ШАРУАЛАРДА ТЫНЫМ ЖОҚ. САРҚАН АУДАНЫНДА КӨКТЕМГІ ДАЛА ЖҰМЫСЫ ҚЫЗУ

Уақыты: 18.04.2022
Оқылды: 1486
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Саялы Сарқан өңірі - аграрлы аудан. Түгін тартсаң майы шығатын құнарлы өлкеде биыл жалпы егістік жер көлемі 98 176 гектарды құрап отыр. Оның ішінде, 490 гектар аумаққа дәрілік шөп егіледі. Бұл туралы Сарқан ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ерте көктем келісімен диқандар техникаларын сайлап, алқаптарда жер жырту, тегістеу жұмыстарын аяқтады. Бүгінде олар себу жұмыстарына кірісіп кетті. Аудандық ауылшаруашылық бөлімінің мәліметі бойынша, биыл өңірге 60 мың га дәнді дақылдар, 18 700 га күздік бидай, 28 000 га жаздық арпа, 5 000 га жүгері, 20 621 га майлы дақылдар, 980 га картоп, 660 га көкөніс, 14 306 га көп жылдық шөп, 490 га дәрілік шөп және 1000 га қант қызылшасын себу жоспарланып отыр.

«Көктем айы басталысымен шаруаларда тыным жоқ. Жер жыртып, дән егіп, бел жазбай еңбек ететін кез. Біздің мақсат мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау таныту. Сондай-ақ, жыл сайын жерді тиімді игеру, ауыспалы егістікті қолдау арқылы жерді тозып кетпеуден сақтап, еккен дәннен мол өнім алу. Заман талабына сай алынған техникалардың арқасында көктемгі жер жырту, тегістеу, себу және күзгі жиын-терін жұмыстарын межесінен бұрын аяқтауға мол мүмкіндігіміз бар», - дейді аудан әкімінің орынбасары Асқат Мейрамғалиұлы.

Айта кету керек, өткен жылы 1 млрд. 700 млн.теңгеге 80 дана әр түрлі ауыл шаруашылық техникасы сатып алынған.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"