АЛДАҒЫ ЕКІ АЙДА ГАЗҒА ҚОСЫЛУ ҚҰНЫ РЕТТЕЛЕДІ - ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ

Уақыты: 04.03.2022
Оқылды: 1212
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысында табиғи газға қосылу құны реттеледі. Бұл туралы брифинг кезінде «ҚазТАГ» ақпарат агенттігінің тілшісіне берген жауабында Алматы облысының әкімі Қанат БОЗЫМБАЕВ айтты.

«Алматы облысында газдандыру тек бюджет қаражатына ғана емес, жекелеген аудандарда инвестиция тарту арқылы да жүргізіліп келеді. Бірақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшылығы мен мамандарының бақылауының осалдығынан кейбір компаниялар газға қосу құнын көтеріп жіберген. Осы баға мәселесіне қатысты бізге халықтан көп шағым түседі. Бірінші кезекте «ЖетісуОблГаз» мекемесіне жаңа басшы тағайындадым. Тәжірибесі бар маман. Қазір ол барлық аудандарды аралап, жағдаймен таныса бастады. Біз газға қосудың өзіндік құнын есептейміз. Сосын әкімдік тарапынан бағаға қатысты тиісті ұсыным беретін боламыз. Әйтпесе, газға қосудың құны 500-700 мың тг дейін баратын жағдайларды да естіп жүрміз. Алдағы екі айда бұл жұмысты реттейміз. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету жағынан да барлық нормалар мен талаптар сақталуы керек», - деді Қанат Бозымбаев.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"