АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА БИЫЛ 454 ШАҚЫРЫМ ЖОЛ ЖӨНДЕЛЕДІ. ҚАРЖЫ БӨЛІНІП ҚОЙДЫ

Уақыты: 24.04.2022
Оқылды: 1278
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысында өткен жылы 27,8 млрд.теңге сомасына 439 шақырым автомобиль жолы жөнделді, ал биыл 454,1 шақырым облыстық маңызы бар жол жаңартылады деп күтілуде. Бұл туралы Алматы облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Серік Самұратов мәлімдеді.

2021 жылы облыстық маңызы бар 30,3 шақырым автомобиль жолы мен 6 көпірге күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Бұл мақсатқа қазынадан 3,8 млрд.теңге қарастырылған. Сонымен қатар, 219,5 шақырым автомобиль жолы орташа жөндеуден өтті, бұған 7,0 млрд.теңге бөлінсе, 18,3 шақырым жолдың құрылысы мен қайта құру жұмыстарына 8,8 млрд.теңге қаржы жұмсалған.

- Биыл да біршама жұмыс атқарылмақ. Жылдың соңына дейін 454,1 шақырым жол жөнделеді деп жоспарланған. Бұған бюджеттен 35,4 млрд.теңге ақша аударылып отыр, - деп атап өтті спикер.

Айта кетейік, бүгінде өңірдегі туристік кластерді дамыту аясында Балқаш көліне дейінгі 102 шақырым жолды қайта жөндеу бойынша 3,5 млрд.теңге сомасына құрылыс-монтаж жұмысы жүргізілуде. Сондай-ақ, Үшарал әуежайының ұшу-қону жолағы да қайта жаңғыртылуда.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"