АЛМАТЫ МЕН АЛАКӨЛДІҢ АРАСЫНДА "ТАЛЬГО" ЖҮРДЕК ПОЙЫЗЫ ЖҮРЕДІ

Уақыты: 02.03.2022
Оқылды: 1289
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алдағы туристік маусымда Алакөл бағытына «Тальго» жүрдек пойызы жүреді. «Қазақстан Темір Жолы» АҚ басшылығы мен Алматы облысының әкімі Қанат БОЗЫМБАЕВ осындай меморандумға қой қойды. Сонымен бірге, көл жағалауына жолаушы тасымалдайтын барлық пойыздардың жайлы болуына, сапалық деңгейін арттыруға назар аударылады. Мәселен, «Жолаушы тасымалы» АҚ-ның барлық вагондары желдетудің заманауи жаңа жүйесімен қамтамасыз етілмек.

Талдықорғандағы кездесу барысында Қанат Бозымбаев пен Нұрлан Сауранбаев инфрақұрылым мен транзиттік әлеуетті дамыту мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, Достық – Мойынты учаскесіндегі екінші жолдың және Алматы темір жол торабын айналып өтетін Жетіген – Қазыбек бек айналма желісінің құрылысын жүргізу мәселелері де сөз болды. Инфрақұрылым жобалары «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасына енгізілген. Учаскелердің өткізу қабілетін арттырумен қатар жобалар мультипликативті нәтиже береді, сондай-ақ, Алматы облысының экономикасына да оң ықпал етеді. Құрылыс барысында өңірдегі өндірушілердің  құрылыс материалдарын пайдаланып, жергілікті мамандарды тарту жоспарланып отыр. Жалпы 3500 адамға жұмыс беріледі.

Кездесуге қатысушылар Алакөл көліне жолаушылар тасымалдауды ұйымдастыруға ерекше назар аударды. Індет жағдайына қарамастан 2019-2021 жылдар аралығында курорттық аймақтарға барған жолаушылар легі 264% артқан. Өткен жылғы 11 жазғы маршрутты (8 – «Жолаушылар тасымалы» АҚ, 3 – жеке тасымалдаушылар) сақтай отырып, 240 мыңдай жолаушы тасымалдау жоспарланған. Бұл ретте ұсынылған орындардың жалпы саны 340 мыңнан асады. Сондай-ақ бұл бағытқа «Тальго» жүрдек пойызын шығарып, күнара жүргізу жоспарланып отыр. Жолаушыларға жайлы, билет бағасы қолжетімді вагондар жүргізу үшін облыс әкімдігі тарапынан субсидиялау мәселесін шешу қажет.

Вагондарда кондиционер мен ыстық су жоқ, басқа да жағдайлар жасалмаған деген жолаушылардың шағымдарына байланысты облыс әкімі Қанат Бозымбаев «Қазақстан Темір Жолы» АҚ өкілдерімен бірлесіп жеке тасымалдаушы компаниялардың вагондарын аттестациялауды ұсынды. Енді әрбір тасымалдаушы пойыздарының жайлы болуына назар аударуы тиіс. Бұл ретте сұранысқа сәйкес купе типті вагондар саны ұлғайтылады. «ҚТЖ» күшімен Ақши, Көктұма, Жалаңашкөл стансылары ретке келтірілді, жолаушылар платформасы ұзартылды, қорғаныс қалқандары орнатылды.

Жиында «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның Достық стансысындағы корпоративтік тұрғын үйлерін жекеменшікке беру және инфрақұрылымын жергілікті атқарушы органның балансына өткізу туралы мәселе де қозғалды. Бұл ретте жергілікті әкімдік тиісті көмек көрсетеді.

Көтерілген мәселелер кездесу соңында облыс әкімдігі мен «ҚТЖ» ҰК» АҚ арасындағы ынтымақтастық туралы меморандуммен бекітілді. Құжатта темір жол инфрақұрылымы жобаларын іске асыру, аймақтағы жүк тасымалы көлемін ұлғайту, Алакөл көлінің туристік әлеуетін арттыру мәселелері қамтылған.

Облыс әкімі Қанат Бозымбаев «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ басшылығымен ынтымақтаса отырып, өңірдің машина жасау саласын дамытудың да маңызды екеніне тоқталды.

– Біз экологияға зиянын тигізбейтін индустрияны дамытуға екпін түсіреміз. Атап айтқанда, машина жасау саласын дамытамыз. «ҚТЖ» сұранысын білсек, онда тиісті құрал-жабдықтарды шығаруға дайынбыз. Ол үшін инвесторлар тартамыз. Талдықорғанда осы саланы дамыту қажет. Бұл ретте бізге сіздердің қолдауларыңыз керек. Біз өз тарапымыздан инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға, Алакөл көліне жолаушылар тасымалдауды субсидиялауға тиісті көмек көрсетеміз. Жергілікті мазмұнды дамыту, тұрақты жұмыс орындарын ашу – бұл сіздермен бірлескен ісіміздің тек алғашқы жемісі ғана, одан да көп мүмкіндіктерге жол ашылады, – деді Қ.Бозымбаев.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі