БАЛҚАШ АУДАНЫНЫҢ ЕҢБЕКҚОР ДИҚАНДАРЫ АРПА-БИДАЙ ЕГУДІ БАСТАП КЕТТІ

Уақыты: 12.04.2022
Оқылды: 1387
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Диқандар арпа-бидай егу жұмысын бастап кетті. Еңбеккерлердің бастапқы қарқыны жаман емес. Егін егу осылай жалғасса сәуір айының ортасына дейін аяқталуы тиіс дейді ауылшаруашылығы саласының мамандары.

Аудан көлемінде егін егумен тұрақты айналысатын 38 шаруашылық бар. Ал егіс көлемінің 29 809 гектары суармалы жер болса, биыл оның 7430 гектарына бидай, 100 гектарына арпа, 6800 гектарына күріш, 230 гектарына картоп, 10 гектарына көкөніс,150 гектарына бау-бақша дақылдары егілмек. Қысқы мал азығын дайындау үшін 937 гектар жерге сүрлемдік жүгері, 670 гектарға біржылдық шөп,13 482 гектарына көпжылдық шөп жоспарға сай егіледі деп күтілуде.

Дала төсін дүбірге бөлеген диқандардың тірлігін көру үшін аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Дәрібаев, аудандық ауылшаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Ғалым Нарбаев аудан орталығының іргесінде орналасқан «Өтес агрофирмасы» ЖШС-на арнайы барды. Онда жүріп жатқан жұмыстар жөнінде аталмыш шаруашылықтың агрономы Ерлан Нұрлыбеков пен бригадирі Айдын Сапарғазин әңгімеледі.

Ерлан Нұрлыбеков шаруашылыққа тиесілі 2507 гектар суармалы жердің 800 гектарына бидай, 691 гектарына күріш, 1 016 гектарына көпжылдық шөп егу жоспарланғанын, бүгінде 800 гектар жерге егілетін бидайдың 200 гектарына алтын дән тұқымының себілгенін және 600 гектар жерді тегістеу жұмысының аяқталғанын айтты. Айдын Сапарғазин егін егуге екі «К-700», екі «Т-150», бір «LOVOL», екі «МТЗ-1221», бір «FEND», сонымен бірге төрт тұқым сепкіш, тырма тартуға алты «МТЗ-80» техникаларының жұмылдырылғанын жеткізді.

Егіс алқабындағы «К-700» көлігін тізгіндеген механизаторлардың бірі Нұрлыбай Мәнібайұлы осы шаруашылықта еңбек етіп жүргеніне үш жыл болғанын және күніне 15-20 гектар жерді тегістейтінін сөз етті.

Бақтығали ДӘУІТБАЕВ

Балқаш ауданы

Алматы облысы