МИНИСТРЛІК ӨКІЛІ ТАЛДЫҚОРҒАНҒА КЕЛІП, ҚИРАҒАН, ӨРТЕНГЕН ҒИМАРАТТАРДЫ КӨРДІ

Уақыты: 18.01.2022
Оқылды: 1161
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жаппай тәртіпсіздік кезінде отқа оранып, қираған ғимараттарды қайта жөндеу жұмыстары қарқынды басталды. Бүгінгі күні Талдықорған қаласында облыстық әкімдік, қалалық, облыстық полиция департаменттерінің ғимараттары және «Nur Otan» ғимаратында құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы тапсырмасымен қираған ғимараттардың қаншалықты деңгейде бүлінгенін анықтауға Талдықорған қаласына ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Тимур Қарағойшин келді.

Облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов Тимур Жиенбайұлын ғимараттардың жай-күйімен таныстырып өтті. Комиссия мүшелері, ең алдымен, облыстық әкімдік ғимаратын аралап көрді. Әкімдіктің бірінші қабатынан бесінші қабатқа дейін толықтай өртке оранған. Мұнда қазіргі уақытта тазалау жұмыстары жүріп жатыр.

Жарамсыз болып қалған құрылыс қалдықтары мен өртенген, қираған мүліктер шығарылып, құрылысшылар жұмысты қарқынды жүргізуде. Сонымен қатар, күйік шалған қабырғалар қырылып, қауіпті деген ақаулар анықталуда.

Ғимаратты толықтай аралап көрген комиссия төрағасы жөндеу жұмыстарымен айналысып жатқан құрылыс компаниясының басшыларымен де сөйлесіп, жұмыс барысында сапаға мән беру қажеттігін қадап айтты. Жеңіс Тұяқов ғимараттың қатты зардап шеккен тұстарын көрсетіп, оның күрделі жөндеуді талап ететінін жеткізді.

Комиссия мүшелері бұдан кейін қалалық полицияның ғимаратына бас сұқты. Мұнда да құрылысшылардың дамылсыз жұмыс істеп жатқанын көрдік. Қауіпсіздік шарасын қадағалайтын ұжым орналасқан бұл ғимараттың да қатты зардап шеккені көзге анық көрінеді.

Құрылыс комитетінің төрағасы Тимур Жиенбайұлы осы ретте сыртқы қоршаудан бастап барлығын стандартқа сай орналастыру қажеттігін атап айтты. Жеңіс Шылбынұлы бұл қашалардың антитеррорлық талап бойынша айрықша тәртіппен орнатылатындығын жеткізді. Ғимарат ішіндегі қатты зардап шеккен блоктарды көрсетіп, оның жұмысымен де таныстырып өтті.

Зардап шеккен келесі нысанның бірі - «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының кеңсесі. Бірінші қабаттан бастап үшінші қабатқа дейін қираған, үшінші қабат толықтай өртеніп кеткен.

Ғимарат ішіндегі жағдаймен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлнар Тойлыбаева таныстырды. Барлық бүлінген жерлерді көріп шыққан комиссия төрағасы Тимур Қарағойшин жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан құрылыс мекемесінің басшылығына қауіпсіздік шарасын сақтай отырып бірінші кезекте нақты атқарылатын жұмыстарды анықтауды тапсырды. Сонымен қатар, электр желілерінің ақаулықтарын жертөледен бастап тексеріп, олардан өрт шығып кетпеуін қатты қадағалау қажеттігін ескертті.

Барлық нысанды аралап көрген комиссия облыс басшылығы мен құрылыс қомпанияларының мамандарымен жеке құрамда бірлесе бас қосып, нақты шешімнің жиында анықталатынын айтты.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ

Алматы облысы