БИЫЛ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ҮШ БАҒЫТТАҒЫ ЖАҢА ЖОЛДЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БІТЕДІ

Уақыты: 14.04.2022
Оқылды: 1623
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Биылғы жол-құрылыс маусымында Алматы облысындағы Күрті-Бурылбайтал, Күрті-Қапшағай, Үшарал-Достық және Шамалған станциясының айналма жолдары пайдалануға беріледі.

"ҚазАвтоЖол" компаниясы баспасөз қызметінің мәліметінше, Күрті-Бурылбайтал аралығындағы 143 шақырым жолдың құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады. «Бұдан бөлек, Күрті-Қапшағай (67 шақырым) жобасының бір бағыттағы қозғалысын ашу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Үшарал-Достық (180 шақырым) тас жолында қозғалыс ашылады», - делінген баспасөз хабарламасында.

Қазір ұзындығы 6 шақырымға созылып жатқан Шамалған станциясының айналма жолында құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жылдың соңына дейін бұл нысан да пайдалануға берілмек.

Айта кетейік, бұған дейін Шамалған станциясындағы жол-көлік апатынан соң жаңа көпір салынып жатқаны туралы хабарланған болатын.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"