АЛТЫ МЫҢ ҚОЙЫ БАР АЗАМАТ ЖЕКЕ КӘСІБІНІҢ ҚҰПИЯСЫМЕН БӨЛІСТІ

Уақыты: 25.11.2021
Оқылды: 1410
Бөлім: ЭКОНОМИКА

«Мұрынбай» шаруа қожалығы 2009 жылы құрылған. Қожалық иесі Серік Нұрымбаев мал тұқымын асылдандыру мақсатында 2013 жылдан бастап Мыңбаев ауылындағы Қазақ қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарымен бірігіп жұмыс істеді.

Нәтижесінде асыл тұқымды шаруа қожалығы мәртебесін алды. Бүгінде қожалық қазақтың биязы жүнді қойын өсіреді. Оған мемлекет тарапынан қолдау көрсетілді. Қойды асылдандыру жұмыстары үшін әрбір саулыққа демеуқаржы төленеді.

Етті және жүнді бағыттағы қой өсіру бүгінгі заман талабы. Ұлттық бренд саналатын қазақтың Еділбай қойының өзге тұқымнан ерекшелігі ауа райына бейімделгіш, суыққа төзімді. Тағы бір артықшылығы – нарықта өтімді. Қозылары тез жетіледі, небары төрт айлық қозысының өзі 45 келіге дейін салмақ тартады.

Осы тұқымды өсіріп отырған шаруашылықта қойдың жалпы саны қазір алты жарым мыңнан асады. Оның үш мыңы аналық бас болса, қалғаны тоқты-торым, қошқар сияқтылар. Етті және жүнді бағыттағы бұл ақ қойдың бітімі тығыршықтай. Етінің 80 пайызы қаракесек. Жер жатырқап, күй талғап жатпайды.

Қожалық басшысы Серік Жолдасұлының айтуынша, асыл тұқымды қой өсірудің пайдасы жай тұқымға қарағанда айтарлықтай. Бағасы да қымбаттау сатылады, мемлекет те демеуқаржы төлеуде қымбатырақ бағалайды. Айталық, басқа қойларға екі жарым мың теңге төленсе, Еділбай тұқымы әр басына төрт мың теңгеден субсидияланады.

Қожалық малы жазда Сарыжазық жайлауына шығарылса, қыста Үлгілі ауылы жақтағы Жартасты жерінде Үшқұдық қыстауында бағылады. Қожалық шаруаға қажетті техникамен қамтамасыз етілген. Қарамағында жүк көліктері, жаңа екі трактор, шөп шабатын, жинайтын, әртүрлі қалыпта буып-түйетін агрегаттар бар.

Негізгі бағыты мал өсіру болғанымен егін шаруашылығымен де айналысады. Мал азығы үшін жемшөпті өздері дайындайды. Осы мақсатта 22 гектар суармалы жері, 240 гектар егіндік, 6 мың гектардан астам жайылымы бар.

«Мал шаруашылығымен айналысқаныма жиырма жыл болып қалыпты. Кез келген салада адамға ең алдымен еңбектену қажет қой. Бүгінгідей әлетке жеткенім еңбек десек, бір жағынан өз ісімді жан-тәніммен жақсы көргендігімнен де шығар. Адам сүйікті ісімен шұғылданғаны жақсы ғой. Жұмысым өзіме ұнайды», - дейді кәсіпкер Серік Нұрымбаев.

Серік ӘШІМБЕКҰЛЫ

Жамбыл ауданы

Алматы облысы