БАЛҚАШ АУДАНЫНДА БИЫЛ 6800 ГЕКТАР АЛҚАПҚА КҮРІШ ЕГІЛЕДІ - ӘКІМДІК

Уақыты: 11.03.2022
Оқылды: 1245
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Күн жылынса аудандағы егін егумен айналысатын шаруашылықтар көктемгі дала жұмыстарын бастауды жоспарлап отыр. Бүгінде аудан диқандары егін егуге қажет техникаларын сақадай сай жөндеп, қосалқы бөлшектері мен жанар-жағармайларын дайындауда. 

Жалпы ауданда егін егумен айналысатын 38 шаруашылық бар. Егін көлемі 29 809 гектар суармалы жер болса, биыл оның 7430 гектарына бидай, 100 гектарына арпа, 6800 гектарына күріш дәнді дақылдары егіледі. Ал 230 гектар жерге картоп, 10 гектарға көкөніс, 150 гектарға бақша дақылдары өсіріледі деп жоспарлануда. Қысқы мал азығын дайындау үшін 937 гектар жерге сүрлемдік жүгері, 670 гектарға біржылдық, 13 482 гектар жерге көпжылдық шөп егілмек.

Аудандық ауылшаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің мамандарымен бірге Ақдала ауылдық округіне қарасты «Өтес агрофирмасы» ЖШС-іне арнайы бардық. Ол жерде жұмысшылар көктемгі дала жұмысына қызу дайындық үстінде. Гараж меңгерушісі Жарқынбек Батырбаевтың жетекшілігімен іске кіріскен механизаторлар Серғали Ақбаев пен Ерғанат Асанбаев техникаларды жөндеу үстінде.

«МТЗ-80» тракторының қозғалтқыш қорабының ішкі құралдарын ауыстырып тұрған механизатор Ерғанат Асанбаевпен сөйлескенімде ол көктемгі дала жұмысы басталмай техникаларды дұрыстап жөндеудің маңызды екенін айтты. Жарқынбек Батырбаевтың айтуынша, шаруашылықта екі «К-700», үш «Т-150», үш «МТЗ-1221», алты «МТЗ-82» тракторлары мен бес тұқым сепкіш, алты соқа бар. Былтыр бір «К-700», екі «Ловал», бес «МТЗ-80» тракторлары сатып алынды. Бүгінде аталған техниканың егін егуге дайын тұрғанын айтып, шаруашылыққа тиесілі 2507 гектар суармалы жердің 849 гектарына бидай, 691 гектар жерге күріш,  967 гектарға көпжылдық шөп егу жоспарланғанын жеткізді.

Еңбектің көрігін қыздырған диқандар көктемнің алғашқы апталарында ауа райы қалыпты болса, егін егуді бастауды жоспарлауда.
 

Бақтығали ДӘУІТБАЕВ

Балқаш ауданы

Алматы облысы