ҚАРАТАЛ АУДАНЫНЫҢ ШАРУАЛАРЫ КӨКТЕМГІ ДАЛА ЖҰМЫСЫНА ДАЙЫН

Уақыты: 05.03.2022
Оқылды: 1150
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қаратал ауданының әкімі Ерлан ИСАБЕКОВ көктемгі дала жұмыстарына дайындықтың жүру барысын бақылау мақсатында бірқатар шаруа қожалығын аралады. Солардың бірі - өңірдегі адыңғы қатарлы «Уштобинский» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің диқандары 1300 гектар алқапқа егін екпек.

Шаруа қожалығы басшысының орынбасары Валерий Цой дала жұмыстарына толық дайын екендерін айтып, жер жырту, себуге арналған техникамен таныстырды. Ескелді би ауылындағы он гектарға жуық аумақты алып жатқан қожалықта әкімшілік ғимарат, 300 тонна өнімге арналған қойма, техниканы жөндеу орындары бар. 40-қа жауық жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтып отырған «Уштобинский» ЖШС-да жалпы комбайн, трактор сынды 19 техника дала жұмыстарына сақадай-сай. 400 гектардан астам алқапқа «Янтарь», «Заря», «Уштобинский», «Суаг», «Пак-Ли» секілді күріш түрлерін себуді жоспарлап отыр. Бұдан бөлек,  арпа-бидай, жүгері, қант қызылшасы, соя және жоңышқа да өсіреді. Кейбір мәселелерді сөз еткен Валерий Цой минералды тыңайтқыштардың жеткізілмей жатқанын айтты.

- Минералды тыңайтқыштар шұғыл қажет. Оларды жеткізу туралы өтініш өткен жылдың күзінде Теміртаудағы өндірістік зауытқа берілген. Бірақ белгісіз себептермен кешігіп жатыр.  Тыңайтқыш бағасы екі есеге өсті. Былтыр бір тоннасы 45 мың теңге болса, қазіргі уақытта ол 72-74 мыңға сатылады. Осындай кедергілерге қарамастан жақсы өнім алу үшін барымызды саламыз. Биылғы маусымда рекордтық өнім жинауды көздеп отырмыз, – деді. Сонымен қатар, диқандар биыл қардың аз жауғанын, соның салдарынан су тапшылығы болу қаупі барын назарға ұсынды.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Қаратал ауданы

Алматы облысы