АЛМАТЫ ОБЛЫСЫН ГАЗДАНДЫРУ ЖҰМЫСЫ СЫЛБЫР - ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ

Уақыты: 03.03.2022
Оқылды: 1243
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Абоненттерді қосу тарифінің жоғарылығы, құрылыс жұмыстарының сапасыздығы, құқығын белгілейтін құжаттардың болмауы, уәкілетті мемлекеттік орган тарапынан бақылаудың осалдығы – осының барлығы Жетісу өңірін газдандыру қарқынын бәсеңдетуге әкеп соқтырған. 1,3 млн. адамның табиғи газ пайдалануына жағдай жасау үшін бөлінген қаржы көлемінің ауқымдылығына қарамастан бүгінгі күні іс жүзінде газды облыстың 702 мыңнан астам тұрғыны немесе 54% пайдаланып отыр. «Яғни, елді мекендерді газдандыру мен халықтың тұрмыс сапасын жақсарту бағытындағы негізгі мақсатқа қол жеткізілмеген», – деді Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев газдандыру туралы өткен жиында.

"ЖетісуОблГаз" ЖШС бас директоры Зияш Қияқбаевтың айтуынша, облыстағы 742 елді мекеннің 473-і газдандыруға жатады. Соның 164-іне газ жеткізілген, 2021 жылдың соңында облыс тұрғындарының 63,5%-ның газға қосылуына мүмкіндік жасалды. Жалпы оң динамика бар болғанына қарамастан 2017 жылдың мамырынан 2022 жылдың қаңтарына дейін облыс орталығында 30 мыңнан астам абонент немесе 55,3% тұрғын газға қосылған. Жеткізу және газ тарату жүйелерінің, АГТС-тардың техникалық жағдайына қатысты проблемалар да бар.

Олардың көпшілігі бюджет есебінен салынғанымен және пайдалануға берілгенімен әлі күнге іске қосылмай тұр. Осыған байланысты, мәселен, Іле, Талғар, Жамбыл, Қарасай, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Балқаш аудандарындағы 14 елді мекен газға қол жеткізе алмай отыр. Бұл нысанның тоналуы мен бұзылу қаупін туындатып қана қоймай, ең бастысы, әлеуметтік шиеленіс туғызып, экологияға кері әсер етуде. Дегенмен, жақсы жаңалықтар да бар. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша газға облыстың 33 елді мекені қосылып, 78 мың адам газдың игілігін көреді деп жоспарланған. Республикалық және жергілікті бюджет есебінен іске асырылған жобалар Қаратал, Ескелді, Көксу, Балқаш, Жамбыл, Талғар аудандарының елді мекендерін қамтиды.  Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде  жалпы  құны 4,1 млрд. теңге болатын 5 жоба жүзеге асты. Олар Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылын, Талғар ауданы Жалғамыс, Ақтас, Ақдала ауылдарын, Балқаш ауданы Бақанас ауылын қамтыды.

Сол сияқты Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарына газ жеткізу үшін "Талдықорған – Үшарал" магистральді газ құбыры құрылысының жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. Жауапты адамдар бұған дейінгі кемшіліктерді қайталамас үшін және іске асып жатқан жобалар мен жаңа жобалар елді мекендерді газдандыру қарқынына оң әсер етуі үшін облыс әкімі Қанат Бозымбаев аудан әкімдіктері мен инвесторларды бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Олар жылдам шешілетін ұсақ мәселелерге байланып қалмай, өзара ынтымақтаса отырып қарқынды жұмыс істеуі тиіс.

– Мәселен, Талғар ауданы, Кіші Байсерке ауылы тұрғындарының инвесторлар жұмысына көңілі толмайды. Мәселе неден туындап отыр? Бұл жерде инвесторлардың есебінен жүргізілген жүйелер жарамды ма, жоқ па, бар болғаны соны анықтау керек. Егер жарамды болса, оны жобаға енгізіп, пайдалану керек. Жарамсыз болса, инвесторлар өз қаржысына жұмсап, тартылған жүйені алып тастасын, оған қоса соттың шешімі де бар. Шара қабылдауды ұзаққа созбаңыздар, ширақ қимылдаңыздар. Қызыл Туда да шешілмейтін мәселе жоқ. 2 көшеде газ тарату жүйесі дайын, қалғаны бюджет есебінен салынады, өйткені инвестор белгілеген баға халық үшін қымбат болып отыр. Екі жағдайда да мәселені болдырмауға болар еді. Құрылыс сапасына жауапкершілікпен қарап, аудан әкімдіктері бақылауды босаңсытпауы тиіс. Газға қосылу құнын аспандатпай, қолжетімді етуіміз керек. Инвесторлар есебінен газдандырудың тиісті ережесін дайындауымыз керек. Бірігіп талқылап, қабылдайық. Бізге инвестицияға тартымды, орынды жүйе қажет. Біз бюджет есебінен газдандыруды жалғастырамыз, мүмкіндік болса инвесторларды тартамыз. Бұл ретте уәкілетті органдар тарапынан тиісті бақылау болуы керек. Инвесторлардың шығынға батпай, салған қаржыларын қайтарып алғаны маңызды. Дегенмен, басты мақсат газға қосылу құны халықтың қалтасына ауыр салмақ салмайтындай болуы тиіс, ол үшін бәсекелестік қалыптасуы керек, – деді Қ.Бозымбаев.

Кербұлақ ауданы, Сарыөзек ауылындағы жағдай да назардан тыс қалған жоқ. Мұнда өткен жылдан бері құны 1,8 млрд. теңге болатын, МЖӘ механизмімен салынған газ тарату желілері пайдалануға берілген еді. Дегенмен, өткен 8 айда бірде-бір абонент газға қосылмаған. «DAUR Capital» ЖШС басшылығының айтуынша, жіберген ұсақ кемшіліктері бойынша облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы тарапынан ескерту жасалған, кемшіліктер наурыз айының соңына дейін жойылады. АГТС пен газ жеткізу құбырларына ерекше назар аудару қажет, өйткені бұл нысандар 5 жылдан астам уақыт бұрын салынған. Оларға техникалық аудит жүргізу керек. Қолда бар барлық құжаттарды көтеріп, құрылысын жүргізген "Интергаз" компаниясын шақыру, ақауларын бірге анықтап, түзеп, нысанды іске қосу тапсырылды. Бұл ретте газдандыру баяу жүріп жатқан Ұйғыр, Еңбекшіқазақ аудандарындағы жұмысты ерекше бақылауға алу қажет.

– Газдандырудың сылбыр жүруіне әсер еткен тағы бір себеп – жобалау жұмыстарының осалдығы. "ЖетісуОблГаз" базасында жобалау кезеңін бақылап отыратын білікті мамандардан арнайы бөлім құруды ұсынамын. Сонда уақытты да үнемдейміз, жобалау барысындағы кемшіліктерді де дер кезінде түзеп отырамыз. Қиындық туғызған жобалаушы және мердігер ұйымдардың қызметі бізге енді керек емес. Оларды "қара" тізімге енгіземіз. Құрылыс монтаж жұмыстарына тексерілген, лицензиясы бар, тиянақтылығымен оң пікірге ие болған компанияларды ғана жіберу керек. Газға қосу бағасына қатысты "ЖетісуОблГаздан" тиісті есептеулер күтемін, оны біз инвесторлармен бірге талқылап, содан соң әкімдік қаулысымен бекітуіміз керек. Жартыжылдықтың соңына қарай тағы бір жиын өткізіп, осы айтылғандардың нәтижесін пысықтайтын боламыз. Туристік әлеуеті зор шалғайдағы Алакөл ауданын газдандыратын "Талдықорған – Үшарал" магистральді газ құбырының жобасын қолдаймын. Тек  жобаға  түзету  енгізу керек,  құбырлардың  диаметрі өте үлкен. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жетісу өндірістік филиалы нысандарға жедел әрі уақытылы газ беріп отыруға тиіс. Бәрімізге жұмыстың жаңа қарқынына көшу керек, бірлескен жұмысымыздың жемісін жуық айларда халық сезінуі тиіс. Тұрғындар қос тараптың да ісінің нәтижесін күтіп отыр, – деді облыс әкімі.

Жалпы, 2014-2020 ж.ж. облыста газдандыру саласына 101,1 млрд.теңге бөлінген, соның 74,1 млрд.теңгесі – бюджет қаржысы, 12,5 млрд.теңгесі – «ҚазТрансГаз» АҚ қаражаты, 14,5 млрд.теңгесі – жеке инвестиция.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі