АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ МЕН АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНДА ЖАРЫҚ СӨНДІ. РЕСМИ ТҮСІНІКТЕМЕ

Уақыты: 25.01.2022
Оқылды: 1315
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Энергетика министрлігі Қазақстанның бірнеше аймағында жарықтың болмауына қатысты түсініктеме берді.

«2022 жылғы 25 қаңтарда сағат 11:59-да (Нұр-Сұлтан уақыты бойынша) Орталық Азияның энергия жүйесіндегі елеулі авариялық теңгерімсіздікке байланысты «Қазақстанның Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік» 500 кВ электр энергиясының транзитіне қуат түсірілді. Нәтижесінде, Қазақстанның оңтүстік аймағы тұтынушыларының едәуір бөлігін ажырату арқылы «Қазақстанның Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік» транзитінің авариялық бөлінуі орын алды. Шектеулер көлемі 1500 мегаваттан асты», - делінген министрлік таратқан хабарламада.

Атап айтқанда, Алматы қаласы мен Алматы облысында – 1000 МВт, Жамбыл облысында – 300 МВт, Түркістан облысында – 500 МВт және Қызылорда облысында - 200 МВт болған.

- Жиіліктің отырып қалуы салдарынан (47 Гц-тен төмен) Өзбекстан, Қырғызстан энергия жүйелері толық өшірілді. Автоматика жұмысымен Жамбыл ГРЭС, Шымкент ЖЭО-3, Қызылорда ЖЭО-6 және Алматы облысының электр станцияларының толық өшірілуіне жол берілмеді. Аталған облыстардың тұтынушылары шамамен 500 МВт электрмен жабдықталды. Автоматиканың әрекетімен Алматы энергия торабы шамамен 700 МВт электр тұтынуды сақтай отырып, оқшауланған жұмысқа бөлінген, - деді министрлік өкілдері.

Хабарламада айтылғандай бүгін сағат 13:39-да ұлттық электр желісінің Алматы энергия торабы толық қалпына келтірілді. Яғни, Алматы және Алматы облысының өңірлік электр желілік компаниялары шектеулерді алып тастауды жүзеге асырды. Сондай-ақ, оңтүстік облыстарды (Түркістан, Қызылорда, Жамбыл) электрмен жабдықтауды қалпына келтіру жұмыстары әлі жалғасуда.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"