Газ құбыры төселуде

Уақыты: 18.09.2017
Оқылды: 1851
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Өткен жылдың соңына қарай «Алматы – Талдықорған» магистральді газ құбырын тарту жұмысы ресми аяқталып, облыс орталығын газдандыру жұмысы басталған болатын. Осыған орай, республикалық және жергілікті бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, қаланы төрт кезең бойынша көгілдір отынмен қамтамасыз ету  көзделген.

Десе де, жыл соңына таяған сайын тұрғындар арасында түрлі әңгіме шыға бастады. «Қаланы газдандыру жұмысы уақытында бітпейтін көрінеді» деген күдік-күмәнға толы пікірлерді де естіп қалып жүрміз. Сонымен қатар, газ құбыры тартылған аумақтың тұрғындары да әне-міне газ келіп қала ма деп қыстық дайындықтың қамына кіріспей қамсыз отыр. Олар: «Газ уәделі уақытында берілмесе қыста қысылып қаламыз ба?» – деп алаңдаулы. Жұрт күдігін сейілту үшін жұмыс алаңына барып, газ тарату кешендерін аралап көрдік. 
Жоба бойынша жоғары қысымды магистральдан бөлініп алынған  газ 22  қосу  нүктесі арқылы қаланың төрт бұрышындағы тұрғын үйлерге жеткізіледі. Бүгінде жоспар бойынша 7 газ қосу кешенінің жұмысы жүріп жатыр. Қазір қалааралық құбырдың 1, 2, 3-ші газ қосу кешенінің жұмысы аяқталып, газ жіберілді. Кеше ғана 530 дм. жоғары қысымды қалааралық жүйелік газ құбырының 1 және 7-ші жоғары қысымды газ қосу кешені Ескелді би және Жансүгіров көшесінің қиылысында қосылды.  
– Ұзындығы 170 шақырым газ құбырын жерастына төсеу жұмысы біздің компанияның еншісінде. Қазір оның дені төселіп, газ магистраліне қосылып, құбырға көгілдір отын жіберілді. Жұмыс жоспарланған уақыт шегінде орындалып жатыр. Алдағы қазан айына дейін үш газ қосу кешеніне құбыр тарту жұмысы аяқталып, тұрғын үйлерге газ тарту жұмысы басталады, – дейді газ құбырын төсеу жұмысына жауапты мердігер «Ақниет БН» ЖШС жоба жетекшісі Александр Петлин.
Айта кетерлігі, қаламыздағы газ құбырын төсеу жұмысымен үш ірі компания айналысады. Ал «Ақниет БН» ЖШС өзіне тиесілі бөліктегі газ құбырын төсеп болғаннан кейін  тұрғын үйлерге газ тарту жұмысын «КазТрансГаз аймақ» ЖШС атқарады. Аталған компания өкілдерінің айтуынша, олар қазірдің өзінде  құбыр тартылған көше бойларына газ бөлетін сандықшаларды орнатып, тұрғын үйлерге кіретін газ желісі құрылысын бастап кеткен. Тек газ тартуға ресми рұқсат алатын құжаттандыру жұмыстары бітпегені қолды байлап тұрған көрінеді. 
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы қазан айына дейін тұрғын үйлерге газ тарту жұмысын облыстық әкімдіктің балансынан «КазТрансГаз аймақ» ЖШС еншісіне беруге қатысты заңдық құжаттар толық аяқталатынын алға тартты. Демек, келесі айдан бастап, Ескелді, Абылайхан сияқты бірқатар көшенің тұрғындары көгілдір отынның қызығын көрмек.

Қ. АНДАС.