Үш мәселе қаралды

Уақыты: 14.09.2017
Оқылды: 1295
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Облыстық әкімдіктің мәжіліс залында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВТЫҢ төрағалығымен онлайн режимінде селекторлық кеңес өтті. Жиында астық жинау жұмыстары, бұқаралық спортты дамыту, ҚР Салық кодексі аясында салық салуға енген өзгерістер кеңінен талқыланды.

Үкімет басшысы бірінші кезекте ауылшаруашылығы саласын дамыту жайында сөз қозғады. Атап айтсақ, астық жинау жұмыстарына баса мән беру керектігін айтып, егін орағы науқанында жанар-жағармай мәселесі бойынша шешілмеген шаруаларды сұрады. 
Жиында ҚР Ауылшаруашылығының бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов баяндама жасады. Ол: 
– Қазіргі уақытта барлық өңірде астық жинау жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Жалпы еліміздегі дәнді дақыл алқаптарының 76,7 пайызы жиналды. Жанар-жағармай  бойынша барлық жұмыс жоспарға сай жүргізілуде. Астық жинау өткен жылмен салыстырғанда 2,6 млн. гектарға немесе 16 пайызға артық. Ендігі мақсат– егін жинау жылын сәтті аяқтау, – деді. 
Екінші мәселе бойынша ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов: «Жаңа Салық кодексі аясында салық салу идеологиясы өзгерді. Ол экономиканың түрлі секторларын ынталандыруға, әкімшіліктендіруді жеңілдетуге, адал салық төлеушіні қорғауға бағытталған. Сонымен қатар, «жеңілдетілген декларация»» режимі аясында табыс мөлшері бойынша талап жеке және заңды тұлғалар үшін бірдей. Бұл МӘМС жарналарын енгізуге байланысты салық жүктемесін азайту үшін жасалады», – деді.     
Селектордың келесі бөлігінде елімізде бұқаралық спортты дамыту, халықты жаппай спортқа тарту мәселесі талқыланды. Бүгінде төл спортымыз төрден орын алып, қарыштап дамып келеді. Биыл бірінші рет көкпардан әлем чемпионаты өткізілді. Қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» әлемдік деңгейдегі жарыстардың біріне айналды. Осыған орай, апайтөс балуандарымыз бен жасөспірімдер қазақтың күрзі жұдырықты спортшысы Қанат Исламның қайсарлығына қызығып, күрес пен боксқа көптеп келуде. Сондай-ақ, спорттық нысандардың да бой көтеріп жатқандығы тілге тиек етілді. Селекторда ауылды жерлерге әлі де болса спорттық жабдықтардың жетпей жататыны сөз болды.
Жиын соңында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев: «Спортқа  ауылдың  қара домалақ балалары мен қаракөз қыздарын көптеп тарту керек. Бұқаралық спортқа баса назар аударып, ауыл мектептерін спорттық жабдықтармен толық қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізген жөн», – деп қорытындылады.

Айдар ҚАЛИЕВ.