Өмірлік қағидам – елге адал қызмет ету

Уақыты: 04.09.2017
Оқылды: 1630
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жамбыл ауданының әкімі Жандарбек Далабаев:

Өмірлік қағидам – елге адал қызмет ету

Көпшілік арасында «Ақындар мен батырлар елі» атанып кеткен Жамбыл ауданында соңғы жылдары көптеген өндіріс орындары, шағын        және орта бизнес нысандары ашылды. Соған орай өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсет­кіштері уақыт өткен сайын қомақтылана түсіп келеді. Рухани жаңғыру бағытында жасалынып жатқан жұмыстар да аз емес. Аудан әкімі Жандарбек Далабаевпен арадағы әңгімеміз осы мәселелер төңірегінде өрбіді.

 

– Жандарбек Ермекұлы, осы жаңа ғана бір-екі жақсы жаңалықты құлағымыз шалып қалды. «ЭКСПО – 2017» көрмесін тамашалау үшін ұжымымен бірге Астанаға барып қайтқан «Ақ әжелер» ансамблінің жетекшісі Күміс Кемелбекова өзіңіз­ге алғыс айту үшін қабылдауыңызға келіп отыр екен. Қазыбек бек беке­тінен Алматыға арнайы пойыз жүре бастапты. Сұхбатымызды осындай жақсы жаңалық­тардан бастасақ.

– Ондай жарқын жаңалықтарымыз аз емес. Жаңа өзіңіз айтқан «ЭКСПО-ға» барып-қайту мәселесіне келсек, халық­аралық көлемде табысты өтіп жатқан бұл шара еліміздің үлкен бір жетістігі, қомақ­ты табысы емес пе? Оны неге барып көрмеске, ондай тағылымды сапарларды неге ұйымдастырмасқа? Сол мақсатпен Астанаға «Ақ әжелер» ансам­блінің ба­рып-келуіне қолдау көр­сет­кен болатын­быз. Ауданға ғана емес, бүкіл облыс аумағына танымал өнерпаз ұжым­ның жол шығынын негізінен кәсіпкер азаматтар көтеріп алды. Одан басқа, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отба­сы­лардан, мүмкіндігі шектеулі жандар­дан құралған үлкен топ көрмеге барып қайтты. Бұл топқа да демеушілік көмек жасалынды. Тоқетерін айтқанда көрмеге 11 мыңға жуық адам билет алса, соның 90 пайыз­дан астамы «ЭКСПО-ны» тамаша­лады деуге болады.

Осы жақында ғана аудан аумағын­дағы Қазыбек бек бекетінен Алматыға арнайы пойыз жүре бастады. Күніне екі рет, тұрғындарға қолайлы мерзімде екі ара­лық­қа жүріп тұратын бұл пойыз қатына­сының тиімділігі ешбір дәлел­деуді қажет етпейді. Бұл жалғыз бекет тұрғындарына ғана емес, сол маңайдағы Таран, Жайсаң, Ақсеңгір, Ащысу, Ай­дар­лы, Бозой, Ақши ауылдарының тұр­ғындарына да тиімді.

Сөз орайы келгенде бұл өңірден Алматы – Шу бағытындағы екінші темір­жол желісінің тартылып жатқанд­ығын да айта кеткен жөн шығар. Алма­ты облы­сының аумағына тиесілі жол қазірдің өзінде салынып бітті. Соған орай алдағы уақытта осынау екі желіден тәулігіне 70-90 пойыз өтеді деп күті­луде. Қауіпсіздік мәселесі ескеріліп қазір бекетте аспалы көпір салынып жатыр.

Теміржол қатынасы болғандықтан индустриалды аймақты да осында орна­лас­тырып жатырмыз. Облыс әкімі Аман­д­ық Ғаббасұлы Баталов баса мән беріп отырған бұл аймақты дамыту мақсаты­мен 693 гектар жер бөлініп, 18,6 млн. теңгеге бас жоспар, 79,0  млн. теңгеге техни­калық-экономикалық не­гіз­деме жаса­лынды. Бірінші кезеңде 100 гектар аймақ­ты игеріп, қажетті инфра­құрылым­мен қамтамасыз ету жоспар­лануда.

Тағы бір жарқын жаңалық – Үмбет­әлі ауылында аэроғарыштық клуб ашыл­ды. Ғарышкер жерлесіміз Талғат Мұса­баев­тың кіндік қаны тамған ауылда мұндай клубтың ашылғандығының сим­во­лика­лық мәні бар дер едім. Мұн­дай жарқын жаңалықтар қатарын толық­тыра беруге болады.

– Аудан аумағында жаңадан бірқатар өндіріс орындары, ша­ғын және орта бизнес нысандары ашы­лып, тұрғындарды жұмыспен қам­ту жайы жақсарып жатыр деп ес­тідік.

 – Бұл жағын мақтанышпен айтуға болады. Ұлт жоспары – 100 нақты қадам­ның 60 және 61-ші қадамдарында сүт пен сүт өнімдері, ет өндірісі мен өңдеуді дамыту үшін стратегиялық инвес­тор­ларды тарту міндеттелді емес пе? Соған орай атқарылып жатқан жұмыс­тар да ауқымды. Сол қатарда «EmpireFood» («Империя Фуд») ЖШС-нің мал борда­қылау кешенін айтуға болады. Иран азаматы Джавидан Арман Джавадтың иелігіндегі бұл серіктестікте қазіргі уақытта 3164 бас мал борда­қылануда. Болашақта бордақыланатын мал басын 10 мың басқа жеткізу көз­деліп отыр. Серік­тестік 2015 жылдан 2016 жылға дейінгі аралықта 1000 тоннаға жуық, биылғы жыл басынан бері 103,73 тонна ет өткізді.

Аталған шаруашылық қазіргі кезде ет өңдеу зауытының құрылысын жүр­гізуде. Жобалық қуаты жылына 8000 тонна болатын зауыт құрылысы биыл қазан айында аяқталады. Ауданға әлде­неше миллиардтаған инвестиция тартып отыр­ған бұл шаруашылық Елбасымыз Нұр­сұлтан Назарбаевтың ет экспорттау жө­нін­дегі тапсырмасының ойдағыдай орын­далуына қомақты үлесін қоспақ. Бұйырт­са, жыл аяғында алғашқы тонна етті экспорттайын деп отырмыз. Бұл жөнінде Иран, Кувейт, Бахрейн мем­лекеттерімен келісіміміз бар. Аталған жұ­мыс­тар Үң­гіртас, Үлгілі ауылдық округ­терінің аумағында атқарылуда.

Етпен бірге сүт өндіру, оны өңдеу саласын өркендетуге ден қойдық. Талғат Естібеков деген азамат Қарақыстақ ауыл­дық округінің аума­ғында осы мақ­сат­пен құны 1 млрд. 780 млн. теңгелік, 600 басқа арналған тауар­лы сүт фермасын салды. Шаруа­шылық бұған дейін Украи­на­дан 300 бас асыл тұқымды сауын сиыр сатып алса, алдағы қазан айында аталған мем­лекет­тен тағы 300 бас сиыр алмақшы. Шаруа­шылық толық қуатына шыққанда жылына 6,0 мың тонна сүт өндіретін болады. Осыған байланысты қожалық алдағы уақытта жылына 5 мың тонна сүт өңдей алатын зауыт салуды көздеп отыр.

Құс шаруашылығын дамыту бойынша «MAX INVEST» ЖШС ауқымды жұмыс атқаруда. Аюб Хайдарұлы Мешиев бас­қара­тын аталған серіктестік Үңгіртас ауылында жалпы құны 9 млрд. 200 млн. теңге болатын, жобалық қуаттылығы жы­лына 8200 тоннаны құрайтын құс етін өңдеу зауытының құрылысын бастады. Кәсіпорын толық қуатына енгенде 300 адамды жұмыспен қамтитын болады.

Ендігі бір үлкен шаруашылық ретінде Шолаққарғалы ауылдық округіне қарасты Қасымбек ауылында орналасқан «Сұңқар Алматы құс фабрикасы» ЖШС-ін атар едім. Жобалық құны 1 млрд. 257 млн. теңгелік бұл серіктестік былтыр 42 млн. 400 мың дана жұмыртқа өндірсе, биылғы жылдың 7 айында ғана 42 млн. 53 мың 200 дана жұмыртқаны сатуға шығарды.

«Бәрін айт та бірін айт» дегендей, жобалық құны 483 млн. теңгені құрайтын, жылына 12 мың дана фанера шығара алатын «Сянши-Ко» ЖШС өндіріс цехы­ның жұмысы туралы да айтпай кетуге болмайды. 50 адамды жұмыспен қамтитын бұл цех Ұзынағаш ауылында іске қосылды.

Бұлардан басқа, ауданда «PLAS INVEST PRODUCTION» ЖШС-нің поли­этилен өнімдері зауыты,  «Тексан Казах­стан Инвест» ЖШС-нің электр шамдарын шығаратын зауыты, «Компания Жеңіс-2006» ЖШС-нің балық зауыты, «Шығыс кен басқармасы» ЖШС-нің барит өндірісі секілді ірі өнеркәсіп орындары жұмыс істейді.

 «Шығыс кен басқармасы» дегеннен шығады, аталған серіктестік Таңбалытас ауылындағы «Алматыцемент» өндіріс орнын қалпына келтіріп, іске қосу жұмыс­тарын жүргізуде. Осы мақсатпен кәсіп­орынның банк алдындағы 3 млрд. теңгелік қарызы өтелді. Алдағы уақытта ескі зауыт­тың орнына энергияны аз тұтынатын, тәулігіне 2500 тонна өнім шығарып, 400 адамды жұмыспен қамти алатын жаңа зауыт салынбақ.

– Осы жерде өңірімізде тұңғыш рет өсіріле бастаған жаңғақ бағы жайында да әңгімелей кетсеңіз. Жеті­су өңіріне жерсініп кетсе, жаңғақтың да пайда­сы аз болмайтын шығар?

– Грек жаңғағы жерсініп, болашақта мол өнім береді деп үміттеніп отырмыз. Оған негіз де жоқ емес. Бұл жұмыстармен айналысып жатқан «Green farm» шаруа қожалығы жаңғақты өсіру ерекшеліктерін, табиғат, климат, топырақ құрамы жағдай­ларының қаншалықты сай келетіндігін екі жыл бойы зерттеді. Түркия мен Голлан­диядан келген мамандар да осы өңір қолайлы деген тұжырымға тоқтады. Осы­лай­ша биыл Дегерес ауылдық округінің аумағындағы 200 гектар алқапқа жаңғақ­тың «Чандлер», «Франкет» сорттарының 40 мың көшеті отырғызылды. 2018-2019 жылдары 600 гектарға тағы 180 мың түбі отырғызылмақ. Алқапта тамшылатып суару технологиясы қолданылатын бола­ды.

Үмітіміз ақталып жатса, пайдасының аз болмайтыны қазірдің өзінде белгілі болып отыр. Олай дейтініміз, жаңғақтың бір ғана түбі алғашқы 4-5 жылдан кейін 5 киледен, содан кейінгі жылдары 180 килеге дейін өнім береді екен. Арнайы өңдеуден өткіз­геннен кейін дәні ғана емес, майы мен қабығы да пайдаға асады. Бұған қазірдің өзінде Ресей мен Түркия, Еуропа мемлекет­тері қызығушылық танытып отыр. Мұның өзі тағы бір өніміміз бола­шақта жоғарыда аталған елдерге экспорт­талады дегенді білдіреді.

Жаңғақ жайын қозғағаннан кейін дәс­түр­лі алма, соның ішінде апорт алма­сын өсіру жайын айтпай тұра алмайсың ғой. «Сейдалиева Р.» шаруа қожалығы биыл Шолаққарғалы ауылдық округі аума­ғын­дағы 45 гектар алма бағынан алғашқы өнімін алды. Оны сақтау үшін өз қаражаты есебінен жалпы құны 65 мил­лион теңгелік, сыйымдылығы 1,0 мың тонналық жеміс сақтау қоймасын салды.

– Мұның бәрі жаңа өндіріс қана емес, жаңадан ашылған жұмыс орын­­­­дары да емес пе? Жаңағы өнді­ріс орындарының әрқайсына ең аз дегенде 30-дан 70-80 адамға дейін, бірқатарына 200-300 адамға дейін жұмысшы қажет. Олардың бәрін қайдан алмақсыздар? Аталған шар­уа­лар толықтай іске асса, жаст­ар жұмыс іздеп Алматыға жол шекпей, керісінше, ауылға қарай ағылатын сияқты ғой.

– Өзіміз де солай болатын шығар деп отырмыз. Қазіргі кезде Алматы қаласы мен аудан арасындағы арақашықтық, шартты түрде алғанда, 29 шақырымды ғана құрай­ды. «Алтын орда» базары маңындағы жол кеңейіп, кептеліс жойыл­ғаннан кейін ондай жағдайдың да орын алуы әбден мүмкін ғой. Жақын жердегі, оның үстіне жалақы­сы да айтарлықтай жоғары кәсіпорындарға неге бармасқа?

Әйтсе де жағдайдан әзірше өз мүмкін­дігімізбен шығайық деп отырмыз. Өйт­кені, ең алдымен, ауыл жастарын жұмыс­пен қамтуымыз керек. Сол мақсатпен жаңа­ғыдай кәсіпорындарды бірнеше ауыл­дық округтің аясына ғана шоғыр­лан­дырмай, аудан аумағына біркелкі орна­ластыруға күш салдық.

Бұл мәселе аудан әкімдігінің ғана емес, аудандық қоғамдық кеңестің де назарынан түскен емес. Мектеп немесе медпункт, клуб сияқты жаңа әлеуметтік нысан неме­се жаңа өндіріс орындарын салу мүмкін­дігі туын­даған кезде әрбір ауылдық округ­тің ғана емес, әрбір елді мекеннің де қажеттіліктері мен мүмкіндіктері мұқият ескеріледі.

Жоғарыда аталған «Green farm» шаруа қожалығы қазірдің өзінде 80 орындық жатақхана құрылысын аяқтады. Жұмысшы тарту мәселесін шешудің бұл да бір жолы ғой.

Жасыратыны жоқ, бүгінде ауыл­шаруа­шы­лығының өзінде маман жұмыс­шы­лардың, техника жүргізушілерінің жетіс­пеушілігі байқалады. Соған орай жаңа­ғыдай ірі кәсіпорындар Ұзынағаш ауылын­дағы ауылшаруашылығы колледжімен шартқа отырып, өздеріне қажетті маман­дарға тапсырыс бере бастады. Өз кезегінде ауылдық округтер әкімдері де арнайы тапсырма бойынша оқуға түспеген жасөс­пірімдерді анықтап, ауылға қандай маман­дық иелері керектігін тізбелеп, жұмыссыз жастардың арасында үгіт-насихат, түсін­діру жұмыстарын жүргізуде.

Мамандық алу тегін, колледж жатын орнымен қамтамасыз етіп, 15900 теңге көлемінде шәкіртақы төлейді, бір мезгіл тегін түстік ас береді. Кәсіпорын бас­шылары: «егер олар бізге келіп жұмыс істейтін болса, стипендиясына қосымша 35 мың теңге төлер едік» деп отыр. Ондай пайдалы шаруаға неге бармасқа, ондай кәсіпорында жұмыс істеуге неге қалмасқа? Келісімшартпен 2-5 жылға дейін жұмыс істеген жастар әдетте сол шаруашылықта орнығып қалып жатады.

Қазір жол құрылысы саласында бульдо­зерші, экскаваторшы, грейдерші, жол таптайтын каток секілді арнайы техни­калардың жүргізушілері жетіспейді. Жаз кезінде кейбір шаруашылықтар ком­байн­шы, тракторшы, құрылысшы, электрик таппай жатады.

Шаруашылықтарды аралау барысында комбайншымен бір айға 500 мың теңгеге келісімшарт жасалғандығын көріп таңғал­дым. Әрине, олар осы уақыт аралығында таңның атысынан кештің батысына дейін жұмыс істейді, осы аралықта белгілі бір жұмыс көлемін орындауға міндетті. Әйтсе де жаңағыдай жалақы үшін аянбай тер төгуге де болады емес пе?

Бүгінде колледжде аспаз, шаштараз, автоэлектрик, желімдеуші, автокөлік жөн­деуші сияқты мамандықтар оқыты­лады. Осы қыркүйек айында жұмыс беру­ші­лермен арнайы кездесу өткізіп, тағы қандай мамандықтар қажет екендігін анықтап алмақшымыз. Бір сөзбен айтқанда жұмыс беруші – оқушы – колледж арасын­да жанды байланыс орнайтын болады.

– Осы жерде инвесторлармен жұмыс жайын айтып өтсеңіз. Олар­дың талап-тілектерін орындап, қа­лып­ты жұмыс істеулеріне жағдай жасау да оңай шаруа емес шығар?

– Олар соншалықты орындалмай­тын­дай жоғары талап қойып отырған жоқ. Қажетті инфрақұрылым, су, электр қуаты, газ болса, өндіріс орнын, бордақылау алаңын салатын, бақ өсіріп, жемшөп дайын­­дайтын жер болса дейді. Ондай өтініштерді мүм­кіндігінше шешіп, инфра­құрылым жағы­нан көмектесіп жатырмыз.

Әрине, қазіргі кезде ауыл маңында бос жатқан жер жоқ. Содан кейін де жер иелерімен тиісінше түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, екі жаққа да тиімді ортақ шешім табуға күш саламыз. Нәтижесінде ауыл­шаруашылық құрылымдарымен келісе отырып суармалы жерді, шабындық пен жайылымдық жерлерді пайдалануға беру­деміз.

Екі жаққа да тиімді деген сөзімнің де мәнісі бар. Жергілікті азаматтар бүгінде кәсіпкерлерге шапқан шөбі мен жемдік дәнін нарықтық бағамен өткізіп, табыс та тауып жүр. Бордақылау алаңдарына мал өткізу жөнінде де осыны айтуға болады. Мәселен, жаңа айтып өткен «EmpireFood» («Империя Фуд») ЖШС бордақылайтын малды өзіміздің облыс аумағынан нарық­тық бағамен қабылдауда. Әрине, оның да өзіндік талаптары  бар. Біріншіден, өткі­зілетін мал тез өсіп-жетілетіндей, яғни 1-2 жас аралығындағы тана-торпақ болуы керек, содан кейін ветеринарлық құжат­тары толық болуы керек. Ондай мал қабыл­данғаннан кейін де 1 ай карантинде тұрады.

Серіктестік келесі жылы тоқтыларды да қабылдай бастамақ. Бірқатар азаматтар қазірдің өзінде 1000 басқа дейін тоқты өткізсек, төлемі қандай болады дегендей келіссөздер жүргізуде. Мұның өзі жергі­лікті тұрғындарға үлкен қолдау емес пе?

– Аудан аумағында бірнеше борда­қылау алаңының, ет, сүт өңдеу ке­шен­дерінің салынғандығына қара­ғанда малдың саны да аз емес секілді ғой.

– Бұл жағынан мақтанатындай жағ­дайы­мыз бар. Мал шаруашылығына көрсе­тілген мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде төрт түлік саны жыл санап өсіп келеді. Нәтижесінде облыс бойынша алғанда қой-ешкі өсіруден бірінші, түйе мен жылқы, ірі қара өсіруден екінші, құс саны бойынша төртінші орынды иеленіп отырмыз. Өз кезегінде «Алтын асық», «Сыбаға», «Құ­лан» бағдарламалары да ойдағыдай орын­далуда.

Сөз орайы келгенде «Ырыс» бағдар­ламасының кезінде пилоттық жоба ретінде Жамбыл жерінде басталғанын да айта кеткен жөн шығар. Бүгінде аталған бағдар­ламамен 3 шаруа қожалығы жұмыс істейді, оларда 800 бас асыл тұқымды сиыр бар.

Ұзынағаш, Қарғалы, Қарақыстақ, Қа­ра­су, Самсы ауылдық округтерінде 1140 бас сиырға арналған 5 сүт-тауарлы ферма­лары ашылып, ондағы 800 бас сиырдан 125 тонна сүт өндірілді.

Мұның бәрі аудан шаруашылық­тары­ның Алматы агломерациясының құра­мында қаланың азық-түлік белдеуін құруға белсене қатысатынын көрсетеді. Өткен жылы Алматы қаласының Әуезов ауда­нын­дағы ауылшаруашылық жәрмең­ке­лерінде ғана 84,8 тонна азық-түліктің саудалан­ғанын, жалпы көлемі 6,1 гектарды құрай­тын 4 жылыжайдан жыл бойына 1131 тонна өнім алынғандығын айтсақ, атқары­лып жатқан жұмыс көлемін көзге айқын елестетуге болады.

Егін орағы бойынша мәліметтерге қысқаша тоқталатын болсақ, күздік бидай мен жаздық арпаның орташа түсімділігі гектарына 20 центнерден айналып, береке­мізді арттыра түсті.

Ауылшаруашылық кооперативтерін құру бойынша Талап, Үлгілі, Шиен, Сам­сы, Ұзынағаш, Мәтібұлақ, Ақсеңгір ауыл­дық округтерінде 9 кооператив құрылып, оларға 222 жеке тұлға біріктірілді. 

Шағын кәсіпкерлік саласында 8494 нысан жұмыс істеп, олардан түскен түсім аудандық бюджеттің 42 пайызын, жергі­лікті бюджеттің 57,6 пайызын құрады.

Ауданда ауызсу мәселесі шешімін табуда, облыс әкімдігі айрықша мән беріп отырған су желілерін кезең-кезеңімен қалпына келтіру мәселесі бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылуда.

– Аудан орталығы, басқа да елді мекендер жыл өткен сайын көркейіп келеді. Бұл орайда өзіңіз ауданның болашағын қалай елестетесіз? Алма­тыдай үлкен мегаполистің маңын­дағы аудан қандай болуы керек?

Қазіргі кезде Ұзынағаш ауылының ішін, соның ішінде базар маңын ретке келтіріп жатырмыз. Әйтсе де басты назар­ды Ұзынағаш пен Жамбыл ауылдарының кіреберісіне ауда­рып отырмыз. Өйткені, театрдың киіміл­гіштен басталатыны секіл­ді, аудан, ауыл туралы түсінік те кіре­берістің көріні­сінен басталады емес пе? Осы мақсатпен облыс әкімінің көмегімен қаражат бөлініп, «Ур­бос­­тиль» ЖШС екі ауылдың да кіребе­рісіне нақты жайғастыру жобасын жасады. Аталған жоба бойынша Ұзынағаш ауылы­ның кіреберісіндегі 200 гектар, Жамбыл ауылына кіреберістегі 150 гектар жерге тұрғын үйлер мен әлеуметтік-мәдени, ойын-сауық нысандары, демалыс, оңалту орындары салынбақ. Нақтырақ айтатын болсақ, аудан орталығына кіре­берісте сахнасымен үлкен саябақ бой көтеріп, онда ашық аспан астында әртүрлі фести­вальдер, концерттік бағдарламалар өткізі­летін болады. Жабық бассейн, вело­сипед жолы, теннис корты, балаларға арналған әткен­шектер, тамақтандыру орындары да осын­да орналасады. Жол бойындағы мешіт қазірдің өзінде бірден көзге түседі.

Көңіліме ең бір қонатыны – мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығы да осы жерден қоныс теппек. Басқа балалар­мен қатар олар да осы жерде  демалып, ойнауға, салт атпен қыдырыстауға мүм­кіндік алады.

Салынатын тұрғын үйлердің бірінші қабатына тұрғындарға қызмет көрсететін пошта, шаштараз, дүкен тәрізді шағын коммерциялық нысандар орналасады. «Болмасаң да ұқсап бақ» дегендей, жоба­ны жасаған кезде біз Қазақстан Рес­пуб­ликасының Тұңғыш Президенті саябағын үлгі ретінде алдық. Жамбыл ауылына кіреберісте де осындай саябақ, балалар мекемелері салынады. Осылайша қонақтар ең көп келетін екі ауылдың да кіреберісі болашақта көз тартып, жайнап тұратын болады.

– Ендігі жерде Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты бағдарламалық мақала­сына орай атқарылып жатқан жұ­мыс­тар жайына келсек.

– Бұл орайда да ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Рас, туған ауылына көмектесіп, түрлі нысандар салып беріп жатқан, басқалай да көмек көрсетіп жүр­ген азаматтар бұрын да болатын. Қазіргі кезде ондай азаматтар қатарының одан да көбейе түскендігін атап айтуға тиіспін. Оларға барынша қолдау білдіріп, ынталандырып отыру – біздің міндетіміз.

Ауданымызда Қазақстанның киелі, тарихи жерлерінің қатарына кіріп отырған жерлер бар. Сондай орындардың бірі – ЮНЕСКО-ның назарындағы Таңбалы тасқа дейін жаңадан асфальт жол салы­нып, жан-жақтан келушілердің, соның ішінде туристердің барып-қайтуына қо­лай­лы жағдай жасалды.

Сөз орайы келгенде «Қазақстандағы 100 жаңа есім» қатарына енгізуге лайық­ты азаматтардың аты-жөндерін атай кеткім келеді. Солардың қатарына отан­дас­тарымызға бұрындары Олимпиада чем­пионы ретінде белгілі болса да кәсіп­кер ретінде онша таныла қоймаған облыс­тық мәслихат депутаттары Жақсылық Үшкем­піров пен Талғат Естібековті, аудандық мәслихат депутаты Орынбасар Тортаевты қосар едім. Аталған азамат­тарды көпшілік халық қалаулылары етіп бекер сайламаған екен. Ал өңірлік дең­гейдегі 100 жаңа есім қатарына лайық­тылар тіптен көп.  

 Ауданымызда өңір тарихынан хабар беретін, жыр сүлейлерінің өмірі мен шығармашылығы жайлы баяндайтын мұражайлар да баршылық. Ондай орын­дардың жұмысын талапқа сай ұйымдас­тыру, жандандыру бүгінгі күн талабы болып табылады.

– Ақындар мен батырлар ауда­ны дегенде ойымызға бірден Сүйін­бай мен Жамбыл бабаларымыз, есімдері бүкіл елге белгілі басқа да ақын-жазушылар мен өнер қайрат­керлері, ғалымдар оралады. Бұл жерде айта­йын дегенім, нарық заманының қиыншылықтарына байланысты кейінгі кезде жас тол­қын ақын-жазушылар қатары аза­йып қалған жоқ па? Сондай жас­тардың талант­тарын ұштау үшін ауданда қандай жұмыстар атқа­рылып жатыр?

– Жас талап ақын-жазушылардың қатары азайып қалған жоқ, соларды жет­кілікті дәрежеде насихаттап, көпші­лікке таныта алмай жүрміз-ау деймін. Жайшы­лықта бұрыннан білетіндерімізді ғана көтереміз. Мұндай олқылықтар орын алмас үшін аудандық жастар ресурстық орталығына кейінгі кездері талантымен танылып жүрген жастарды іріктеу туралы тапсырма берілген болатын. Сондай та­лант­ты жастардың арасында айтыс пен мүшәйра, басқа да шығармашылық бай­қау­лар жиі ұйымдастырылып тұрса, жаңа­ғыдай жаңа есімдердің қатары толы­ға түсер еді деп ойлаймын.

Дарынды жастардың талантын ұштау­мен Ұзынағаш пен Жамбыл ауылдарын­дағы өнер мектептері айналысады.

Мектеп демекші, ауданда «Мектепке жол» акциясы да табысты өткізілді. Жаңа­дан төрт мектеп салынып, үш ауысымды мектептер проблемасы шешімін табуға таяды. Мемлекет-жекеменшік әріптестігі негізінде жыл басынан 5 балабақша ашы­лып, балаларды мектепке дейінгі меке­мелермен қамту деңгейі 95,3 пайызды құрады. 

– Жауапкершілігі мол қарбалас жұмыстардан қолыңыз қалт еткен­де өзіңіз қандай іспен шұғылдануды қалайсыз?

Дала баласы болғандықтан серуен­дегенді, онда да атпен жүріп қайтқанды ұнатамын. Тау жақын ғой бізде. Қауырт жұмыстардан қолым қалт еткен шақта Қызылауызда тұратын Серікхан сынып­тасыма тартып кетемін. Атпен серуен­деуге де, қыстыкүні шаңғы теуіп, шана­мен сырғанауға да қолайлы жер. Кейде бала­ларға «Тоспаға кеттік» деп қаламын. Екі-үш сағат демалсаң тәнің тынығып, ойың да сергіп қалады ғой. Жол түспей кеткен кездерде балаларым: «Папа, бұл жолы бара алмадық қой, қашан барамыз?» – деп еске салып қояды. Қызметте болған­нан кейін табиғаттың тамылжыған кезең­деріне демалысың сәйкес келе бермейді.

– Отбасыңыз жайында да бірер сөз айтып өтсеңіз. Шаршап келген­де шабыттандыратын, қажың­қы­рап қалғанда қайраттандырып та жібе­ретін осы отбасы емес пе?

– Өзім үлкен отбасында өстім. Әкеміз әйгілі 100-ші атқыштар бригадасының құрамында Ұлы Отан соғысына қатысып, Халық қаһарманы Бауыржан Момыш­ұлымен, Кеңестер одағының батыры Мәншүк Мәметовамен, белгілі жазушы Әзілхан Нұршайықовпен қарулас болды. Соғыстан кейінгі жылдары ұжымшарда басшылық қызметтер атқарып, білімді жастар өсіп-жетілгеннен кейін өз қалауы­мен шопандық кәсіпке ауысты. Бір жетіс­тігіміз – қарапайым тірлік кешкен әке-шешемнің арқасында отбасындағы сегізі­міз де жоғары білім алып, өмірден өз орын­дарымызды таптық. Ешкімнің ала жібін аттамауды өсиет етіп отыратын әкеміз: «Оқымасаңдар менің ақ таяғымды алып қой бағып кетесіңдер» – деп отыра­тын.

Зайыбым Құралайдың мамандығы экономист, салық комитетінде қызмет істеп, былтыр зейнет демалысына шықты. Екі қыз, бір ұлымыз бар, үшеуі де жоғары білімді. Үлкен қызым Жанна 23 жасында ғылым кандидаты атанды, ҚазҰУ-де оқытушы. Одан кейінгі қызым Ардақ тұтынушылардың құқығын қорғау меке­месінде бас маман. Ұлым Дінмұхамед Астана қаласында, министрлікте бас сарапшы қызметін атқарады. 1992 жылы дүниеге келген ұлымның есімін әкем қойып еді, кейін Димаш деп кеттік. Үйлен­ген, бір баласы бар. Солар үлкен азамат болып, халқына адал қызмет етсе деп армандаймын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген

Нүсіпбай Әбдірахым,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.