Құрылыс сапасына мән берілді

Уақыты: 14.09.2017
Оқылды: 1829
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Облыс әкімінің міндетін атқарушы Лаззат Тұрлашов Қарасай ауданында болды. Іссапар барысында аудан әкімінің орынбасары Нұржан Сатубеков және тиісті сала басшыларымен Көлащы, Исаев, Шалқар ауылдары мен Қаскелең қаласында салынып жатқан құрылыс нысандарын көріп қайтты.

Бұл елді мекендерде үш гектар алқапқа Ұлттық қордан бөлінген қаржы есебінен 600 орынды мектептер салынуда. Атап айтқанда, Жаңашамалған ауылдық округіне қарасты Көлащы ауылындағы білім шаңырағы «New Construction» ЖШС күшімен бой көтеруде. Құны бір жарым миллион теңгеден асатын бұл нысанды «Капремонт» ЖШС жобаласа, құрылыс сапасын «УКС» ЖШС қадағалауда. Мектеп құрылысы өткен жылдың 23 қыркүйегінде басталып, осы жылдың қазан айының соңында толық аяқталуы тиіс. Құрылыс алаңының саздауыт болуына байланысты көп уақыт пен күштің жер жұмыстарына жұмсалғанын айта кету керек. Құрылыс алаңына 43 мың текшеметр құм жеткізіліп, нысанның негізіне 21 мың текшеметр тас төселген. Қазір мұнда 200 жұмысшы, 46 түрлі техника шоғырланған. Инженерлік жүйенің 90 пайызы, мектеп маңайын абаттандыру жұмыстарының 60 пайызы атқарылған. 
Елтай ауылдық округіне қарасты Исаев елді мекеніндегі мектептің құрылысы да өткен жылдың қазан айында басталған болатын. Оқу жылының басында пайдалануға берілуі тиіс болғанымен бұл нысан да қазан айына шегеріліпті. Құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан «Saulet Group» компаниясының директоры Әнуар Аханов жерасты суларының тереңде, ал жердің тегіс екенін айтады. Жұмыстың кешіктірілуіне алты шақырым жолдың нашарлығы, турасын айтсақ, сол жолдың болмауы кедергі болған көрінеді. Білім шаңырағының құрылысы 73 пайызға  атқарылған. Мұнда қазір 178 адам екі ауысымда жұмыс істеуде. Қолда бар 15 техника мен адам күшін тиімді пайдаланса, белгіленген мерзімде аяқтауға мүмкіндік бар. Құрылыс алаңдарындағы жұмыспен танысқан Лаззат Махатұлы екі мектептің айналасын абаттандырып, төбелерін шатырлап, жылу жүйелерін жүргізу қажеттігін айтты. 
Келесі күні облыс әкімінің міндетін атқарушы Жандосов ауылдық округіне қарасты Шалқар ауылындағы мектеп пен Қаскелең қаласындағы спорттық-сауықтыру кешенінде болды. Мектеп құрылысы өткен жылдың 17 шілдесінде басталғанымен нысанды пайдалануға беру кешіктірілуде. Құны 1 млрд. 407 млн. теңгені құрайтын мектеп құрылысын «Concept business» ЖШС атқаруда. Аталмыш компания директоры Серік Давлетовтың айтуынша, жұмыстың 75 пайызы іске асқан. Бүгінде іші мен сыртын әрлеу, мектеп айналасын абаттандыру, жолдарға асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жерде жүзден аса адам жұмыс істеуде. Құрылысшылар қазан айының соңына дейін нысанды пайдалануға береміз деген сенімде. 
Облыстық құрылыс басқармасының тапсырмасы бойынша  салынып жатқан Қаскелең қаласындағы спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы өткен сәуір айында басталыпты. «Дәулет-Серпін 603» ЖШС қолға алған бұл нысан келер жылдың мамыр айында аяқталады деп күтілуде. Мұнда жабық шағын-футбол алаңы, күрес, бокс және жаттығу залдары мен жуынып,  массаж жасайтын бөлмелер қарастырылған. 180 адамға арналған көрермен трибуналары да бар. Бүгінде 38 адам еңбек етіп жатқан бұл нысанда алдағы кезде жұмыс көлемінің ұлғаюына байланысты құрылысшылар қатары  артпақ. Осы әлеуметтік нысандардағы жұмыспен жете танысқан Лаззат Махатұлы нақты тапсырмалар бере отырып, құрылыс қарқыны мен сапасына баса назар аудару қажеттігін ескертті.

Қуат Қайранбаев,

Қарасай ауданы.