НАРЫНҚОЛ ӨҢІРІНДЕ СУАРМАЛЫ ЖЕР МӘСЕЛЕСІ КӨТЕРІЛДІ - ДЕПУТАТ САПАРЫ

Уақыты: 28.02.2022
Оқылды: 1255
Бөлім: ЭКОНОМИКА

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мақпал ТӘЖМАҒАМБЕТОВА Райымбек ауданына жұмыс сапарымен келді. Халық қалаулысы Қарасаз ауылындағы ақиық ақын М.Мақатаев музейінің мәжіліс залында Қарасаз, Шәлкөде, Тұзкөл ауылдары тұрғындарымен кездесті.

Жылы шырайлы жүздесу барысында Мақпал Мазаққызы елдегі ахуалға, соған орай Парламентте қолға алынып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталды. Жиналғандарды ауылдың жай-күйі, ауылшаруашылық жұмыстарындағы түйткілді мәселелер, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары, мәдениетке, өнер-білімге, тәлім-тәрбиеге қатысты мәселелер төңірегінде ой бөлісуге шақырды.

Алғашқылардың бірі болып сөз алған ардагер ұстаз Әділжан Нөкеев ауылдың жан-жадыратар жақсы істерін баяндады. Қарасаз бен Тұзкөл ауылдары арасындағы 18 шақырым жолдың жасалып жатқаны, Т.Мұсақұлов атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жұмысының жүргізілу барысы, оған бөлінген қаражат, ауылдың кіреберісіндегі «Мұқағали» саябағына жөндеу жұмыстарының жүргізілгендігі, ауыл тұрғындары құрған қордағы қаражат арқылы салынған аумағы 400 шаршы метрден асатын «Қарасаз» спорт кешені сынды басқа да игілікті істерді атап өтті.

Сөйлеуші сөзіне өзекті мәселелер де арқау болды. Соның бірі – суармалы жер мәселесінің жылдан-жылға күрделеніп келе жатқандығы. Бұл тығырықтан шығу үшін «Шәлкөде» каналын қайта қолға алып, іске қосу керек. Осы каналдың құрылысы жөнінде осыған дейін де аз айтылған жоқ. Бірақ жұмыс жүретін емес. Өзекті мәселені осы салада жүрген басшыларға жеткізіп, іске асуына себепкер болуын өтінді.

Аудандық мәслихаттың депутаты Бақыт Раева Қарасаз өнер мектебінің қазіргі жағдайынан хабардар етті. 1962 жылы салынған мектеп қазір апатты жағдайда тұр. Амалдың жоқтығынан мектеп ауылдағы екі қабатты аурухананың бірінші қабатына көшірілді. Бұл балаларға аса қолайлы емес. Өйткені, ауруханаға түрлі сырқаттар келеді. Қазіргі жағдайда тіптен қауіпті. Жаңа ғимарат салынады дегелі бірнеше жыл болды. Жері де бөлініп қойылған. Бірақ, жаңа мектептің хабары қазірше болмай тұр.

Осы мәселеге байланысты тиісті орындарға депутаттық сауал жолдап, мәселенің оңтайлы шешім табуына көмектессеңіз деген тілегін жеткізді. Нұрбақыт Мамытқанов Шәлкөде ауылындағы Мәдениет үйінің жайын әңгімесіне өзек жасаса, Құралбай Құсайынов кооперативке мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе деген тілегін жеткізді.

Мәжіліс депутаты Сарыжаз кәсіптік-техникалық колледжінің жағдайымен танысты. Сонымен қатар, Сарыжаз орта мектебінде жастармен кездесіп, ой-пікір, ұсыныстарына ден қойды. Спорт маманы Ерлік Маратов қысқы спорттық ойындардың, әсіресе, шаңғы жарысының облыстық деңгейде осы Сарыжазда өткізіліп келе жатқанын, дәстүрге айналғанын айта келіп, алдағы уақытта осы ауылдан шаңғы базасын ашу қажеттігін депутат назарына салды.

О.Жандосов орта мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Ардақ Асхат ағылшын тілін оқытудағы күрделі мәселелерге тоқталды. Аталған пәнге қатысты материалдық базаның жеткіліксіздігі, интерактивті тақтаның болмауы, әр оқушының өзіне тиесілі компьютердің жоқтығы оқытуға қиындық тудырып отырғанына алаңдаушылық білдірді. Мәрия Әлімсейітова ауылдан ет, сүт, тағы басқа мал өнімдерін сатып алатын арнайы сауда нүктесі, жүн-тері илейтін цехтар ашылса, жастардың кәсіппен айналысуына көмек болар еді деген ұсынысын айтты. Ауданнан жастар орталығын ашудың қажеттілігі де назардан тыс қалған жоқ.

Мақпал Мазаққызы Қайнар орта мектебінде болып, аудандағы білім саласы қызметкерлерінің талап-тілегі, өтініштерін тыңдады. Жас буынды еңбекке, қолөнерге баулу, белгілі бір кәсіпке бағыттау туралы мәселелер, ұлттық идеологияны баланың бойына көбірек сіңіру, сұранысқа ие мамандар дайындауға айрықша назар аудару, мектептердегі белгілі бір пәндерге қатысты материалдық базаны дамыту, басқа да мәселелер ұстаздар ұсынысының өзегі болды.

Мәжіліс депутаты бұдан кейінгі жұмысын аудан орталығында жалғастырды. «Nur Otan» партиясы Райымбек аудандық филиалының жұмыс кеңсесінде жекелеген азаматтарға қоғамдық қабылдау өткізді. Осы күнге жоспарланған партия филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңесінің кезекті отырысына қатысты.

Отырыстың күн тәртібіндегі «Нарынқол» бастауыш партия ұйымының «2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасын» орындау және «Нарынқол ауылдық округі әкімдігінің 2021 жылғы атқарған жұмыстары мен алда тұрған міндеттері туралы» ауыл әкімі Амангелді Шенебеков пен аудандық білім бөлімінің басшысы Саят Үмбетәлиевтің есебі тыңдалды. Әрмен қарай халық қалаулысы Нарынқол шегара бөлімшесінде болып, шегарашылардың өмірі, атқарып жатқан қызметтерімен танысты.

Жұмабек ТӘЛІПҰЛЫ

Райымбек ауданы