ҒЫЛЫМ МЕН ТӘЖІРИБЕНІ ҰШТАСТЫРСАҚ, ҚОЙ ӨСІРУДІҢ ПАЙДАСЫ ҰШАН-ТЕҢІЗ

Уақыты: 15.04.2022
Оқылды: 2005
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Ет экспортын дамыту дегенде тек ірі қара малына иек артпай, қой етіне де көңіл бөлген жөн. Қой өсіру әуелден еліміздің мал шаруашылығындағы жетекші сала болып саналып келеді. Себебі, төрт түліктің ішіндегі қой негізінен жайылымның малы. Бұл тұрғыда Қазақстанның 180 млн.гектарға жуық табиғи жайылымын тек қой төлі ғана тиімді пайдаланады.

Қазақ даласын қойсыз елестету қиын. Егер ұқсата алсаң, ең арзан ет те, жүн мен тері де осы қой малында. Қой сойғанда қалдық ретінде жиналатын ішегі, мүйізі, сүйегі өңдеген соң өз орнын табатын байлықтар. Олардан желім, түйме, малға берілетін қан-сүйек ұны, минералдық азықтар және дәрі құрамына кіретін заттар жасалады. Тіпті, қойдың қи-тезегінің өзі де жерге тыңайтқыш, ауыл адамдары үшін қысы-жазғы отын. Тек озық тәжірибе мен ғылымды ұштастыра білсек, нарық заманында экономикалық жағынан тиімді саланың бірі осы қой шаруашылығы. ҒАО-ның (БҰҰ-ның Азық-түлік және ауылшаруашылығы ұйымы) мәліметі бойынша әлемде қазіргі күні 620-дан астам қой тұқымы бар.

Мәселен, өнімділігі жоғары қой шаруашылығы қалыптасқан елдердің қатарында Австралия (162 млн.), Жаңа Зеландия (62 млн.), Ұлыбритания (30 млн.) тұр. Дегенмен, соңғы он-он бес жылда бұл елдерді Азиядағы мемлекеттер басып озды. Бүгінгі күні қой өсіруден алдына жан салмай тұрған ел – Қытай (200 млн).

Әлемдік ауылшаруашылығы нарығында аса маңызды қажетті өнімнің бірі – жүн. Әрине, қойдан басқа да жүн беретін түйе, ешкі, сиыр, жылқы, қоян секілді жануарлар бар. Десек те, барлық өндірілетін жүннің 85-90 пайызы қойдан алынады. Сондықтан, шұға-мата жеңіл өнеркәсібі үшін қой жүнінің маңызы зор. Рас, соңғы жылдары химия өндірісі дамуына байланысты жасанды және синтетикалық талшықтар көптеп өндіріліп, олардан тоқылатын кездеме-маталар да көбейді. Себебі, бұл талшықтарды өндіру әрі арзан, әрі олардың кейбір қажеттері табиғи талшықтан артық жағдайлары кездеседі.

Дегенмен, тоқыма өнеркәсібіне қажетті басқа шикізаттармен салыстырғанда қой жүнінің бірнеше артық қасиеті бар. Біріншіден, қойдың жүні мейлінше берік. Екіншіден, ол жылуды жақсы сақтайды. Үшіншіден, жүннің салмағы өте жеңіл, әрі созылғыш, жүннен жасалған киім ұйыспайды және иленбейді. Сондай-ақ, жүнге бояу да жақсы сіңеді және адам денесіне де қонымды, тартымды келеді. Кейбір қой тұқымдарының жүнінен кілем, алаша, гобелен, қолғап, байпақ, фетр сияқты қажетті заттар тоқылады. Ал киіз басуға тек қойдың жүні жарайды. Осыған орай, қой жүні халық шаруашылығында кеңінен қолданылып, жоғары бағалануда.

Адамзат үшін қойдың еті мен майы өте сапалы, жоғары калориялы тағам болып саналады. Қазақ «қойдың сүті қорғасын» деп бекер айтпаған. Майлылығы мен құнары жағынан қойдың сүті де үлкен сұранысқа ие. Қой сүті өндіріліп, сыр, айран, сүзбе, құрт, ірімшік секілді өнімдер халық игілігіне жаратылуда.

«Қойды құмға, жылқыны қырға, сиырды сыртқа, түйені сорға жай», – деген қазақтың нақыл сөзі де біраз жайдан хабар береді. Ал қой малы жаратылысынан жайылымға жақсы бейімделген түлік. «Тұяқ отқа бөленеді, от жерге бөленеді» демекші, қазақ жерінің көшпелі таулы-қыратты, құмайтты, шөлейтті жерлеріне қой түлігін өсірудің мүмкіндігі зор. Оның үстіне қойдың аса бір құнды қасиеті – өсімталдығы. Мысалы, биязы жүнді қой тұқымының әрбір 100 саулығынан 140-150 қозы, ал қалың жүнді қойдан 120-130 қозы алуға болады. Оған қоса, қой қозысын 5 ай ғана қөтереді. Сондықтан азықтандыру, бағып-күту жағдайы келіссе, қойды жылына екі немесе үш рет қоздатуға болады. Төлі де тез жетіледі.

Бір жерден екінші жерге көшіргенде қой жылдам жерсінеді. Осы қасиетіне байланысты қой тұқымы ауа райы өте суық немесе ыстық жердің барлығында өсіріле береді. Биік құз тау ма, сусыған құм ба, қой бап таңдамайды. Нарық жағдайында, ең алдымен, мол өнімді, жеткілікті мөлшерде ет және аса сапалы жүн өндірілетін тұқымға деген сұраныс күшеюде. Қой шаруашылығында өзіміздің биязы, биязылау және ұяң жүнді бағыт табылды. Маңдай алды селекциялық материал болып табылатын керемет те аса құнды жергілікті етті-майлы қой тұқымы барынша сақталған. Жаңа қой тұқымдары еліміздің тек белгілі бір аймақтарының климатына ыңғайландырып шығарылған.

Соңғы жылдарда дүниежүзінде ауылшаруашылық ғылымдарының қатарында қой жөніндегі ғылым сан алуан жаңалықтармен, жаңа технологиялармен, селекция әдістерімен байытылды. Қой шаруашылығын интенсивтендіру үшін күш-жігерді, қаражатты және жемшөп базасын нығайтуға жұмсаған жөн. Жайылымның сапасын, қойдың сыйымдылығын арттыру үшін шөп егіп, өнімділігін жоғарылатудың жолы баршылық. Қазіргі заманғы агротехниканы жақсы білген фермер оны жасай алады. Сонымен бірге қолдан әзірлеп берілетін жем-шөптің түрі де, мүмкіндігі де жоғары. Сондықтан, шаруашылық иесі ұдайы қолда бар жерін жақсартып, құнарлылығын арттырып, әр гектардан өндірілетін жемшөпті көбейте беруге мүмкіндігі зор.

Заман ағымына сай селекция бағытын бойындағы қуатын құйрыққа емес, бөксесіне, арқасына, қабырғасына жинайтын қойдың отарын қалыптастыруға қарай бағыттадық. Біріншіден, еттілігі жоғары, яғни, бөксесі толық, кеудесі мен арқасы кең, қабырғасына ет жиналатын малды таңдап алсақ, екіншіден, осы малдардың тез жетілуіне және салмағына мән бердік. Жүн сапасы назардан тыс қалған жоқ. Сөйтіп, ерте жетілген қозыларды сол жылы аталық ретінде пайдалану әдістерін қолдандық. Сұрыптау кезінде 6-7 айлығында 50 кг асатын қошқар тоқтылар, еттілігі жағынан және жүн сапасы бойынша қатаң сұрыптаудан өткізіліп, көбіне  қолдан ұрықтандыру жолымен қар-қынды пайдаланылды. Осы әдіс өндірістік сынақтан өтіп, ғылыми жұмысымызға жаңалық ретінде енді. Ғалымдардың қолданған осы батыл шешімі өте жақсы нәтижесін көрсетті. Біріншіден, малдың еттілігі артты, екіншіден, қозылардың ерте жетілуі тектік қасиет ретінде қалыптасты. 2011 жылы мемлекеттік селекциялық жетістіктер ретрінде тіркелген биязы жүнді қойдың етті бағыттағы жаңа тұқымы «Етті меринос».

"Етті меринос" қой тұқымының ет сапасы және тез жетілгіштігі жағынан артықшылықтарын көрсетеді. Шаруашылық деректері бойынша жаңа тұқым қойларының ет өнімділігі бастапқы жергілікті тұқымның көрсеткіштерінен 15-20%-ға артық. Ұша және жұмсақ ет шығымы 5-7%-ға көп. Жаңа тұқымның таралу аймағы кең: жаңа тұқымның асыл тұқымды малдары Алматы облысының 4 ауданында өсіріледі: Талғар, Кербұлақ, Ескелді және Көксу аудандары. Көрсетілген 4 аудандағы қолда бар 500 мыңнан астам қойдың 400 мыңнан астамы «Етті меринос» қой тұқымы.

Жаңа «Етті меринос» қой тұқымы – республикада экологиялық таза қой және қозы етін беретін етті бағыттағы қой шаруашылығын құру мақсатындағы құнды селекциялық материал. Осындай жағдайларда селекциялық жұмыстарды жүргізудің үлгісі ретінде Алматы облысының «Жетісу» аймақтық қой өсірушілер одағын атауға болады. Мұнда ең үздік тұқым мал шаруашылықтарынан сатып алынған және бір жерге шоғырландырылған аталық қошқарлар шаруа қожалықтарындағы саулықтарды ұрықтандыруға пайдаланылып жүр.

Осылайша, жыл сайын 140 мыңнан астам биязы жүнді саулықтар жаңа тұқым қошқарларымен ұрықтандырылып, аймақтағы қойлардың сапалық жағынан жақсарып келе жатқаны байқалады.

Қорытып айтқанда, қой шаруашылығы – нарықтық экономика жағдайында бәсекеге шыдап, пайдалы және табысты сала бола алады. Ол үшін зоотехния мен малдәрігерлік ғылым жетістіктерін іздеп тауып, өндіріске пайдалана беру қажет. 

Бейбіт ҚҰЛАТАЕВ,

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің профессоры,

ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты,

Райымбек ауданының Құрметті азаматы