ТАЛДЫҚОРҒАНҒА ТАБИҒИ МОНОПОЛИЯЛАРДЫ РЕТТЕУ КОМИТЕТІНІҢ БАСШЫСЫ КЕЛДІ

Уақыты: 22.10.2021
Оқылды: 1034
Бөлім: ЭКОНОМИКА

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің басшысы Асан ДАРБАЕВ Талдықорған қаласына келді. Асан Көбентайұлы жұмыс сапары барысында «Жетісу Су құбыры» ҚМКК нысандары бойынша журналистермен өткен баспасөз турына қатысты. Аталған шара ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті, «Жетісу Су құбыры» ҚМКК-мен бірлесе өткізілді. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Айта кетейік, «Жетісу Су құбыры» ҚМКК сумен қамту және су бұру қызметтерін Талдықорған қаласының халқына ғана емес, сондай-ақ, заңды және бюджеттік ұйымдарға да көрсетеді. Бұл қызметтер тарифтік ведомствоның реттеуіне жатады. Мониторинг жүргізілген нысандар бас су қабылдағышы мен кәрізді тазарту құрылғылары болды.

Баспасөз туры кезінде «Жетісу Су құбыры» ҚМКК директоры Валерий Ким бас су қабылдағышы мен кәріз тазарту құрылыстары бойынша былтыр және биыл атқарылған жұмыстар жөнінде баяндап берді. Нәтижесінде, 2021-2025 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламалар, оның ішінде осы бағдарлама аясында биыл жүзеге асырылған және жоспарланған жұмыстар таныстырылды. Валерий Ким, сондай-ақ, аталған мекеменің биылға арналған инвестициялық бағдарламаның орындалуы туралы әңгімеледі.

Бұдан соң мекеме өкілдері баспасөз туры қатысушыларына қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулық өткізіп, су тазарту құрылыстарының жалпы жұмысын таныстырды. Біз су жинағыштағы ауызсуды дайындаудың барлық технологиялық циклдерін көрдік. Өндірістік үрдістерді жетілдіру мақсатында «Жетісу Су құбыры» ҚМКК-ның бекітілген тарифтік смета шеңберінде инвестициялық бағдарламаны іске асыруда, онда ауыз су беру кезінде тиімділікті арттыру, шығындарды азайту, оның ішінде кәсіпорын қызметінің экологиялық параметрлерін жетілдіруге бағытталған жабдықтарды жаңғырту бойынша бірқатар ауқымды іс-шаралар көзделген.

Белгілі болғандай, былтыр 64,9 млн.теңге сомасында инвестициялар игерілген. Атап айтқанда, су тарту ғимараттары мен құрылыстарына, кәріз стансысына, су құбырларына, кәріз және электр желілеріне күрделі жөндеу жүргізілген. Сонымен бірге, негізгі құралдары (экскаватор) сатып алынған. Бұл желілердің табиғи тозуы мен авариялық жағдайларды азайтуға мүмкіндік береді. Инвестициялық бағдарлама бас су бөгеті ғимараттары мен кәріз тазартуды күрделі жөндеу құрылыстарын, бес орталықтан тепкіш және үш бірлік сатып алу мен орнату жөніндегі іс-шараларды қамтиды.

Іске қосу мен қорғау аппаратурасына күрделі жөндеу жүргізу сияқты басқа да іс-шаралар бар. Бүгінгі таңда субъект 2021–2025 жылдарға арналған жаңа бес жылдық инвестициялық бағдарлама бойынша жұмыс істейді. Ол жалпы сомасы 615 947,3 мың теңгеге бекітілген, оның ішінде жоспар бойынша биылға арналған инвестициялар сомасы 116 480,8 мың теңге.

Асан Көбентайұлының айтуынша, тұтынушылардың сапалы қызмет алуға құқықтары бар және инвестициялық бағдарламада көзделген іс-шаралар осы талаптың орындалуын қамтамасыз етуі тиіс. Сумен қамтамасыз ету және су бұру бойынша сапалы қызмет көрсетілуі қажет. Халық осындай маңызды қызметтердің үздіксіз ұсынылуына сенімді болу керек. Аталған мекеме өкілдері инвестициялық бағдарлама аясында қарастырылған барлық іс-шаралар қала тұрғындарына су жеткізу және су бұру бойынша сапалы және үздіксіз қызметтермен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін айтып өтті.

Баспасөз туры соңында тілшілер мамандарға кәсіпорынның инвестициялық бағдарламасы жөнінде өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, тұщымды жауаптар алды.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Фото - Руслан ҚАДЫРОВ

Алматы облысы