ТҮРІКТЕР ҚОНАЕВ ҚАЛАСЫН ТҮРЛЕНДІРУГЕ НИЕТТІ. ИНВЕСТОРМЕН КЕЗДЕСУ

Уақыты: 01.08.2022
Оқылды: 1725
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысының әкімі Марат СҰЛТАНҒАЗИЕВ Қонаев қаласында Түркияның «Alarko Holding» компаниялар тобының өкілдерімен кездесті. Стратегиялық маңызды құрылыстар салуға маманданған шетелдік инвесторлар облыс орталығында жұмыс істеуге қызығушылық танытты.

«Alarko Holding» компаниясының президенті Үміт Нури Иылдыз, «Констракшн Груп» компаниясының бас директоры Үміт Боран мен осы ұйымның вице-президенті Аббас Шахин және БАКАД (Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы)  жобасының жетекшісі Гюнай Гокалпты жылы қабылдаған Марат Елеусізұлы, облыстың экономикалық даму барысымен қысқаша таныстырды. Өңірдің инвестициялық тартымдылығына байланысты бизнеске мол мүмкіндік барын, бұған жанға жайлы табиғи-климаттық жағдай мен ірі мегаполис Алматыға жақын орналасуы да оң әсер ететінін айтты.

Облыстың жаңа әкімшілік орталығында атқарылар жұмыс өте ауқымды, сондықтан тиімді жобаларды қолдауға әрқашан әзір екенін, осы кездесуге қала билігімен қатар, облыстың жер қатынастары, энергетика, автокөлік, жол құрылысы салаларының басшылары қатысып отырғанын жеткізді.

Үміт Нури Иылдыздың айтуынша, «Alarko Holding» –Түркиядағы ірі бизнес холдингінің бірі. Құрылыс, электр қуатын тарату, өндіріс, туризм, жылжымайтын мүлік және басқа да түрлі салаларда жұмыс істейді. «Бүгінде Түркия Қазақстанның сауда-экономикалық және инвестициялық басты  серіктесі болғандықтан, мұнда мердігер есебінде ғана емес, инвестор  ретінде жұмыс істеуге дайынбыз»,  – деді ол.

Компанияның Қазақстандағы жұмыстарының қатарында БАКАД құрылысы, Нұр-Сұлтан және Жезқазған қалаларындағы су тазарту нысандарын оңалту, су сорғысы стансалары, кәріз жүйелері, аурухана, әуежай, аспалы көпір жобалары бар.

Түркиялықтар Қонаев қаласының су тазарту құрылысы мен Талғар ауданындағы автокөлік жолын салу мәселесі облыс басшылығының басты назарында тұрғанынан хабардар екенін айтып, бұл бағытта бірлесе жұміс істеуге ниет білдірді.

Өңір басшысы Марат Елеусізұлы осыған байланысты Қонаев қаласы мен Талғар ауданының әкімдері, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы осы бағытта шетелдік серіктестермен тығыз байланыста жұмыс істейтінін айтты.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

Қонаев қаласы,

Алматы облысы