Жаңғақ көптеп өсіріледі

Уақыты: 14.09.2017
Оқылды: 1570
Бөлім: ЭКОНОМИКА

«Интеграция-Түрген» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егіс алқабында жаңғақ өсіруді дамыту бойынша семинар-кеңес өтті. Табиғат аясында ұйымдастырылған келелі жиынға облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров, «Интеграция» халықаралық қорының төрағасы Сергей Терещенко, «Besana» дүниежүзілік жаңғақ өсірушілер қауымдастығының төрағасы Джузеппе Калькани, сондай-ақ аграрлық саладағы танымал ғалымдар мен фермерлер қатысты.

Семинар-кеңесті аудан әкімі Бинәлі Ысқақ ашып, жүргізіп отырды. Естеріңізге сала кетсек, үстіміздегі жылдың көктемінде дәл осы шаруашылыққа қарасты 20 гектар алқапқа алғаш рет әлемге әйгілі элиталы жаңғақ көшеттері отырғызылған еді. Бұл – «Интеграция» халықаралық қоры мен «Besana» компаниясының бірлескен жобасы. Бүгінгі таңда көшеттер көктеп, тамырын тереңге жайып келеді.
Семинар-кеңестің кіріспесінде сөз сөйлеген  Серікжан Іслямұлы Жетісудың қойнауы құт мекен екенін тілге тиек етті. 
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «100 нақты қадамында» бәсекеге қабілетті өнім өндіру арқылы ғана мемлекетіміздің биік белестерге қол жеткізетінін атап көрсетті. Сондықтан шетелдерден инвестиция мен кәсіпкерлер тарту – бүгінгі күннің талабы. Олардың озық технологияларын меңгермей, аграрлық саланың алдыға баспайтыны белгілі. Міне, бүгінгі өзіміз куә болып отырған жаңғақ плантациялары осындай бірлескен жұмыстардың нәтижесі. Бұл көшеттер әлі-ақ Жетісудың киелі топырағына жерсініп, оның жемісін көретін уақыт та алыс емес, – деді облыс әкімінің орынбасары.
«Интеграция» халықаралық қоры ұйымдастырып жатқан жұмыстар көңіл қуантады. Олар бастаған «Бал – 2050», «Жидек – 2050» жобалары ойдағыдай жүзеге асып келеді. Енді, міне, олар жаңғақ өсіруді де мықтап қолға алып отыр.
–  Әлемде жаңғақ тектес жеміс ағаштарының өнімдеріне деген сұраныс өте жоғары. Әсіресе, Қытай, Үндістан, Араб елдері бұл жемістерді көп тұтынады. Олай болса, біз неге жаңғақ өсірмейміз деген ой келгені рас. Сөйтіп, итальяндық кәсіпкерлермен бірлесіп жобаны бастап кеттік. Әрине, жаңғақ бізге таңсық емес. Өйткені, бұл жеміс ағаштары біздің топырақта өскен және өсіп жатыр. Ал, біз әкелген әлемге танымал өндірістік сорттар қалай өседі? Мәселе сонда. Сондықтан, бұл алқапқа тәжірибе ретінде жаңғақ көшеттерінің 30-дан астам түрін отырғыздық. Қайсысының біздің климатқа лайық, екендігін уақыт көрсетеді. Жерсінгендерін одан әрі көбейтеміз. Болашақта еліміз жаңғақ өнімдерін экспортқа шығаратын мемлекеттердің қатарында болатынына кәміл сенемін, – дейді Сергей Терещенко.
Дүниежүзі бойынша 75 мемлекет жаңғақ өсірумен айналысады. Солардың қатарында Италия алдыңғы орындардан көрініп келеді. 
– Соңғы тоғыз ай ішінде Түрген ауылы менің туған ауылымдай болып кетті. Мұндағы адамдар өте кішіпейіл және қонақжай екен. Ең бастысы, таулы аймақтың табиғаты ерекше көз тартады.
Менің жаңғақ өсірумен айналысып келе жатқаныма жарты ғасырдай уақыт болды. Осы уақыт ішінде көптеген тәжірибе жинақтадым. «I.N.C» атты арнайы зерттеу орталығымыз бар. Онда 400-ден аса ғалым жұмыс істейді. Зерттеулер нәтижесі бойынша күніне 1 миллиард адам жаңғақ өнімдерін тұтынады. Бұл сан 2025 жылы 2 миллиардқа жетеді деп межелеп отырмыз. Сондықтан, жаңғақ өнімдерінің болашағы зор. Бұл жоба аграрлық салаға үлкен серпін береді деп ойлаймын, – дейді «Besana» дүниежүзілік жаңғақ өсірушілер қауымдастығының төрағасы Джузеппе Калькани. 
Сондай-ақ семинар-кеңесте Қазақ ұлттық аграрлық университеті ғылыми департаментінің директоры Марат Қалиасқаров және тағы басқа мамандар сөз сөйледі. 
Семинар-кеңестің екінші бөлімінде жиынға келгендер жаңғақ плантацияларын аралады. Мұндағы жұмыс барысымен «Интеграция-Түрген» ЖШС-ның директоры Мәншүк Жексембекова таныстырды. 20 гектар алқаптың 10 гектарына грек жаңғағы отырғызылса, қалған фундук көшеттері өсірілген. Мұнда тамшылатып суару әдісі қолға алынған. Алқапта арнайы метеостанция жұмыс істеп тұр. Ол жердің және ауа райының ылғалдылығын бақылап тұрады. Грек жаңғағы 5 жылдың ішінде, ал фундук 3 жылда жеміс беретін көрінеді. 
Жиналғандар өздеріне қатысты сұрақтарға тұшымды жауаптар алды. Бір сөзбен айтқанда, семинар-кеңеске келген фермерлер жаңғақ өсірудің қыр мен сырына қанықты.

Болат МӘЖИТ,

Еңбекшіқазақ ауданы.