АЛМАТЫ ОБЛЫСЫН ГАЗДАНДЫРУ: ІС ПЕН НӘТИЖЕ. ФИЛИАЛ ДИРЕКТОРЫМЕН СҰХБАТ

Уақыты: 25.04.2022
Оқылды: 1349
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Аймағымызды табиғи газбен қамтамасыз ету үшін бірнеше жылдан бері тыңғылықты жұмыс атқарылып келеді. Қазірдің өзінде облыс-аудан орталығы мен қалалар, бірқатар елді мекен тұрғындары табиғи газға қосылып, игілігін көре бастады. Газдандырудың қаржы мен уақытты және энергиялық ресурстарды үнемдеу, қажетті температураға жылдам қол жеткізу, экологиялық тазалықты сақтау сынды артықшылығы көп. Өңірді газдандыру жұмысы республикалық немесе жергілікті бюджеттің, инвесторлардың қаржысы арқылы атқарылады. Жалпы, аймақты газдандыру жұмысы қарқынды жүргізілуде. Десе де, әлі де атқаратын жұмыс жеткілікті. Осы және басқа да сұрақтарға жауап алу үшін «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жетісу өндірістік филиалының директоры Равиль ИСМАИЛОВПЕН кездесіп, сұхбаттасқан едік.

– Равиль Қасымұлы, алдымен сіз басқарып отырған мекеменің жұмыс бағытымен танысып өтсек?

– Өңірді газдандыру жұмысында «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жетісу өндірістік филиалы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының талаптарына сай жұмыс атқарады. Біздің филиалдың негізгі міндеті – табиғи газды тұрғындарға қауіпсіз және үзіліссіз беру. Сондай-ақ, апаттық-диспетчерлік, газды пайдалану, өткізу және газбен қамтамасыз ету, үйдегі газ жабдықтарына қызмет көрсету сияқты міндеттерді атқарады.

Бәрімізге мәлім, табиғи газ өзінің құрамы бойынша сұйытылған газдан ерекшеленеді. Сондықтан газ құбыры жүйесінің өзгеше техникалық сипаттамасын талап етеді. Сонымен қатар, нысандарды табиғи газ көзіне қосу қауіпсіздік техникасының заманауи талаптарына сәйкес келуі тиіс. Тұтынушыларды табиғи газбен қамтамасыз ету  үшін «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жетісу өндірістік филиалының нысанның алдын ала сметалық есебін құруға, жобалауға, салуға және газға қосуға көмек көрсетуге толық мүмкіндігі бар, тәжірибелі мамандары жеткілікті. Тұрғындарды тарбиғи газбен қамтамасыз ету үшін алдымен құрылыс-монтаждау жұмысына шарт жасалады. Осыдан кейін газбен жабдықтау жұмысы  жүргізіледі. Бұл жұмыстардың барлығы ҚР "Газ және газбен жабдықтау туралы" Заңының баптарына сүйене отырып жасалады.

– Жалпы, Алматы облысының, оның ішінде Талдықорған қаласын газдандыру жұмысы қалай жүргізіліп жатыр?

– «QazaqGaz» ҰК» АҚ еншілес компаниясы саналатын «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ, оның Жетісу өндірістік филиалы 2014 жылдан бері Алматы облысының Талғар және Іле аудандарының 18 елді мекенін және 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап Талдықорған қаласын көгілдір отынмен қамтамасыз етіп келеді. Өндірістік филиал толыққанды материалдық-техникалық базасы бар, халықты табиғи газбен қауіпсіз және үздіксіз қамтамасыз етуге қажетті заманауи инновациялық технологиялармен жабдықталған. Түрлі қызметтерге 200-дан астам қызметкер тартылған.

Алматы облысындағы 742 елді мекеннің 474-і газдандыруға жатады. Бүгінде 156 елді мекен газдандырылып, 1,2 миллион адам газға қол жеткізген. Біздің өндірістік филиал 57795 тұтынушыға, оның ішінде 1093 коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорынға, 112 өнеркәсіп кәсіпорнына қызмет көрсетеді. Өткен жылу беру кезеңінде газға 8 мыңнан астам тұтынушы қосылды.

Талдықорған қаласын газдандыру жұмысының басым бөлігі аяқталды. Талдықорған қаласы бойынша газ құбырларының жалпы ұзындығы 861269 шақырымды құрайды. Бүгінгі таңда 23308 жеке тұрғын үйдің 11118-і, 27423 пәтердің 13 580-і, 5162 кәсіпорынның 204-і газға қосылған. Жалпы, қаланы газдандыру жұмысы нәтижелі жүріп жатыр деп айтуға болады.

– Газдандыру жұмысындағы ең басты мәселе – апаттық жағдайларды болдырмау немесе қауіпті жағдайлардың алдын алып отыру. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?

– Апаттық-диспетчирлік жұмыстың негізгі міндеті – газ  тарату жүйелерінің жұмыс режимін басқару, газдандыру нысанында  апаттардың алдын алу және жою бойынша жұмыстарды орындау. Осы тұрғыдан келгенде біздің мамандар мереке, демалыс күндеріне қарамай, тәулік бойы жұмыс істейді. Штатта 5 диспетчер, 4 инженерлік-техникалық қызметкер және 8 слесарь бар. Авариялық-қалпына келтіру жұмыстарына 4 көлік жұмылдырылған.

2021 жылғы 14 қарашадан бастап осы жылдың 15 сәуірі аралығындағы кезеңде газ құбырларында судың болуы және газ құбырлары мен олардағы құрылыстардың мұздануы себебінен 16827 өтінім түсті. Орта есеппен күніне 300-600 өтініш түседі. Филиал күн сайын түсетін осындай өтінімдерді қанағаттандыру үшін тынымсыз еңбек етті. Соның арқасында биылғы жылыту маусымында былтырғыға қарағанда шағымдар 4 есеге азайды.

– Шынымен де, алдыңғы жылдары жылыту маусымы кезінде газ құбырларынан су шығып, көгілдір отын сөніп қалып, тұрғындарды біраз әбігерге салып еді. Осы жылыту маусымында мұндай шағымдар азайған болып тұр ғой?

 – Иә, биылғы жылыту маусымында тұтынушылар тарапынан шағымдар азайды. Жылу беру маусымы штаттық режимде өтті. Осы жылыту маусымының қолайлы өтуіне өндірістік филиалдың былтыр жаз бойы толық көлемде жүргізген күзгі-қысқы кезеңге кешенді дайындық шаралары ықпал етті.

Өткен жылыту маусымында Талдықорған қаласы бойынша 4 мыңға жуық өтініш түскен. Өтініштер оқиғаның күрделілігі мен сипатына қарай белгіленген технологиялық мерзімде қарастырылды. Өтініштердің негізгі себебі – газ құбырларында және олардың бойындағы нысандарда  конденсат, мұз тығындарының пайда болуы.

Мәселен, өндірістік филиалда газ құбырлары мен олардың бойындағы нысандарға жоспарлы техникалық қызмет көрсету және жөндеу жұмыстарымен қатар конденсат коллекторларын, дренаждық құбырларды орнату, жоғары және орташа қысымды газ құбырларын тазарту жұмысы жүргізілді. Мұз қату ықтималдығы жоғары аймақтарда барлығы 4 конденсат коллекторы мен 8 дренаждық құбыр орнатылды. Бұл жұмыстар 2020-21 жылғы жылыту маусымымен салыстырғанда осы жылыту маусымында конденсаттың пайда болуы мен мұз қатуына байланысты газ беруді тоқтату оқиғаларын 4 еседей қысқартуға септігін тигізді.

Күнделікті өмірде газды қауіпсіз пайдалану және ықтимал жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында төтенше жағдай мекемелерімен бірлесіп, пресс-тур, рейд, тұрғындармен кездесулер жүйелі түрде өткізіліп, БАҚ-та, әлеуметтік желілерде қауіпсіздік ережелері туралы бейнематериалдар, мақалалар жарияланды. Сондай-ақ өндірістік филиал көктемгі су тасқыны кезінде нысандар мен жабдықтарды пайдалануға дайындау бойынша жоспарлы жұмыстарды атқарды. Филиал су деңгейі көтерілген кезде, болуы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алу және жою үшін барлық қажетті материал, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Осындай тыңғылықты жұмыстар негізінде өткен жылыту маусымында ерекше қауіпті жағдай орын алған жоқ.

Тағы бір кешенді жұмыс – қаладағы жылыту қазандықтарын газға ауыстыру. Бұл жұмыстардың қандай пайдалы тұстары бар?

– Өткен жылы Талдықорған қаласының екі жылыту қазандығы табиғи газға ауыстырылды. Газға ауыстыру кезінде №1 қазандықтан 504,9 тонна, №3-411 қазандықтан 8 тонна зиянды шығарынды азайды. Алдағы уақытта  Талдықорған қаласының № 2, 5 кварталдарындағы қазандықтарды газға ауыстыру туралы жұмыс жүріп жатыр. Бұл бірінші кезекте, атмосфераға шығарындыларды азайтып, өңірдің экологиялық жағдайын жақсартады және отын сатып алуға жұмсалатын шығындарды едәуір қысқартады. Жалпы қазіргі уақытта Талдықорған қаласындағы №1 және 3 орамдық қазандықтар, Көксу ауданындағы, Қапшағай қаласындағы орталық қазандықтар, Талдықорған қаласындағы №2 және 5 орамдық қазандықтар және Ескелді ауданындағы орталық қазандығы, барлығы 7 жылыту қазандығы газға ауыстырылды.

Алматы қаласына жақын аудандардағы тұрғын үй алаптарын, әлеуметтік, өндірістік және өзге де объектілерді газға кезең-кезеңімен көшіру жұмысы да қарқынды жүргізілуде. Көппәтерлі тұрғын үйлерде табиғи газбен жылытатын модульдік қазандықтарды орнату арқылы орталық жылуға ауыстыру бойынша жұмыс қарқынды жүріп келеді. 

– Алдағы уақыттағы жұмыстарыңыз да салмақты болары анық. Бүгінгі сұхбатты пайдаланып, тұтынушыларға тағы не айтар едіңіз?

– Алдымен, тұтынушыларға, табиғи газды қолданғанда қауіпсіздік шараларын барынша сақтаңыздар дегім келеді. Өз беттеріңізше, газ жабдықтарының орнын ауыстыруға, қосымша газ құралдарын орнатуға болмайды. Ондай кезде міндетті түрде газ мамандарын шақырыңыздар. Ал біз өз кезегімізде сіздерге көгілдір отын беру арқылы үйіңізге жылу пен жайлылық сыйлауға әрдайым дайынбыз. Айта кетсем, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жетісу өндірістік филиалы жыл басындағы төтенше жағдай тұсында да барлық қажетті қауіпсіздік шарасын қабылдай отырып, штаттық режимде жұмыс істеді. Қауіп-қатердің алдын алу үшін жедел штаб құрылды және қызметкерлердің біразы қашықтан жұмыс істеуге ауыстырылса да, жұмыс тоқтаусыз жалғасты. Кейбір жағдайда компания қызметкерлері тұрғындарға телефон арқылы кеңес беріп, қажеттіліктерін шешіп отырады.

Апаттық жағдайды болдырмау үшін арнайы бригада жасақталып, тәулік бойы кезекшілікте жұмыс атқарып келеді. Бұл күнделікті және алдағы міндеттерді абыройлы атқару үшін қабылданған шаралар. Біз осылай тынымсыз және жүйеленген тәртіппен жұмыс атқарғанда ғана тұтынушыларды табиғи газбен толық және алаңсыз қамтамасыз ете аламыз.

- Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан - Қажет АНДАС

Алматы облысы