САРҚАННЫҢ СТУДЕНТТЕРІ ӨЗ КҮШІМЕН ЖЫЛЫЖАЙ САЛЫП, КӨКӨНІС ӨСІРІП ОТЫР

Уақыты: 05.04.2022
Оқылды: 1149
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Сарқан ауданындағы политехникалық колледж студенттері жылыжай салды. Бұл туралы "Жетісу" газеті Сарқан ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Жылыжайдың ерекшелігі, ешқандай шығын шықпай, қолда бар заттармен жасалғандығында. Жалпы, жылыжайдың аумағы 200 шаршы метрді құраса, оны салуға 100-ден аса ескі терезе, 10-ға жуық жылытқыш батарея жұмсалған.

Колледж студенттерінің бұл бастамасына оқу орнының директоры Нұрахмет Маткаримов қолдау білдіріп, қажетті құрал-жабдықтармен тұқым, жарық тарту тағы да басқа жұмыстарына қолғабыс көрсеткен.

«Өткен жылы күз айында осы жылыжайды салуды бастадық. Әрине, бастапқы кезде қиын болғаны рас. Іргесі қаланып, бой түзеген соң жұмыс қыза түсті. Аз уақытта жылыжайды толығымен аяқтап, табанды жұмыстың арқасында ақпан айында ең алғашқы өнім алдық. Қазіргі күні колледж студенттері өз бақшамызда өскен көкөністермен қамтамасыз етіп отырғаны қуантады», - дейді 3-курс студенті Мақсат Үмбетов.

Бүгінгі күні жылыжайда қияр, қызанақ, көк пияз, шалғам (редиска) сияқты бірнеше көкөніс түрлері бар. Ендігі қиярдың өнімін сәуір айында алуды жоспарлап отыр.
 
Аталған жылыжай жыл он екі ай бойы жұмыс істейтін болады. Айта кетейік, мұндай ерекше жылыжай тек Сарқан ауданында ғана бар.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"