«АҚСУ ҚАНТ» ЗАУЫТЫ ҚАНТ ҚЫЗЫЛШАСЫН ҚАБЫЛДАУДЫ БАСТАДЫ

Уақыты: 12.10.2021
Оқылды: 1505
Бөлім: ЭКОНОМИКА

 «Ақсу қант» зауыты қант қызылшасын қабылдауды бастады. Биыл ауданның  11 ауылында   тәтті түбір егілді.  Өңірде    6 техникалық-сервистік  орталық жұмыс істейді.  Төрт ірі шаруашылық  қант қызылшасын өсіруге арналған техникамен түгелдей қамтылған. Қайта өңдеу кәсіпорнына алғашқы болып  «Әлихан»,  «Даниал» шаруа қожалықтары өнімді алып келді. 


Зауыттың тәулігіне 2-3 мың тонна тәтті түбір өңдеуге мүмкіншілігі бар. Өткен жылы барлығы 120 мың тонна тәтті түбір өңделген. Зауыт сонымен қатар жом өңдеумен де айналысады. Биыл мал азығы негізінен арнайы ыдысқа сақталып, жиналуда.  Оның артықшылығы, азық көктемге дейін құнарын жоғалтпай сақталады.  Тәтті түбірдің  әр тоннасын кәсіпорын 22 мың теңгеден сатып алады. Бүгінде тәтті түбірді өңдеу үшін кәсіпорын мазут отынын пайдаланады. Оның бағасы  аспандап тұр. Зауытқа  болашақта көгілдір отын жеткізу  жайлы бастама көтерілуде. Ондай болған жағдайда зауыттың шығыны едәуір азаяр еді. Сондай-ақ,  кәсіпорынға жан-жақтан өнім жеткізу үшін жол қатынасы, оған шығатын жанармай шығыны шаруалар үшін қымбатқа түсуде. Сол үшін облыстық әкімдік Жансүгіров ауылы мен Матай стансысы арасына теміржол тарту мәселесін көтеруде.  Екі елді мекеннің арасы 80 шақырымды құрайды. Егер пойыз жол салынатын болса шаруаларға да, зауыттың өнімді көптеп қабылдауына да тиімді болар еді. Бұл енді болашақтың еншісіндегі шаруа.  Айта кететін бір жайт, қант қызылшасының көлемі былтырғыдан артқан. Десе де биылғы құрғақшылық  өнімнің өсуіне өзінің кері әсерін тигізген. Алқаптар су тапшылығын сезінді.  Кейбір шаруа қожалықтары алқапты жаңбырлатқыш агрегатпен суаруды қолға алуда. Бұл орайда «Әлихан», «Даниал», «Еркежан», Аюхан», «Қалқаман»  шаруа қожалықтары аталмыш агрегатты биыл пайдаланып, тиімділігіне көз жеткізді.  Жаңбырлатқыш агрегат аламын деушілерге қазына қоржынынан көмек қаржы, яғни субсидия беріледі.  «Ақсу қант» зауыты бүгінде толық мүмкіндікпен жұмыс істеуде. Зауыт қондырғыларының көбі жаңартылды.  Кәсіпорын жаңадан  іске қосылғанда мамандар сырттан шақырылатын. Қазір инженер-техниктердің көбі жергілікті жердің мамандары. Жансүгіров ауылындағы  кәсіптік мектеп  қажетті мамандарды өздері даярлап  беруде.  Болашақта  зауыт пен оқу орны дуальді негізде білім беруді қолға алмақшы.  

Аудан бойынша  орташа есеппен әр гектардан 450-500 центнерден өнім алу жоспарлануда. Ендігі басты мақсат – қант қызылшасын дер кезінде жинау. Биыл «Ақсу қант» зауытына Ақсу, Ескелді, Сарқан аудандарының шаруалары да өнімдерін өткізбекші. Ащы тердің тәтті дәмін татар кез келді. Өнім ысырапсыз жиналып, қойма өнімге толсын деп тілейік.

Гүлжан ТҰРСЫН