БАЛҚАШ АУДАНЫНДА КҮРІШ СЕБУ НАУҚАНЫ АЯҚТАЛДЫ. ШАРУАЛАР ҚУАНЫШЫ

Уақыты: 30.05.2022
Оқылды: 1192
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Биыл аудан бойынша 29 809 гектар суармалы жерге егін егілді. Оның 7530 гектары арпа-бидай, 6 800 гектары күріш, 13 911 гектары көпжылдық, 867 гектары бір жылдық шөп. Ал 230 гектарына картоп отырғызылса, 321 гектар жерге бау-бақша дақылдары егілген.

Бүгінде аудан диқандары жоспарланған 6 800 гектар жерге күріш дақылын толық сеуіп, егілген егіс көлемінің 5500 гектарын сумен бастырып үлгерді. Дала төсін дүбірге бөлеп, егін егу жұмысының қарқынын үдетіп жатқан аудан диқандарының жұмысын көру үшін аудандық ауылшаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі мамандарымен бірге «Бірлік агрофирмасы» ЖШС №2 бөлімшесіне арнайы бардық.

Біз барған шаруашылық өздеріне тиесілі 5447 гектар суармалы жердің 1100 гектарына бидай, 1406 гектарына көпжылдық шөп және 941 гектарына күріш себуді жоспарлаған. Бүгінде аталмыш шаруашылық жерге сіңірген күріштің 761 гектарын сумен бастырып үлгерген.

Еңбек көрігін қыздырып, егіс алқабында жүрген механизаторлар Санат Төлжарасов, Талғат Жұманазаров және Ермек Кенжетайдың айтуларынша, егін егу жұмысына шаруашылық бойынша 22 техника жұмылдырылған. Күріш егу науқанында 8 тұқым сепкіш тұрақты жұмыс атқарып, нәтижесінде белгіленген мерзімде ойдағыдай аяқталған. Сонымен бірге техникалардың жанар-жағармайлары мен қосалқы бөлшектері жеткілікті болған.

Егістік алқабын сумен бастыру жайында әңгімелеген «Бірлік агрофирма» ЖШС гидротехнигі Әлімжан Ахметов су деңгейі жылдағыға қарағанда төмен екенін тілге тиек етіп, осы орайда қиындықтан шығу жолдарын қарастырып жатқанын айтты.

Ерте тұрып, кеш жатып, көктемнің әр күнін тиімді пайдаланған диқандар егін егуді толық аяқтап, алдағы жаздағы жұмысты жүйелі жүргізіп, қоңыр күзде мол өнім алуды басты мақсат тұтуда.

Бақтығали ДӘУІТБАЕВ

Балқаш ауданы

Алматы облысы