ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫН ТИІМСІЗ ЖҰМСАУДЫ ДОҒАРҒАН ЖӨН - ПРЕЗИДЕНТ

Уақыты: 05.03.2022
Оқылды: 1196
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен энергетика және инженерлік инфрақұрылымды дамыту мәселелері жөнінде кеңес өтті. Оған Премьер-Министр Әлихан Смайылов, Үкімет мүшелері, мемлекеттік органдар мен ұлттық компания басшылары және облыс әкімдері қатысты.

Алқалы жиынның өзектілігіне тоқталған Президент:

– Инфрақұрылым кешені экономиканың дамуына тікелей әсер етіп, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға ықпалын тигізеді. Сондықтан бұл мәселеге мемлекет айрықша назар аударуда. Біз инфрақұрылымды жаңғырту үшін үнемі жұмыс жүргізіп келеміз. Кейінгі бес жылда осы салаға 800 млрд.теңгеден астам қаржы бөлініп, көп жұмыс істелді. Электр энергиясы және жылу, тұрғындарды газбен қамтамасыз ету жұмыстары жоспарлы түрде атқарылып келеді. Тұрғындардың жартысы көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Әдетте, ин­фрақұрылым әлеуметтік-экономикалық және демографиялық өсімнен бір қадам ілгері жүруі керек. Сондықтан энергетика кешенін нығайту мәселесі өте өзекті. Былтыр алғаш рет елімізде электр қуатының тапшылығы көрініс берді. Осыған байланысты шұғыл шаралар қабылдау керек. Ол үшін ең алдымен қолда бар электр энергиясы қорын жедел кәдеге жаратып, тиімсіз жұмсалуын доғарған жөн. Одан соң жаңа қуат көздерін іске қосып, энергетикалық тиімділігін арттырып, электр қуатын тарату тәсілін жетілдіру қажет. Осы салаға инвестиция тарту үшін оны реттеу саясатын қайта қараймыз. Ол үшін коммуналдық секторды жаңғырту мәселесіне баса назар аударып, тозығы жеткен желілер мен ескі құрал-жабдықтарды ауыстырып, жаңа технологияларды енгізіп, цифрландыру жұмысын қолға алуға тиіспіз, – деп атап өтті.

Жиын барысында Энергетика министрі Болат Ақшолақов, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, Индус­трия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин және басқалар баяндама жасап,  энергетикасы саласы мен атом өнеркәсібін дамытудың перспективасын, энергия тиімділігін арттыру және электр энергиясы тапшылығын жою мәселелерін қарастырды.

– Бүгінгі таңда еліміздің электр энергиясы жүйесі өзін- өзі теңгерімдеу режімінде жұмыс істеуде. Бұл ретте электр қуатының тапшылығы орын алғанын жасырмаймыз. Бұл жағдай тұтынушылар тарапынан жүктеменің өсуіне байланысты туындағаны анық. Өткен жылдың қорытындысы бойынша электр энергиясын өндіру көлемі 114,4 млрд кВт/сағ болды. Десе де, электр стансыларындағы апаттық жағдайларға байланысты өткен жылдың маусым айынан бастап электрге тапшылық пайда болды. Осыған орай, кейбір субъектілерді электрмен шектеу шаралары енгізілді. Қазір цифрлық анықтау бойынша жұмыс жүргізілуде, – деді Энергетика министрі Болат Ақшолақов. Сонымен қатар, теңгерімді тариф саясатын енгізудің нақты аспектілері мен электр энергетикасы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салалар ірі жобаларды іске асыру барысы талқыланды.

Әр тараптың пікірін толық тыңдап шыққан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын және қуат өндіруші стансыларды жаңғырту, жаңа технологияларды енгізу және саланы цифрландыру, электр желілеріндегі апаттарды азайту жөніндегі жоспарымен бөлісті. Сондай-ақ, Энергетика министрлігі мен Қаржы мониторингі агенттігіне еліміздегі заңсыз майнинг мәселесін түбегейлі шешуді тапсырды.

Жиыннан кейін облыс әкімі Қанат БОЗЫМБАЕВ облыстық мекеме, басқарма басшыларынан өңірдегі энергетикалық жағдай туралы сұрап, алдағы жоспарлар туралы баяндады. Әрі тиісті басқарма басшыларына электрмен қамтамасыз ету жағдайын қадағалап, қуат өндіруші стансылар құрылысын нығайтуды тапсырды.

Қажет АНДАС

Алматы облысы