ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВТЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН ӨТКЕН ЖИЫНДА МАҢЫЗДЫ ЕКІ МӘСЕЛЕ ҚАРАЛДЫ

Уақыты: 20.04.2022
Оқылды: 1076
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысының әкімі Қанат БОЗЫМБАЕВТЫҢ басшылығымен маңызды екі мәселені талқылаған отырыс өтті. Оның біріншісі – облыстың 2022 жылдың бірінші тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және екінші тоқсанға арналған міндеттер туралы. Екіншісі 2021-2025 жылдарға арналған «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасын іске асыру барысына арналды.

Алғашқы мәселе бойынша экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов баяндама жасады. Баяндамашының сөзінше, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында облыс экономикасының өсімі 104,9%-ды құраған. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 6,5 пайыз, ауылшаруашылығының жалпы өнімі 2,2 пайыз, құрылыс жұмыстары 5,4 пайызға артып, 229 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.

Облыс экономикасына 97 млрд.теңге инвестиция тартылып, жергілікті бюджетке түсетін түсім өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 31 пайызға өскен. Жыл басынан 10 151 жұмыс орны ашылып, жұмыспен қамту оң нәтиже көрсеткен.

Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 17 өңірде өскен. Бұл елдің экономикалық жағынан өрлеуіне ықпал етіп, әлеуметтік жағдайдың да жақсаруына оңды әсер ететіні белгілі. Кәсіпкерлік салада «әттеген-ай» дегізетін жағдайлар да орын алған. Мысалы, Көксу, Райымбек аудандарында кәсіпкерлік белсенділіктің төмендеуінен бюджетке түсетін түсім азайған. Облысқа күш беріп отырған «Қайнар АКБ», «КелунКазфарм», «Метакон», Қапшағай ГЭС-і, "Кнауф ГипсҚапшағай", «Мойнақ ГЭС» кәсіпорындарының өнім өндіруі азайған. Өкінішке қарай, «Текелі тау-кен өңдеу кешені» өнім өндіруді тоқтатқан.

Жиын барысында облыс басшысы Қанат Алдабергенұлы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Диас Серікұлына «Инвестиция көлемінің өсуі үшін қандай шаралар қабылдауды жоспарлап отырсыз, бұл үшін жасалған жобалар бар ма және жоспар орындала ма?» деген сауал қойды. Диас Серікұлы бағаның қымбаттауына байланысты облыс бойынша 67 құрылыс нысанының іске қосылмағанын айтты.

Бұл орайда облыс басшысы Қанат Алдабергенұлы құрылыс басқармасының басшысы Саят Қараласовтан құрылысқа ақша бөлу жайы қалай екенін де сұрады. Сұраққа жауап берген С.Маратұлы әлеуметтік-экономикалық дамудың бірқатар негізгі көрсеткіштері төмендегенін айтты. Мысалы, инвестиция көлемі 41 пайызға, құрылыс 3, сауда 4,6, тұрғын үйді пайдалануға беру 1,1 пайызға төмендеген.

Осы мәселе бойынша Талғар ауданының әкімі Қайдар Әбдіханов пен Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаевқа бюджетке түсетін түсімді орнына келтіру тапсырылды.

Жиында ауылшаруашылығы дақылдарының барлық егіс алаңы 974,1 мың гектарды құрап, өткен жылғы деңгейден 1,3 мың гектарға артық екендігі айтылды. Сондай-ақ, ауылшаруашылығы дақылын егетін 244,9 мың гектар жер жыртылғаны белгілі болды. Оның ішінде дәндік жүгері 3,9 мың гектар, қант қызылшасы 2,7 мың гектар, картоп 2,5 мың гектарды құрап, майлы дақылдардың 2,1 мың гектарға төмендегені айтылды. Яғни, ауылшаруашылық саласында да ісі алға басқандар мен шаруасы шатқаяқтағандар бар.

Жиында ұсақ мал мен ірі қараның басын азайтып алған шаруашылықтардың бары айтылды. Бұл орайда Панфилов, Жамбыл, Райымбек, Ескелді, Кеген, Қарасай, Еңбекшіқазақ, Ақсу аудандары мен Қапшағай қаласында төрт түліктің саны едәуір азайған. Осыған орай ет, сүт өндіру көлемі де бұрынғыдан төмендеген. Бұл жайында болашақта нақты шаралар жасалатын болды.

Баяндамашы сәуірдің ортасындағы талдау бойынша азық-түлік бағасының едәуір өскенін тілге тиек етті. Әлеуметтік маңызы бар 19 тауардың алтауының бағасы өскен. Мысалы, қырыққабат 2,5 есе, қант 1,4 есе, картоп пен пияз 1,3 есе, тұз және қарақұмықтың құны 1,2 есеге өскен. Бағаның айтарлықтай көтерілуі Алакөл, Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Іле, Қарасай, Панфилов, Райымбек, Талғар аудандарында және Талдықорған қаласында байқалады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуін тежеу үшін бюджеттен 5,7 млрд. теңге бөлінген. Тұрақтандыру қорында 1,2 мың тонна азық-түлік тауарлары жинақталған.

Отырыстағы келесі сөзді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбеков алып, медицина саласындағы жетістіктер мен кемшіліктерге тоқталды. Облыста 834 медициналық ұйым қызмет көрсетеді, соның 753-і – ауылдық жерде.  Өткен жылы 24 ана өлімі жағдайы тіркелген.

Осыған жол берген бір бас дәрігер мен бас дәрігердің орынбасары жұмыстан босатылды. Медициналық ұйымдардың 10 басшысы мен 57 маманына қатаң сөгіс берілді. Акушерлік іс бойынша Республикалық ауыр акушерия орталығының және Ковид орталығының мамандарынан консультация алу ісі жолға қойылған. Мәселен, 2021 жылы 116 рет осындай консультация алынған. Соған қарамастан Талғар, Панфилов, Еңбекшіқазақ, Қаратал аудандары мен Қапшағай қаласында ана мен бала өлімі орын алған. Талғар ауданында өлім-жітім саны артқан. Жүрек-қантамырлары, онкологиялық аурулар мен туберкулезден қайтыс болу дерегі көбейген. Ана өліміне де жол берілген. Облыс басшысы Қанат Алдабергенұлы ауданның денсаулық сақтау саласының жұмысына арнайы комиссия құрып, талдау жасау керектігін айтты.

Облыста дәрігер-маман жетіспейді. Кейбір аудандар бұл мәселені мамандардың әлеуметтік жағдайын жақсарту арқылы шешкен.  Көп жағдайда баспана мәселесі маманның келуіне қолбайлау болуда. Сондықтан, аудан басшылары денсаулық сақтау саласына жағдай жасап, үй салу, көтерме ақы беру арқылы дәрігермен қамтудың жолын ойластырған.

Бүгінде қан айналымы жүйесі сырқаттары көбейген. Осы күнге дейін кардиология орталығына 2,5 млрд.теңге бөлініп келген. Өмірзақ Әбілсейітұлы кардиология жұмысын жақсарту үшін бұл қаржының жеткіліксіз екенін айтты. Яғни, қаржыны 4,0 млрд. теңгеге жеткізу жайлы ұсыныс білдірді. Облыста алдағы уақытта 24 блокты-модульді медицина пункті салынбақшы. Сондай-ақ, 4,4 млрд. теңгеге 106 бірлік медицина техникасы алынбақшы. Биыл облысқа 51 резидент шақыру жоспарланған.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Қанат Бозымбаев биыл облыстың даму бюджеті 117 млрд. теңгені құрап, облыс бойынша 244 жоба іске асырылғанын айта келіп, бюджетті нақтылау кезінде жаңа жобаларға қосымша 60 млрд.теңге бөлінетінін жеткізді. Ол орынбасарлары Лаззат Тұрлашов пен Жеңіс Тұяқовқа және барлық басқарма басшыларына, аудандар мен қалалардың әкімдеріне конкурстық рәсімдердің уақытында аяқталуын, жобалардың белгіленген мерзімде жобалардың іске асырылуы мен бөлінген қаражаттың толық игерілуін қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ, ауылшаруашылығы басқармасына аудан әкімдерімен бірлесіп, егіс жоспарын орындауды, шаруаларды вегетациялық кезеңде қажетті сумен қамтамасыз етуді, ирригациялық желілерді қайта жаңарту жөніндегі жобалардың іске асырылуын қадағалауды тапсырды. Облыста кәсіпкерлікті дамыту мен егіс алқаптарын тиімді пайдалануға бар мүмкіндік жасалғанын айтып, жұмысты жандандыру үшін белсенділік таныту керектігін қадай ескертті.

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы