайыз ауда­руы керек еді, ол бір пайызға қысқартылды. Жалпы, азамат­тардың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін үлкен жұмыс­тар атқарылып жатыр, – деп атап өтті депутат.

Кездесудің соңында қала тұрғындары көкейінде жүрген сауалдарын қойып, депутат­тардан тұшымды жауап алды. Депутаттар қалалық көпсалалы аурухананың тыныс-тірші­лігі­мен де танысып, атқарылып жатқан жұмыстарға көңіл то­ғайт­ты. Оқушылар сарайын да көріп, жаңа ғимараттың ішін аралады. Мамандардың ай­туынша, қазір бұл жерге үш мыңнан аса бала келеді. Олар үшін би, актерлік шеберлік, информатика, домбыра, хорео­графия, бейнелеу өнері, шах­мат, дойбы, қолөнер шеберлігі, вокал, театр, қолданбалы өнер, робот техникаларын құрас­тыру, жас тілші, көркемсөз шеберлігі сияқты алпыстан аса үйірме жұмыс істейді. Қосым­ша ашылып жатқандары да бар. Әр жасөспірім қарым-қабілетіне қарай үйірмені өзі таңдайды. Ғимаратты тама­шалаған депутат жас жеткін­шек­тердің пайдалы іспен шұ­ғыл­данып, бойларындағы қа­рым-қабілетті арттыруға мүм­кіндік туғызған шарапатты шаруаға марқайып қайтты.

– Талдықорған қаласының бүгінгі дамуы жаман емес. Шаһарда салынған жаңа сая­бақ­тар мен демалыс орындары көз жауын алады. Көгал­дан­дыру мәселесіне де ерекше көңіл бөлінген. Мұндай жұ­мыс­тарды жандандыруға Елба­сының өзі көңіл бөліп, осыған байланысты міндет жүктеген болатын. Міне, сол тапсыр­малардың нақты жүзеге асыры­лып жатқанын көріп отырмыз. Бұл Талдықорғанның өсіп-өркендегенін аңғартады. Әсіре­се, «Көктем Гранд» деп атала­тын жаңа қонақүйдің ерек­шелігін айрықша атап өткен жөн. Қаладағы көпсалалы ауру­хана, Жастарға қызмет көрсету орталығы, Оқушылар сарайы сияқты әлеуметтік нысан­дар да заман талабына сай бой көтеріпті. Заманауи үлгіде салынып жатқан көп қабатты тұрғын үйлер де алыс­­­тан көз тартады. Осы­ның бәрі соңғы жиырма бес жыл ішін­де жүзеге асырылған мем­лекеттік бағдар­лама­лар­дың жемісі деу­ге болады. «Нұрлы жол», «Нұр­лы жер» бағдар­ламаларының да сәтті іске асырылып жатқан­дығы бай­қа­лады.

Сондықтан Жетісу өлке­сінің болашағы зор, келешегі кемел деуге негіз бар, – деп ойын жеткізген Бірғаным Сарықызы облыс орта­лы­ғы­ның бүгінгі дамуына жоғары бағасын беріп қайтты.

Жылы жүздесу

Халық қалаулылары Сар­қан ауданына сапарлап келді. Өңірге келген депутаттар өз сайлаушыларымен кездесіп, жылы жүздесу өткізді. Жыл бойы Парламент қабырға­сында талқыланған түрлі Заң турасында жұртшылыққа тар­қата айтып, ойымен бөлісті. Мұндай дидарласуларда әсі­ресе қарапайым халық көкей­дегі сауалдарын тікелей қою­ға мол мүмкіндік алады.

Осы ретте ауданға арнайы келген Қазақстан Респуб­ликасы Парламенті Сенаты­ның депутаттары Бірғаным Әйтімова, Төлеубек Мұқа­шев, Нұрлан Қылышбаев және облыстық мәслихат хат­шы­сы Сұлтан Дүйсем­бінов­пен болған кездесуде бірқатар көкейкесті сұрақтар қойылды. Жиынды ашқан аудандық мәслихат хатшысы Қадыр Абдрахманов алғашқы сөзді Сенат депутаты Бірғаным Әйтімоваға берді. Бірғаным Сарықызы негізгі үш мәселе төңірегінде сөз өрбітті.

Онда Мемлекеттік білім берудің жинақтаушы жүйесі және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және Қазақстан Республи­касының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қам­сыздандыру бойынша өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы әңгімеленді. Атал­мыш мәселелер бойынша жан-жақты тарқатып айтып, олардың тиімді тұстарын тү­ген­деген баяндамашы соны­мен бірге Сенат депутаттары тарапынан жыл көлемінде жасалған жұмыстан хабардар етті.

Баяндамашыдан соң аудан­­дық ардагерлер кеңе­сінің төрағасы Қадыл Жанас­беков, аудандық «Жастар» ресурстық орталығының же­тек­шісі Аслан Күбентаев сөз алып, өз ойларын ортаға тас­тады. Жиында халық қалау­лыларына өңірдегі шекарамен шектесетін елді мекендердегі әлеуметтік жағдайға баса назар аударылса, мемлекеттік сатып алу заңына өзгерістер енгізілсе, құрылысы ұзақ жыл­­ға созылған аудандық орталық аурухананың қосым­ша ғимаратына қаржы бөлін­се деген өтініштер айтылды. Депутаттардың сапары Қап­шағай қаласы мен Талғар ауданында жалғасты.

Айгүл Байбосынова,

Қажет Андас.