ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ ЖЕТІСУДЫҢ ІНЖУ-МАРЖАНЫ АЛАКӨЛ АУДАНЫНА БАРДЫ

Уақыты: 22.04.2022
Оқылды: 1502
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жұмыс сапарын Алакөл ауданында жалғастырған Алматы облысының әкімі Қанат БОЗЫМБАЕВ Ақжар ауылындағы «Жазылбеков және компания» сенім серіктестігінің егістік алқабын көріп, онда көктемгі егіс жұмыстарының барысымен танысты. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

2006 жылы құрылған серіктестіктің 21 000 гектар жері бар. Оның ішінде егістік 4950, шабындық 3500, жайылымдық 12 550 гектарды құрайды. Биыл себілетін егістік көлемі бойынша күздік бидай 1200, жаздық арпа 1800, жаздық бидай 1000, күнбағыс 350, азықтық дақылдар 600  гектар. Шаршуашылықта 1100 бас ірі қара, 9000 қой-ешкі, 250 бас жылқы төлі бар. Ұсақ мал бордақылау алаңының жылдық қуаты – 2,5 мың бас. 230 адам жұмыспен қамтылып, оларға орташа есеппен 125 мың теңге жалақы төленеді.

Көрме арқылы Алакөл ауданы әкімінің орынбасары Арман Қабаев өңірдің егін және мал шаруашылығы бойынша атқарылып жатқан жұмысты баяндады. Оның ішінде, 2022-2024 жылдары жүзеге асырылатын инвестициялық жобаларға ерекше тоқталды. «Алакөл Агро» серіктестігінің, «Болашақ», «Құмар» шаруа қожалықтарының мал бордақылау алаңдары салынады. Құны 2,1 млрд. теңгелік «Агро Павлодар Құс» серіктестігінің қайта өңдеу зауыты күніне 200 тонна майлы дақылдарды өңдейді. Құны 1 млрд. теңгелік «Алакөл асыл жылқысы» серіктестігінің жылқы фермасы қуаттылығын 20 мың басқа жеткізбекші. Құны 2,5 млрд. теңгелік «Алакөл Агро» серіксестігінің қой шаруашылығы фермасы қуаттылығын 100 мың басқа жеткізіп, 700 адамды жұмыспен қамтымақ.

Әрмен қарай Қанат Алдабергенұлы Лепсі ауылындағы көпір құрылысының жұмысымен танысты. Жобаның құны 287,3 млн. теңгені құрайды. 158,1 млн. теңгесі игерілді. Биылға 129,2 млн.теңге бөлінген. Бас мердігер «СМП-306» ЖШС өкілдерінің айтуынша, құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты құрылысты бастауға 30 млн.теңге жетпей тұр. Аймақ басшысы аталған қаражаттың бөлінетінін, сондықтан, су көлемі артпай тұрып құрылыс жұмыстарын бастай беруді тапсырды.

Алакөл ауданының әкімі Алмас Абдинов, белгілі меценат Бауыржан Оспанов облыс әкіміне Лепсі ауылында орналасқан «Лепсі өнімдері» ЖШС бал өңдеу зауытының қызметін көрсетті. 2016 жылы ашылған цехтың өндірістік қуаты жылына 300 тонна бал өнімдерін шығаруға жетеді. 16 адамды жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпорын отандық және шетелдік озық технологиямен жабдықталған. Балды құю мен орау процесі жартылай және толық автоматтандырылған. Компания басшысы Фархат Абузяровтың сөзінше, дәмі, иісі, құрамындағы пайдалы заттары толық сақталуы үшін өнім термо өңдеуден өткізілмейді. Зауыт балдан бөлек денсаулыққа пайдалы, әсіресе тері ауруларын емдейтін сабын, сусабын шығарады.

Облыс әкімі Қанат Бозымбаев Лепсі ауылында салынып жатқан жалпы құны 3,9 млрд. теңгені құрайтын дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне барды. 2023 жылы құрылысы толық аяқталатын кешенде бес қабатты шағын отбасылық пәтер типіндегі жатақхана да бой көтермек. Бұл өз кезегінде республиканың өзге облыстарынан келіп дайындалатын спортшыларға да қолайлы болмақ.

Қанат Алдабергенұлы жұмыс сапары барысында Лепсі тарихи мұражайындағы құнды жәдігерлерді тамашалап, өңірден шыққан атақты тұлғалар мен олардың ғибратты ғұмыр жолы жайлы мәліметтерге қанықты.

Биыл облыс жолдарының салынуы мен жөндеуіне 54,6 млрд.теңге қарастырылған. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың деңгейі 89 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш Алакөл ауданында – 44,5 пайыз. Биыл аудан бойынша 32 шақырым жолды жөндеуге 1,3 млрд. теңге бөлінді. Нәтижесінде, қанағаттанарлық жолдың үлесі 46 пайызға жетпек. Соның өзінде бұл облыстағы ең төменгі көрсеткіш. Осыған байланысты облыс әкімі Қанат Бозымбаевқа Алакөл ауданына жасаған сапары барысында жөндеуді талап ететін Үшаралдан Ж. Балапанов ауылына дейінгі кірме жолдың жағдайы таныстырылды.

Облыс бойынша республикалық маңызы бар автожолдарды қайта қалпына келтіру мен күрделі жөндеу жұмыстары жайлы «ҚазАвтоЖол» ҰК» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Ержан Жасыбаев баяндады. Қазіргі таңда «Талдықорған-Өскемен» тас жолының 312 шақырымына 123 млрд. теңге қарастырылған. «Ситик Констракшн» ҚХР мердігерінің мәліметінше, қажетті техника сақадай-сай. Жергілікті тұрғындардан құралған 1500 адам қаржы бөлінсе, құрылысты бастауға дайын. «Күрті-Бурылбайтал», «Қапшағай-Күрті» тасжолының құрылысы біртіндеп жүріп жатыр. Бұдан бөлек, «Ұзынағаш-Отар», «Үшарал-Достық» жолына қажетті қаражат бөлініп, жоспарға  сай құрылыс жұмыстары жасалуда. Қанат Алдабергенұлы аталған жолдарды салу барысының қатаң қадағалауда болатынын айтып, барлық құрылысты биыл аяқтауды тапсырды. Оның ішінде «Алтын Орда» маңындағы жол құрылысы да бар.

Аймақ басшысы Үшарал әуежайының ұшып-қону алаңындағы қарқынды жүріп жатқан жөндеу жұмыстарымен танысты. Жобаның жалпы құны 9,3 млрд. теңгені құрайды. Ұшып-қону жолағы 2,5-тен 2,7 шақырымға ұзарды. 26 сантиметрлік екі қабат бетон төселуде. Астыңғы қабат 95 пайызға бітіп тұр. Мамырға дейін аяқталып, үстінгі қабаты жасалмақ. Жұмысшылар 12 сағат бойы екі кезекпен жұмыс істеуде. Құрылысты 15 маусымға дейін бітіру жоспарланған. Сонымен қатар, әуежай қажетті арнайы техникамен қамтасыз етілген.

Облыс әкімі Қанат Бозымбаев ел экономикасына тың серпін беретін «Dar railInfrastructure» ЖШС-мен Достық стансысында ауыстырып тиеу контейнерлік терминалының құрылысы бойынша меморандумға қол қойды. Ынтымақтастық арқылы 29 млрд.теңге инвестиция тартылып, 230 жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ, жылына 9 млн. жүк тасымалданып, 300 мың контейнерді Қытай Қазақстан арқылы Еуропаға жібереді. Бұдан бөлек, аталмыш компания жергілікті тұрғындарға әлеуметтік көмек те көрсетеді. Бастапқыда халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 20 үй салады. Осы сынды иігілікті істер жыл сайын атқарыла бермек.

Келесі кезекте аймақ басшысы Қанат Алдабергенұлы аудандық Мәдениет үйінде өңір тұрғындарымен кездесіп, Жетісу жерінің оң көрсеткіштерін баяндады. Өз сөзінде 2025 жылға дейін 14 мың жұмыс орны ашылып, 1,8 трлн. теңгеге 316 инвестициялық жобадан тұратын пул құрылатынын қуанышпен хабарлады. Облыс экономикасының дамуына Алакөл ауданының айтарлықтай үлес қосып жатқанын айтқан облыс әкімі:

- Аудан ауылшаруашылығы дақылдарының егістігі бойынша облыста бесінші орында. Алакөл ауданында қант қызылшасы, майлы дақылдар, бақша өнімдері мен картоп өсіруден негізгі өндірушілердің бірі болып табылады. Алайда өткен жылы майлы дақылдардың жалпы түсімі 6,8 мың тоннаға төмендеп, 56 мыңды құрады. 18 қайта өңдеу кәсіпорнында 168 адам жұмыс істейді. Шикізаттың болмауына байланысты үш өңдеуші кәсіпорын жұмыс істемейді, – деп жауапты тұлғаларға аудан әкімімен бірлесіп ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру, тоқтап тұрған кәсіпорындардың жұмысын жандандыру және өндіріс көлемін ұлғайту бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.

Облыстың өнеркәсіп өндірісінде ауданның үлесі бар болғаны 0,6 пайызды құрап, 14 орынға тұрақтаған. Қаңтар-наурыз айларында инвестиция көлемі 6 пайызға артып, 5 миллиардқа жуық теңгені құрады. Инвестиция тарту бойынша аудан 5 пайыз үлесімен облыста жетінші орынға ие. Ағымдағы жылы 21 жұмыс орнын құрумен жалпы инвестиция сомасы 359 млн. теңгеге барлығы 3 жобаны іске қосу жоспарлануда. Аймақ басшысы 3,8 мың ғана шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейтінін айтып, инвестор тарту, ұлттық жоба шеңберінде кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік қолдау көрсету жұмысын күшейтуге баса мән беру қажеттілігін сөз етті.

Бүгінде халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша қарқынды жұмыс жүргізілуде. Биыл ауданда 24 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда, оның ішінде 20,8 мың шаршы метр халық есебінен. Ал, жыл соңына дейін Үшарал қаласында 60 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға беріледі. Нәтижесінде 30 әлеуметтік тұрғыда осал және көпбалалы отбасы пәтер алады. Сонымен қатар, құрылысы 2019 жылдары басталған 4 көпқабатты үйлер әлі күнге дейін қолданысқа берілмеген. Онда барлығы 160 пәтер бар. Ал, аудан бойынша тұрғын үй алу кезегінде 1449  адам бар. Осы мәселені тез арада шешу аудан әкімі Алмас Абдиновқа тапсырылды.

Қанат Алдабергенұлы ауызсу, газ тарту сынды шараларды айта келе, өңірдегі туризм саласына ерекше тоқталды.

- Алакөл – Жетісу өлкесінің інжу-маржаны. Жазғы маусымның қорытындысы бойынша қосымша авиарейстер мен пойыздар есебінен көл жағалауына бір миллионнан астам адам келді. Туристердің артуына байланысты біз жағалауды абаттандыру жұмыстарын жалғастырудамыз. Атап айтқанда, Ақши ауылының сумен қамтамасыз ету жүйесі жаңартылды, қайта салынды. Жыл соңына дейін Қабанбай-Көктұма автожолын орташа жөндеу аяқталады. Жолаушыларға қолжетімді бағамен қолайлы жағдай жасау үшін мен «Қазақстан темір жолымен» «Тальго» жүрдек пойызын іске қосу туралы меморандумға қол қойдым. Оның рейстері жергілікті бюджет есебінен субсидияланатын болады, – деген облыс әкімі жағалауға электр энергиясын беруде бірқатар мәселе бар екенін жеткізді. Сол себепті Ақши ауылында 67 шақырым электр желісін тарту және қайта жаңарту жобасын іске асыруға жергілікті бюджеттен 300 млн. теңге қаралған. Сондай-ақ, «Ақши» жаңа қосалқы стансысын салу, Бескөл электр желісін қайта жаңарту үшін жобалық-сметалық құжаттамаға 10 млн. теңге бөлінді. Осы жобалар бойынша қазіргі уақытта конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Жоғарыда көрсетілген шаралардың арқасында, ағымдағы жаз маусымында Алакөл көлінің жағалауына 1,4 млн. демалушы келеді деп күтілуде.

Жиында жұмыспен қамту, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт саласына қатысты мәліметтер ортаға салынды. Әрмен қарай аудан тұрғындары сұрақ қойып, талап-тілек, ұсыныстарын жеткізді. Айталық, Достық ауылындағы екі мектепте 1710 оқушы білім алуда. Бала санының көбеюіне байланысты мектеп үш ауысымға ауысуы мүмкін. Ұстаздар атынан Қарлығаш Исабекова шығып, жаңа мектеп салуға жәрдемдесуді өтінді. Жаңа мектептің жобалық-сметалық құжаты 2020 жылы жасалған. Жалпы құны 2 млрд.600 млн.теңгені құрайды. Сондықтан аталмыш мектеп республикалық бюджет есебінен 2023-2024 жылдары салынады.

Еңбекші ауылының тұрғыны Марат Ыбраевтың: «Ауылдағы медициналық амбулатория өртеніп кетті, «Жедел жәрдем» көлігі бір күн жүрсе, үш ай тұрады. Әбден ескірген. Осыған сіздің көмегіңіз керек», – деген сауалына облыс әкімі: «Кезекті мәслихат отырсына ұсыныс беріп қойдық. 65 млн. теңгеге ағымдағы жөндеу жұмысын биыл жасаймыз. «Жедел жәрдем» көлігі бойынша, облысқа 400 дана керек. Биыл бәрін ала алмаймыз. 100 көлікке тапсырыс бердік. Соның біреуін сіздерге береміз», – деді. Жеке кәсіпкер Айдын Ахметқали 500 млн.теңге инвестиция құйып, бетон бұйымдарын шығаратын зауыт салғысы келетінін айтып, сол үшін екі гектар жер беруді сұрады. Қанат Алдабергенұлы жолданған сұрақты жеке бақылауға алып, жер берілетінін айтты.

Облыс әкімі Қанат Бозымбаев Үшарал қаласындағы қазандықтарды жаңарту, Алакөл гуманитарлық-техникалық колледжін күрделі жөндеуден өткізу, 10 сотық жер теліміне кезекке тұру, баспананы меншіктеу сынды жолданған сұрақтарға да жауап беріп, әр көтерілген мәселе алдағы уақытта шешімін табатынын айтты.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Алакөл ауданы

Алматы облысы