ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ ЦИФРЛАНДЫРУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ТЫҢ ҰСЫНЫСТАРДЫ ТЫҢДАДЫ

Уақыты: 06.03.2022
Оқылды: 1392
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысының әкімі Қанат БОЗЫМБАЕВ цифрландыру бағытында жұмыс істейтін бірқатар компания өкілдерін қабылдап, олардың ұсынған жобаларымен танысты.

Атап айтқанда, олар - білім саласын кешенді дамыту, жер асты су көздерін іздестіру-барлау, бұрғылау және суландыру жұмыстарын жүргізу, жер учаскелері туралы мәліметтерді жинақтап қорыту, әлеуметтік мекемелердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құжат айналымын электронды форматқа көшіруді көздейтін жобалар.

Еліміздің білім саласында UStudy брендімен автоматтандырылған тестілеу бойынша жұмыс жүргізіп келе жатқан «U-Future» ЖШС бас директоры Олжас Құспеков облыстың білім саласына бірнеше кезеңнен тұратын кешенді дамыту бағдарламасын енгізуге ұсыныс білдірді. Бұл жоба оқушылардың білім сапасын айқындау, педагогтардың біліктілігін арттыру, әр мектептің өз даму жол картасын әзірлеу сияқты көптеген мәселелерді қамтиды.

Ал білім мекемелеріндегі қауіпсіздікті қамтамасы етуге арналған жүйе жайлы «Biometric Solutions» ЖШС бас директоры Әлібек Наримбаев таныстырды. Бұл жүйе ғимаратқа келіп-кетушілердің балаларға қауіпсіздігін айқындау үшін ІІМ-нің базасымен тікелей байланыста болады. Сол сияқты бетперде тағу режимін, ғимаратқа «Ашық» арқылы кіруді де қадағалайтын функциясы бар.

«Lean Solutions» ЖСШ директоры Арман Оспанов өз сөзінде мекемесінің мемлекеттік органдар жұмысын автоматтандыру, соның ішінде, құжат айналымын электронды форматқа көшіру бағытында жұмыс істейтінін атап өтті. Оның айтуынша, бірнеше мемлекеттік органда пилоттық жоба ретінде іске қосылған жоба басшылық тапсырмасының мерзімінде орындалуына, есеп дайындауға және хаттамаларды бекітуге кететін уақытты қысқартуға оң әсерін тигізеді.

Өз кезегінде «Алматыгидрогеология» ЖШС өкілі Айгүл Әуелбекова да ұсыныстарын баяндады. Жер асты суларын іздестіру-барлау, ұңғыма бұрғылау, су шаруашылығының басқа да бағыттағы жұмыстарымен айналысатын мекеме Талдықорған қаласында «жасыл аймақ» жасауға ниет білдірді. Суармалы емес жер учаскелерін суландыру бойынша да тәжірибелерін ұсына алатынын айтты. Осы жиында жерге қатысты мәліметтер жинақталып, сарапталып көрсетілетін геоақпараттық платформа ретінде де бір жоба таныстырылды.

Барлық ұсыныстарды мұқият тыңдап шыққан облыс әкімі Қанат Бозымбаев аталған жобаларға қатысты тиісті басқарма басшыларының ой-пікірлерін сұрады. Цифрландыру бағытындағы презентация жасалған жобалардың тиімділігін жан-жақты қарастыру үшін арнайы жұмыс тобын құруды орынбасары Жеңіс Тұяқовқа тапсырды. Барлық жобалардың артық-кем тұстарын, тиісті салаларды дамытуға қаншалықты пайдалы болатынын осы жұмыс тобы сараптайтын болады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"