Жаңа жобалар жүзеге асады

Уақыты: 04.09.2017
Оқылды: 1182
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Бейсенбіде облыстық мәслихаттың кезекті ХХІ сессиясы өтті. Сессияда облыс әкімі Амандық Баталовтың өткен 7 айда атқарылған жұмыс­тарының қорытынды есебі тың­далды.

Өңір басшысы мәслихат депутат­тары­ның назарына өнеркәсіп, ауылшаруашылығы, инвес­тиция тарту, білім мен денсаулық сақтау, туризм, спорт  салаларындағы ілге­рінді  істер мен нәти­желі жұмыстарды ұсын­ды.

Жуырда Елбасы Бурабайда Парламент, Үкімет, Президент Әкімшілігі, Астана, Алматы қалалары мен облыс әкімдерінің қатысуымен жиналыс өткізген болатын. Басқосуда өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы қаралып, бірқатар нақты тапсырма берілгенін айтқан өңір басшысы облыста атқарылған негізгі жұмыстарға тоқталды.

–  Біздің облыста барлық саланың дамып, өркендеуіне барынша жағдай жасал­ған. Негізгі салалар бойынша көрсеткіштер жақсы. Атап айтар болсақ, өнеркәсіптік өндіріс көлемі 4,3% өсіп,  396 млрд. теңгеге жетті. Азық-түлік өнімдері 7, сусындар 14, фармацевтикалық өнім 1,6 пайызға жоға­рылады. Индустрияландыру картасы бойын­ша бұған дейін іске асырылған 51 жобаның 43-і өзінің жоспарын орындады. Қазіргі уақытта қалған кәсіпорындармен жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан бері әйнек және металл құрылымын өндіретін өндіріс орны ашылды. 14, 3 млрд. теңгені құрайтын өнеркәсіп нәтижелі жұмыс істеуде. Жыл соңына дейін тағы бес жоба іске қосылады. Биыл Қытай Халық Республикасының инвес­тор­ларымен ет өңдейтін кешен «Лунюань Жетысу» ЖШС іске қосылады. Ол жылына 20 мың тонна өнім өндіріп, 4, 0 млрд. теңге табыс тауып, 200 адамға жұмыс орнын ұсынады. Ал «Юнайтед Грин» деп аталатын ирандық компания балалар тамағын дайындайтын зауыт ашуға келісті. Ұлт жоспары – бес институционалдық реформасын жүзеге асырудың 55-56 қадамдарында көрсетілген тапсырма бойынша облысқа «ЭКО-культура», «ЭФКО», «Маревен Фуд Тянь-Шань», «ЛУКОЙЛ Лубрикантс», «United Green», «Farm Frites», «Бауман» – барлығы 7 трансұлттық компания тартылды. Соның ішіндегі  «Маревен Фуд Тянь-Шань» компаниясы ағымдағы жылы өзінің «Ролтон» өнімін сатылымға шығарады. Жалпы ағымдағы жылдың 7 айында облысқа 205, 9 млрд. теңге инвестиция тартылды. «Нұрлы Жол» және «Нұрлы жер» бағдар­ламаларын іске асыру, сондай-ақ, өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, газдандыру, энер­гетика салалары бойынша бірнеше жоба­ларды жүзеге асырудың нәтижесінде жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 537 млрд. тең­геге артады деп күтілуде, – деді облыс әкімі.

Ауылшаруашылығы саласындағы жетіс­тіктерді айтқан облыс басшысы биыл 198, 8 млрд. теңге көлемінде азық-түлік өндіріл­генінен хабардар етті. Сондай-ақ, Жетісу жерінің 9,2 мың гектары қант қызылшасы алқабына айналғанын мақтанышпен жеткізді. Енді сол тәтті түбірден 323 мың тонна өнім алу жоспарлануда. Қант қызыл­шасын өткі­зетін Көксу қант зауыты өткен жылдан бері өнім қабылдауда. Биыл  Ақсу қант зауытына 11 млрд. теңге инвестиция құйылып, зауыт өз жұмысын бастауға дайын. Ал жүгері дақы­лына 79 мың гектар жер бөлінген. «Азия АгроФуд» зауытының маңына қоспа жем шығаратын шағын цех орнатылып, болашақта «Қорғас – Шығыс қақпасы» аймағына жыл­дамдығы 40 мың тонналық зауыт салу жоспарлануда.

Өңірдегі шағын және орта бизнес жайлы сөз қозғаған өңір басшысы бұл сала көрсет­кіші 8,6 пайызға артқандығын және туризм бойынша 7 айдың ішінде 43 жаңа жоба жұмылдырылғанын  тілге тиек етті. «Айдын­ды Алакөлге келіп демалушылар саны жыл сайын артып келеді. Сондықтан да  демалу­шылар үшін туристік аймаққа жұмылды­рылған инвесторлар сапалы әрі жайлы құрылыс нысандарын салуы қажет. Алакөл жағалауындағы 300 орынды «Каримов» демалыс аймағы мен 400 орынды «Falcon Petroleum» ЖШС қолға алған қонақүй кешені жыл соңына дейін өз жұмысын аяқтайды. Үшарал қаласындағы халық игілігіне ашыл­ған әуежай да заман талабына сай. Мұның барлығы да ел игілігіне арналады», – деді өңір басшысы.

«Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2015-2017 жылдары Ұлттық қордан 82 жобаға 71,5 млрд. теңге бөлінген. Биыл 22 млрд. теңгеге 49 жоба іске аспақ. Об­лыс­та үш ауысымды және төтенше жағ­дай­да тұрған 31 мектептің құрылысы жүргі­зілуде. Білім күні 23 мектеп ашылса, қалған 8 білім ошағы жыл соңына дейін іске қосы­ла­ды.

«Пилотты жоба» аясында мүмкіндігі шектеулі жандарға облыс орталығынан аз қабатты тұрғын үй құрылысын жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттен 300 млн. теңге қарастырылған. Баяндамашы мемлекеттік бағдарлама аясында жыл соңына дейін 1496 отбасы пәтер кілтіне, 6457 отбасы жер теліміне ие болады деп атап өтті.

Қазіргі таңдағы ең өзекті мәселенің біріне айналған газдандыру жұмысы 108 елді мекенде іске асырылуда. Елбасы қолдауының нәтижесінде қалаішілік газдандыру құрылы­сына республика бюджетінен 6 млрд. теңге бөлінсе, облыстық бюджеттен  4,5 млрд. теңге қарастырылған. Сондай-ақ, Талды­қорған – Текелі қалаларын газдандыру жұ­мы­сына облыстық бюджеттен 1,5 млрд. теңге бөлінді.

Басқосуда Амандық Ғаббасұлы ірі жоба­ларға, үлескерлер мәселелерін шешу, жылы­ту маусымына дайындық сынды кешенді жұмыстарға тоқталып, өңір халқының әл-ауқатын көтеру басты міндеттердің бірі екендігін және оған баршаның атсалысуы қажеттігін айтып өтті.

Жиында облыстық ардагерлер ұйымы­ның төрағасы Ермек Келемсейіт, Ақсу ауданы    Е. Сиқымов атындағы орта мектептің дирек­торы Рахат Ибраймова, «Шадай батыр» шаруа қожалығының басшысы Жангелді Осан және бірқатар депутат жарыссөзге шығып, облыс әкімі жұмысының оң нәти­желерімен бөлісіп, ұсыныс-пікірлер білдірді. Депутаттар сессия соңында облыс әкімі  жұмы­сына қанағаттанарлық деген баға берді.

Еңлік КЕНЕБАЕВА.