ҰЛТТЫҚ САЯБАҚТАР ҰЯЛЫ БАЙЛАНЫСПЕН ҚАМТЫЛЫП, ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ДАМИДЫ

Уақыты: 21.05.2022
Оқылды: 1404
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Шалқыған көлі, асқақ тауы, ну орманы, шалқар даласы мен салқар құмы араласқан Жетісу өңірінің табиғаты адамды баурап алады. Киелі мекен туризмді дамытуға қолайлы өңір. Облыс аумағында бес бірдей ұлттық саябақ орналасқан. Алайда ұлттық саябақтарда туризмді тиімді ұйымдастыру үшін инфрақұрылымды дамыту қажет.

Осы мәселемен былтырдан бастап «Алтынемел» және «Шарын» ұлттық парктерінің инфрақұрылымын ұйымдастыру жобасымен «Qazaq Geography» республикалық қоғамдық бірлестігі айналысып келеді. Аталмыш қоғамдық бірлестік «Шарын» және «Алтынемел» ұлттық парктеріне, Шонжы мен Ақтау тауына  барып, тұрғындармен кездесіп, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Қазірдің өзінде жоба аясында ыстық маусымда туристер үшін нағыз құтқарушы болатын сусыз дәретханалар, ауызсу бұрқақтары, көлеңкелі шатырлар, бақылау алаңдары салынған. «Qazaq Geography» қоғамдық бірлестік өкілдері саябаққа жақын орналасқан Басши және Шонжы сияқты ауылдардың тұрғындарымен кездесу барысында «Шарын» ұлттық паркінің кейбір аумақтарында ұялы байланыс іске қосылып, болашақта бүкіл аумақты қамтитынын айтты. Сонымен қатар, екі саябақтың аумағында туристерге рельефті оңай басқаруға мүмкіндік беретін ыңғайлы навигация орнатылатынын жеткізді.

Дәл осындай жағдай «Алтынемел» саябағында да жасалмақ. Аралау барысында мамандар экотуризмді дамытуға жергілікті халықты тарту жоспарларымен бөлісті. Жуырда саябақтарға жақын орналасқан ауылдардың тұрғындарына өз бизнестерін құруға мүмкіндік беретін оқыту семинарлары мен тренингтер ұйымдастырылады. Мысалы, олар қонақүйлердің жұмысын ұйымдастырып, кәдесый немесе азық-түлік өнімдерін өндіреді және сата алады.

– Біз ұлттық саябақтарда қолжетімді, жайлы, қауіпсіз және әралуан экологиялық туризмді құру жауапкершілігін өз мойнымызға алдық. Мақсатымыз – ұлттық парктің табиғатына зиян келтірместен туристер ағынын арттыру. Туристерді тарта отырып, табиғатта демалу мәдениетін жақсартқымыз келеді. Жобаның арқасында жаңа жұмыс орындары және жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту мүмкіндігі пайда болады, – деді кездесуде «Qazaq Geography» РҚБ өкілі Алмас Танғытұлы.

Қоғамдық бірлестіктің мамандары белгілі бір жұмысты бастамас бұрын, шатырды немесе су ішетін орындарды орнатпас бұрын зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Сарапшылар аумақты мұқият зерттеп, содан кейін ғана өз ұсыныстарын жасайды.

Халықпен кездесуде "Qazaq Geography" РҚБ басқарма төрағасының орынбасары Артур Абубакиров ұлттық парктерді басқару және дамыту бойынша жергілікті халықтың тілектері ескерілетінін, осыған орай тиісті шаралар ұйымдастыратынын айтты. Жуырда агротуризмді, танымдық туризмді, экологиялық туризмді өркендету мақсатында туристік пакеттер әзірленбек.

Жер жаннаты Жетісудың тарихи, көрікті жерлерінің көптігін тиімді пайдаланып, парктер инфрақұрылымын дамытсақ туристер саны артып, өңір халқының табысы өседі.

                                                                                        Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы