Жүгерішілер бас қосты

Уақыты: 18.09.2017
Оқылды: 1830
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жаркент өңірінің төл дақылы саналатын жүгері жинау науқанының  алдында ауданда «дала  аруын»  баптайтын   кәсіпкерлердің ғылыми-практикалық кеңесін  өткізу дәстүрге айналды. Өткен  жылы  да Қазақ  егіншілік ҒЗИ ғалымдары  жаркенттік жүгерішілермен ғылыми-тәжірибелік семинар-кеңес  өткізген болатын. 

Биыл науқан алдында «Қазақстанның оңтүстік шығысында өсірілетін жүгері дақылын зиянды жәндіктерден қорғау және сала өндірісінің инновациялық технологиясы» деген тақырыпта жүгерішілердің аймақтық кеңесі өткізілді. Семинар-кеңесте республикалық «Өсімдік қорғау және карантин ҒЗИ», «Қазақ жер өңдеу және өсімдік ҒЗИ», «Байсерке-агро» ЖШС, «Новосибир ғылыми зерттеу орталығы» және өсімдіктерді зиянды жәндіктерден қорғайтын дәрі-дәрмектер мен минаралды тыңайтқыштардың барлық түрін өндіретін шетелдік компаниялардың өкілдері облыс жүгерішілеріне «дала аруын» өсірудің жаңа жолдары мен тәсілдерін таныстырды. Саладағы проблемелер мен алда атқарылар мақсатты істер де талқыланып, тауарлы жүгері сорттарынан экологиялық таза өнімдер жинау жолдары талданды. 
Семинар-кеңес Жаркент өңіріндегі «Ернар» ЖШҚ базасында жүргізіліп, қожалық жетекшісі Тасқын Жапарқұл «дала аруын» өсіру мен оның элиталық тұқымдарын дайындау және жүгеріні орғанда бірден дәнді уатып, зауытқа жөнелтетін «Вектор» комбайындарының артықшылығын таныстырды. Биыл Жаркент өңірінде осындай жүгері дәнін бірден уатып, оратын Американың «Жонгер», Ресейдің «Вектор» маркалы 17 комбайны егін оруда. Осындай озық технологиялар, ғылыми негіздемелермен жарақтанған Жаркент өңірінің шаруалары қазір жүгері жинау науқанына қызу кірісті. «Дала аруын» баптаудан даңқы шыққан диқандар әр гектардан орта есеппен 62 центнерден өнім алса, аудан бойынша биыл 158 мың тоннадан астам жүгері дәні жиналатынын болжауда. Жаркенттік диқандар жалпы 25785 гектардан астам алқапқа жүгерінің түрлі сұрыпын өсірді. 
Қатардағы тауарлы жүгері сорттарымен бірге елдің солтүстік, шығыс аймақтарын жүгері тұқымымен қамтамасыз ететін өңірде «дала аруының» элиталық тұқымдық түрі де мол егілген болатын. Өңір жүгерішілері өсірген дақылдың ерте пісіп-жетілетін сұрыптарын қыркүйек айының алғашқы аптасында орып, жинауға кіріскен. Өңірде жүгері жинау науқаны техника күшімен атқарылуда. Биыл аудан бойынша жалпы 90 жүгері оратын комбайн, 654 трактор әзірленген. «Дала аруы» өнімін жинау жұмыстары жаппай басталған  ауылдық округтердің егістік алқаптарында жалпы 81 комбайн, 360-тан астам адам жұмыс істеуде. Басқа ауылшаруашылығы техникалары диқандардың сұранысына қарай науқандық жұмыстарға жегіліп, «дала кемелерінің» қатары егістіктерде күн санап көбеюде.
Аудан бойынша ауылшаруашылығы техникаларына жалпы 1558 тонна жанармай қажет болса, бүгінде соның мың тоннасы  жанармай құятын бекеттері бар 7 округте арнайы құтыларға құйылып, дайындалған. Жанармайдың 1136 тоннасы диқандарға жеңілдетілген бағада берілуде. Науқандық жұмысқа қажет жанармайға тағы тапсырыстар берілуде. 

Мырзағали Нұрсейіт.
Панфилов ауданы.