ТЕКЕЛІ ӘКІМДІГІ МҮМКІНДІКТІ ДҰРЫС ПАЙДАЛАНА АЛМАЙ ОТЫР - ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ

Уақыты: 04.03.2022
Оқылды: 1172
Бөлім: ЭКОНОМИКА

«Текелі қаласының даму мүмкіндігі мол. Бірақ жергілікті билік сол мүмкіндіктерді дұрыс пайдалана алмай отыр. Ал әкімнің жиынына қарапайым халықты шақырмай, мемлекеттік қызметкерлерді жинап алған». Алматы облысының әкімі Қанат БОЗЫМБАЕВ Текелі қаласындағы арнайы сапарын осылай қорытындылады. Облыс әкімі Текелі қаласына бір айдан кейін қайтадан келіп, бүгінгі тапсырмаларының орындалуын тексеретінін айтты.

Текелідегі сапарын Қанат Бозымбаев «Суфле Қазақстан» ашытқы зауытының жұмысымен танысудан бастады. Бұл зауыт бүгінде өзіне қажетті арпаны еліміздің солтүстік және шығыс облыстарынан, одан әрі Ресейден тасымалдап отыр. Зауыт жергілікті шаруашылықтармен байланыс орнатып, облыста өсірілген арпаны қабылдайтын болса, біріншіден, жергілікті өнімді қолдау болар еді, екіншіден, зауыттың тасымалға кететін шығыны азаяды.

– Осы облыстағы диқандармен бірлесіп жұмыс істесеңіздер, сіздер де шикізаттан тарықпайсыздар, фермерлер де өсірген арпасын өткізетін жер іздемейді, екі жаққа да тиімді. Осы жұмысты қала әкімдігімен бірлесіп жолға қою керек, – деді Қанат Бозымбаев.

Облыс әкімінің назар аударған мәселесін жүйелі шешуге  «Суфле Қазақстан» ашытқы зауытының басшылары уәде берді. Жалпы, бұл зауыт 1991 жылдан бері жұмыс істейді. Жылына 80 мың тонна ашытқы өндіруге қауқарлы. 2021 жылы 75 695 тонна өнім шығарып, оның 18 мың тоннадан астамын экспортқа шығарған.

Әкім арнайы барған тағы бір нысан – қаланы жылу мен электр қуатымен қамтамасыз етуші «Текелі энерго кешен» іргелі кәсіпорны. Өткен жылы мұнда сағатына 183 600 118 кВт электр, 137 952,4 Гкал жылу өндірілген. Қалаға жылу мен жарық беріп отырған кешенді газға қосу қаншалықты тиімді екені сарапталып, қарастырылатын болады.

Осы кәсіпорынның серіктесі ретінде алдағы мамыр айында құрыш өндіретін жаңа зауыт іске қосылмақ. «Электромарганец» ЖШС қолға алып отырған бұл жобаға шамамен 23 млрд.теңге инвестиция тартылады. Кәсіпорын жылына 120 мың тонна құрыш өндіретін қуаттылыққа ие. Облыс әкімі жаңа жобаның аяқ алысымен танысып, бастамаға сәттілік тіледі.

Қаладағы №3 орта мектеп 1956 жылы тұрғызылған. Аумағы 1,8 мың шаршы метрлік білім мекемесіне 1991 жылы қосымша ғимарат салынды. Нысанның жағдайымен танысқан Қанат Бозымбаев тиісті сала басшыларына мектептің күрделі жөндеу жұмыстарын сапалы жүргізуді тапсырды. 

Текелі қаласындағы апатты үйлердің де мәселесі кезең-кезеңмен шешіледі. Төле би көшесіндегі апатты деп танылған бірнеше үйдің тұрғындары қаладағы басқа пәтерлерге көшіріліп, сүрілген үйлердің орнына көп қабатты үйлер салынады. Бұл туралы Қанат Бозымбаев осы апатты үйлердің тұрғындарымен тілдескен кезде айтты.

«Алдымен тұруға аса қауіпті деген үйлерден бастайық. Сол үйлердің тұрғындарына қалада сатылатын пәтерлерден баспана алып беріледі. Ал сүрілген үйлердің орнына көпқабатты типтік үлгідегі тұрғын үйлер салу керек. Шамамен екі жылдың ішінде апатты үйлердің мәселесі толық шешіледі», – деді ол тұрғындармен әңгімелесу барысында.

Сапар жоспарындағы жиынға келген Қанат Бозымбаев залда отырғандардан: «Араларыңызда қарапайым тұрғындар бар ма?» - деп сұрады. Ешкім қол көтермеді.

– Қала тұрғындарын неге шақырмайсыздар? Бүгін мен мемлекеттік қызметкерлермен бір-бірімізге әңгіме айтайық деп келген жоқпын. Осындай жерде халық өз мәселелерін айтып, сұрақтарын қоюы керек. Ескі әдеттен арылыңыздар, елден қашпаңыздар. Жаңа Қазақстан мүддесіне сай қызмет атқарыңыздар! – деп Қанат Бозымбаев қала әкімі Батыр Молдахметовке ескерту жасады.

Дегенмен, жиында қарапайым халық болмаса да олардың сұрақтары қала әкімі Батыр Молдахметовтің алдынан бәрібір шықты. Облыс әкімі әлеуметтік желілерде Текелі қаласына қатысты жиі жазылатын проблемаларды қала әкімі қалай шешіп жатқанын сұрады. Батыр Молдахметовке қаладағы қоғамдық көліктің жүрісі, қала көшелерінің сапасы, көшедегі жарықтың жоқтығы, балалар үйірмесі, азық-түлік бағасы, базардағы тазалық, көбейіп кеткен қаңғыған иттер, қоқыс жинау жұмыстары, денсаулық саласы, адам өлімінің көптігі, қала экологиясы жайында жауап беруге тура келді.

– Текелінің моноқала ретіндегі әлеуетін айқындап, талдау жасау керек. «Туристік қала ретінде дамытсақ» деген жалпылама сөз. Тау шаңғысы курортына, салынатын нысанға, жүргізілетін инфрақұрылымға, келетін инвесторға нақты жоспар болуы керек. Миллиардтаған ақшаға скважина қазамыз дейсіздер, егер, өздеріңіз айтқандай, су қоры жеткілікті болса, судың сапасын жақсарту үшін мүмкін су тазартқыш құрал алған тиімді шығар. Бюджет қаржысын орынсыз ысырап етпей, қайсысы дұрыс, сол жағын облыстағы мамандармен бірлесіп, сараптаңыздар. Орталық алаңды абаттандырумен ғана айналыспай, қаланың шеткі аймақтарына да назар аудару керек, – деді Қанат Бозымбаев.

Жиында радиоактивті қалдықтар жинақталған жердің құнарлылығын қалпына келтіру, қалалық Мәдениет үйін күрделі жөндеу, Ескелді ауданымен шегарадағы карьердің экологиялық талапқа сай болуы және басқа да мәселелер көтеріліп, шешімі талқыланды.

- Текеліде өнеркәсіп пен инфрақұрылымдарды дамыту, қаланың туристік әлеуетін арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы халықтың әл-ауқатын көтеру керек. Облыста тау туризмі мен жағажай туризмін дамытудың мастер-жоспары әзірленіп жатыр. Соған Текеліні де енгізейік. Ол осы саланы дамытуда басшылыққа алатын құжат болады, – деді Қанат Бозымбаев.

Облыс басшысы бір айдан кейін Текеліге тағы да арнайы келетінін, оған дейін қаланың дамуына қатысты нақты жоспарларды жасауға тапсырма берді.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі