Құрылыс сапалы аяқталады

Уақыты: 12.09.2017
Оқылды: 1020
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Облыс әкімінің міндетін атқарушы Лаззат Тұрлашов жұмыс сапарымен Еңбекшіқазақ ауданында болды. Ават ауылындағы орта мектепке жапсарлас салынып жатқан 300 орынды ғимараттың құрылысын аралап көрді. Осыдан екі-үш ай бұрын ғана Лаззат Махатұлы аталған нысанда болған еді. Бұл жерге қайта келуінің өзіндік себептері бар. Өйткені, Білім күні пайдалануға беріледі деген мектеп ғимаратының құрылысы біраз кешеуілдеп, оқушылар дер кезінде жаңа партаға отыра алмады. Алғашқы қоңырауды осында қарсы аламыз деген оқушылардың қуанышы су сепкендей басылғаны белгілі. Қазір мұндағы мыңнан астам бала амалсыздан үш ауысымда оқып жатқан жайы бар. 

Мектеп ішін мұқият аралап көрген басшы құрылыстың біраз шикі тұстарына назар аударды. Мердігерлік мекеме басшыларына бірқатар сын-ескертпелер айтты. Бұл жұмыстарға арналған қарқын мен сапаны күшейту керек екеніне тоқталды. Әсіресе, ауқымы кең мектептің фойесінде жылыту батареяларының секциялары белгілі мөлшерге сай есептелмеген. Егер ол осы қалыпта қалатын болса, қыс кезінде әуреге салатыны анық. Соның жай-жапсарын жан-жақты сараптады.
«Құрылысшы» мердігерлік компаниясы жасап жатқан мектеп құрылысының бүгінгі таңда 80 пайызы аяқталыпты. Мұнда 100-ден астам жұмысшы еңбек етуде. Олар осы айдың аяғына дейін барлығын ойдағыдай  бітіруге уәде берді.
Мектеп оқушылары мен ұстаздары таяу арада жаңа мектептің есігін қуана ашатындарына нық сенімді.

Болат МӘЖИТ,
Еңбекшіқазақ ауданы.