АЛМАТЫ ОБЛЫСЫН ЕКІГЕ БӨЛУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАЛАЙ АТҚАРЫЛЫП ЖАТЫР?

Уақыты: 29.03.2022
Оқылды: 1860
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашовтың төрағалығымен аймақтың қазіргі кездегі әлеуметтік-экономикалық жағдайын сараптайтын жиын өтті. Онда облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары есеп беріп, нақты жағдайды баяндады. Жиында ең негізгі мәселе ретінде Алматы облысын екіге бөлу, Қапшағай қаласының атын ауыстыру жұмыстары қаралды.

Жалпы, баяндамашылардың айтқанындай, қазіргі таңда облыстағы әр саладағы жұмыс айтарлықтай қарқында және жоспарға сай атқарылуда. Әсіресе, ауылшаруашылығы, төтенше жағдай, білім, медицина, мәдениет, тұрғын  үй салаларында жетістіктер мол. Жетіспей жатқан тұстары да баршылық.

Десе де, қазіргі таңдағы ең өзекті екі мәселе бар. Оның бірі - Алматы және Жетісу облыстарын екіге бөлу, екіншісі - Қапшағай қаласының атын Дінмұхамед Қонаевтың есіміне ауыстыру.

Жиында осы мәселеге қатысты мекеме басшылары жұмыстың өз деңгейінде атқарылып, облыс бөлінгеннен кейінгі жағдайдағы түрлі саланың экономикалық кіріс-шығысын бір ізге түсіру барысындағы жұмыстардың ойдағыдай шешіліп жатқанын баяндады. Тағы бір өзекті мәселе – азық-түлік қорының тұрақтылығы. Расында, кейбір азық-түлік тауарларының қымбаттауы кейбір аудан, қалада анық байқалуда.

– Дегенмен, аймақтағы ең көп тұтынатын әлеуметтік азық-түлік қоры жеткілікті. Бірақ бұған тоқмейілсуге болмайды. Сондықтан, апта сайын, ай сайын мониторинг жүргізіп, азық-түлік тапшылығының орын алмауын, бағаның шарықтап кетпеуін қадағалап отырған жөн, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Қазіргі көктемгі егіс жұмысының жағдайын баяндаған облыс әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаев:

– Әрине, азық-түліктің жетіспеуі мен қымбатшылықтың алдын алу үшін көктемгі егіс жұмысын жүйелі жүргізіп, ауылшаруашылығы саласының өнімділігін арттыру керек, – деді баяндамасында. Сондай-ақ, ол көктемгі егіс жұмысына салғырттық танытып отырған аудан, қалаларды да атады.

Жиналыста құқық қорғау саласының өкілдері Қаңтар оқиғасы кезінде қолды болған қызметтік қарулардың әлі толық жиналып алынбағанын назарға салып, қылмыстық оқиғаларға қатысы болмаса, қолында бар қаруларды өз еркімен тапсырған азаматтар ешқандай жауапкершілікке тартылмайтынын атап өтті.

Мемлекеттік сатып алу, аймақта соңғы күндері орын алған жол-көлік апаттары да назардан тыс қалған жоқ. Сонымен қатар, азаматтардан түскен арыз-шағымдардың орындалу барысы да айтылды.

Түрлі сала басшыларының берген есебін мұқият тыңдаған Лаззат Махатұлы:

– Осы айтылған мәселелердің бәрін облыс әкімі Қанат Бозымбаев тікелей назарында ұстап отыр. Сондықтан әр сала басшылары, аудан, қала әкімдері өздеріне жүктелген міндеттерді толық орындап, ел үшін еңбек етуі керек, – деп қорытты сөзін.

Қажет АНДАС

Алматы облысы