ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВТЫҢ САПАРЫ ҰЙҒЫР АУДАНЫНДА ЖАЛҒАСТЫ. ХАЛЫҚПЕН КЕЗДЕСУ

Уақыты: 28.05.2022
Оқылды: 1651
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Бүгін Алматы облысының әкімі Қанат БОЗЫМБАЕВТЫҢ сапары Ұйғыр ауданында жалғасты. Бұл туралы "Жетісу" газетінің сайты хабарлады.

Өңірдің даму динамикасымен танысқан облыс басшысы халықпен кездесуде экономикалық өсім, білім беру сапасы, әлеуметтік мәселелер, мәдениет, туризм және ауыл шаруашылығы салалары бойынша оң көрсеткіштерді баяндап, тұрғындардың талап-тілегін, ұсыныстарын тыңдады. Шешімін таппаған мәселелер бойынша тұрғындар тарапынан түскен барлық сауалға жауап берді.

Айта кетейік, Ұйғыр ауданында негізгі басымдық ауылшаруашылығында. Сонымен бірге, туризмді дамытуға өте қолайлы өңір. Мұнда табиғи ыстық су көздері мен әйгілі Шарын шатқалы бар. Оған келуші туристер саны да жыл санап арта түскен әрі сұраныс та жоғары. Ал ауыл шаруашылығы бойынша өңірдегі егістік алқабы 23 мың гектарды құрайды. Соңғы кезде ауданда егіс көлемі тағы 390 гектарға ұлғайған. Оның ішінде, жүгері алқабы – 7 мың гектарға жеткен.

Алматы облысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің 13 пайызы осы Ұйғыр ауданына тиесілі. Облыс әкімінің айтуынша, өңірде жүгері өңдейтін кәсіпорын жоқ. Болашақта бұл мәселе назарда болуы тиіс. Сондай-ақ, Ұйғыр ауданы жеміс-жидек өсіруге өте қолайлы. Ауданда ең ірі жеміс өндіруші кәсіпорын – "Shonjу Agro". Онда 500 гектар аумақта өрік, шабдалы, қара өрік, шие жемістері өсіріледі.

Халықпен кездесуде Ұйғыр ауданында құс шаруашылығы қарқынды дамып келе жатқаны айтылды. Жергілікті «OTAN Green Food» кәсіпорны өткен жылы 13 мың тонна өнім шығарған. Бұл 2020 жылғы деңгейден 7 есеге көп.

Алматы облысының әкімі Ұйғыр ауданы тұрғындарымен кездесуде құс шаруашылығына назар аударды. Сондай-ақ, ауданда бройлер (тауық түрі) өсіру және өңдеу бойынша толық циклді, қуаттылығы жылына 35 мың тонна өнім шығаратын «Прима құс» фабрикасы салынып жатқаны сөз болды. Болашақта бұл жерде 1500 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"