АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ШЫҒЫН КӨЛЕМІН ЕСЕПТЕЙТІН КОМИССИЯ ҚҰРЫЛДЫ

Уақыты: 10.01.2022
Оқылды: 974
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысының әкімі Қанат БОЗЫМБАЕВ Талдықорғанды аралап, қаланың ахуалымен танысты. Бүлінген нысандарды, соның ішінде, облыс әкімдігі ғимаратының қазіргі кейпін бағамдап, ретке келтіру жұмыстарына қатысты бірқатар тапсырма берді. Бұл туралы "Жетісу" газеті облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Аралау барысында Қанат Бозымбаев 10 қаңтардан бастап Алматы облысындағы барлық маңызды мекемелер қалыпты жұмыс кестесіне өтуі керектігін айтты. Сол сияқты қаланы тазалау және ғимараттарды қалпына келтіру жұмыстарын бастауды тапсырды.

Облыс әкімінің айтуынша, бірінші кезектегі қажетті нысандар қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр, қауіп сейілді. 9 қаңтарда коммуналдық базар мен 3 ірі сауда дүкені ашылды. Осындай нысандар бірте-бірте күнделікті жұмыстарына кіріспек. Сонымен қатар, Қанат Алдабергенұлының тапсырмасымен жанар-жағармай бекеттері 100% іске қосылуы тиіс. Осы жұмыстарды ұйымдастыру облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқовқа тапсырылды. Қала әкімдігінің көмір қажеттілігін қамтамасыз етуді бақылауға алуы да қатаң ескертілді.

– Бүгіннен бастап тәртіпсіздік салдарынан келтірілген шығынды есептеу комиссиясы құрылып, құрамы бекітілді. Олар тиісті ғимараттар мен мүліктерге қандай зиян келтірілгенін анықтап, сомасын шығарып, қалпына келтіру үшін қажетті құжаттарды он күн ішінде дайындайтын болады. Бірақ құжат дайын болғанша 10 қаңтардан құрылыс компанияларын тартып, қалпына келтіру жұмыстарын бастай беру керек, – деді Қанат Бозымбаев.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"