ҮКІМЕТТІК КОМИССИЯ ОБЛЫСҚА КЕЛІП, БҮЛІНГЕН НЫСАНДАРДЫ ТЕКСЕРДІ

Уақыты: 21.01.2022
Оқылды: 1012
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман СКЛЯР бастаған Үкіметтік комиссия қалпына келтіру және тәртіпсіздіктер нәтижесінде келтірілген залалды өтеу жұмыстарының барысымен танысу мақсатында Алматы облысына келді. Бұл туралы Үкіметтің ресми сайты мәлімдеді.

Талдықорған қаласында комиссия Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаевпен бірге 2 мәдениет нысанын жөндеу жұмыстарының аяқталуын тексерді. Бүгіннде мемлекеттік органдардың 5 ғимаратын қалпына келтіру жұмысы басталып кеткен. Жұмысқа 400-ден астам адам және 14 бірлік техника тартылған.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының мәліметі бойынша, Алматы облысында 141 коммерциялық нысан зардап шеккен. 120-дан астам шағын және орта бизнес ұйымдары қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, өздерінің негізгі қызметіне кіріскен.

Алматы облысы бойынша келтірілген залалдың жалпы сомасы 16,1 млрд.теңгені құрайды. Роман Скляр өңірді қалпына келтіру және олардың тыныс-тіршілігін жақсарту бойынша қарқынды жұмысты жалғастыруды тапсырды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"