Бірлесіп еңбектенуде

Уақыты: 14.09.2017
Оқылды: 1315
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Негізгі бағыты ауылшаруашылығы болғандықтан Райымбек ауданының халқы қыстың қамын жаз ойлап, малға қажетті жемшөпті ерте дайындайды. «Жаздың әр күні қыстың бір айына тең» екендігін есте ұстаған әрбір шаруақор жан төрт түлікке таулы өлкенің жұпар аңқыған шөбі мен сүрлемін, арпасы мен сұлысын жинап алады. 

 

Аудан орталығы Кеген ауылына іргелес орналасқан Бөлексаз ауылдық округінің азаматтары да қыстың ұзақ түндері мен боранды күндері үшін тәлімі егістікке арпа-бидайды егіп келеді. Тұрғылықты 1 мың 500 халқы, 210 үйі бар Бөлексаз ауылындағы 30 отбасы өздеріне тиесілі 160 гектар жерді бірлесе өңдеп, 40 гектардан арпа, 120 гектар жерден көпжылдық шабындық шөп шауып отыр.
Кешкі салқынмен арпа оруға кіріскен комбайнның жұмысын бақылаған ауылдық округ әкімі Жасұлан Өмірзақов ауыл азаматтарымен бірге биылғы өнімнің сапасына зер салып тұр екен. Тілшілер қауымын қуана қарсы алған диқандар ауызбірлік бар жерде табыс болатындығын растады.
– Елбасының тапсырмасына орай қолға алынып отырған шағын шаруа қожалықтарын ірілендіру бағдарламасына байланысты ауылымыздың азаматтары ұжымдасып, егістік жерлерді тиімді жолмен игеріп отыр. Өйткені өзара жақын орналасқан қожалықтар тұқым сеуіп, астық оруды ортақ техника жалдаумен жүзеге асырып келеді, – деген ауылдық округ әкімі Жасұлан Әбдірасылұлы биылғы өнім жайымен таныстырып өтті. – Былтыр әр гектарынан 35 центнерден өнім алғанбыз. Биылғы қуаңшылықтың әсерінен түсім әр гектарына шаққанда 22 центнерден айналып отыр. Одан бөлек, арпаның сабанын да қыстық азық ретінде дайындап жатырмыз. Себебі, биыл шабындық жылдағыдай емес, шөп аз болды. Сондықтан бәрін тиімді пайдалануға тырысудамыз. Мұнда 160 гектар болса, сәл арыда 10 отбасы 80 гектар жерді игеріп отыр. Өйткені ауылымыз негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Ауылдық округте 5 мың 200 қой, 1 мың 700 жылқы, 1 мың 850 ірі қара бар. Олардың бәрі де жекеменшіктің қолында. Одан бөлек, дәл ауылымыздың іргесінде 3 мың бас малға арналған бордақылау алаңы жұмыс істейді. Сырттан келген инвесторлардың көмегімен жұмыс істеп тұрған шаруашылық 2014 жылдан бері ауылымыздың 10 шақты азаматын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
Бірлесе еңбек еткен шаруалар астық себетін, оратын, жинайтын, бастыратын техниканы Еңбекшіқазақ ауданы, Бәйдібек би ауылынан арнайы келісім-шартпен жалдаған. Жыл сайын көктемгі егістік жұмыстарынан бастап, күзгі жиын-терінге дейін бір трактор мен комбайн иесі келіскен бағаға шаруалардың қолын ұзартып, қыстық жемшөп дайындауға септігін тигізеді.

Мәди АЛЖАНБАЙ.