ДОСТЫҚ БЕКЕТІНДЕ ЖАҢА ЖҮК ТЕРМИНАЛЫ САЛЫНАДЫ - ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ

Уақыты: 26.04.2022
Оқылды: 3451
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысының әкімі Қанат БОЗЫМБАЕВ «Dar rail Infrastructure» компаниясының өкілдерімен кездесті. Инвесторлар Алакөл ауданындағы Достық бекетінде жүк терминалын салуға ниетті. Жоба «Оpen-top» жүйесі бойынша өнім тиеуге арналған ірі логистикалық парк құруға бағытталған.

Жиында Достық бекетінің даму мүмкіндіктеріне қысқаша тоқталған облыс әкімі Қанат Бозымбаев логистика саласының мемлекет дамуында ролінің артып келе жатқанын атап өтті.

- Алматы облысының «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жолының бойында орналасуы көлік-логистика саласын дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Биыл Алакөл ауданындағы Достық бекетінде «Open top» жүйесімен өнім тасымалдауға маманданған Логистикалық парк салына бастайды. Бұл облысымыздың көліктік әлеуетін одан әрі ілгерілетуге зор серпін береді деп ойлаймын. Жобаны іске асыруға 29 млрд.теңгеге дейін инвестиция тартылады. 230-дай жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Инвестордың халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарына 20 жеке тұрғын үй салып беру туралы ұсынысын қуана қабылдадық. Мұндай игі бастама өзге инвесторларға да үлгі болуы тиіс, - деді Қанат Бозымбаев.

Атап өтсек, компания бұдан былай да ауданда әлеуметтік жауапкершілікті атқаруға дайын екендіктерін білдіріп отыр. Яғни көп балалы аналарға, әлеуметтік осал топтарға тұрақты түрде көмектесіп тұрады.

Өз кезегінде компания басшысы Максим Матюк жоба туралы айтып берді. Оның айтуынша, жобаның мақсаты - шекарадағы жүк тасымалының тұрақты өсімін қамтамасыз ету. Қазіргі кезде «Достық-Мойынты» учаскесінің құрылысы басталған. Бұл транзиттік лекті одан әрі ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Кездесу барысында облыс әкімі Қанат Бозымбаев пен «Dar railInfrastructure» ЖШС бас директоры Максим Матюк өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Сол сияқты облыс басшысы Алакөл аудандық әкімдігі мен облыстық жер қатынастары басқармасына бекет аумағынан жобаны іске асыру үшін тиісті жер учаскесін қарастыруды тапсырды. Бұдан соң барып инфрақұрылым салу мүмкіндіктері қарастырылмақ.

Аталған ЖШС өкілдерінің айтуынша, компания елімізде темір жол тасымалымен бірнеше жылдан бері айналысып келеді. Тиісті жер учаскесі белгіленгеннен кейін ЖШС «Достық» бекетіндегі жобасы аясында құрылыс жұмыстарын биыл бастауға дайын.

Жобаның құны – 29 млрд. теңге. 230 жұмыс орны құрылады деп күтілуде.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"