ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙҒА ҚАРАМАСТАН МЕМЛЕКЕТТІК ЖӘРДЕМАҚЫ УАҚЫТЫНДА БЕРІЛЕДІ

Уақыты: 13.01.2022
Оқылды: 1120
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті мемлекеттің 2022 жылға көзделген барлық әлеуметтік міндеттемелері белгіленген мерзімде толық көлемде орындалатынын хабарлайды.

Қазақстанда 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап жасына байланысты зейнетақы мөлшері 7%-ға, базалық зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 5%-ға ұлғайды. Біздің облыста бұл қуанышты жаңалықтың игілігін 680 мың адам көретін болады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 41%-ға, 42 500-ден 60 000 теңгеге дейін ұлғайтылды.

Ағымдағы жылғы 10 қаңтардағы жағдай бойынша зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың шоттарына 29,8 млрд.теңге аударылды. Осы жылғы қаңтарда зейнетақы мен жәрдемақы төлеуге көзделген барлық қаражат белгіленген тәртіпке және бекітілген кестеге сәйкес алушылардың шоттарына түседі.

Қайта куәландыру мерзімі басталатын мүгедектігі бар адамдарға бұрын белгіленген тобы бойынша мүгедектік Төтенше жағдай режимінің уақытына қарай ұзартылатын болады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"