СОҢҒЫ 30 ЖЫЛДА БІРДЕ-БІР СУ АРНАСЫ ЖАҢАДАН САЛЫНБАҒАН - АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ

Уақыты: 03.08.2022
Оқылды: 1373
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысының басшысы Марат СҰЛТАНҒАЗИЕВ 2022-2027 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы саласындағы Су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту мәселесі бойынша аудан әкімдерімен Сараптама кеңесімен, Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясының өкілдерімен және басқа да жауапты тұлғалармен кеңес өткізді. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Күн тәртібі бойынша негізгі баяндаманы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Коюмчан Омаров жасады. Ол Алматы облысында 239,7 мың гектар суармалы алқап бар екенін, ал барлық суару желілерінің ұзындығы 9,4 мың шақырымды құрайтынын атап өтті.

- Облыстағы негізгі су көздері таулы өзендер және Іле және Іле Алатауының (Қапшағай, Бартоғай, Күрті, Бестөбе және басқалары) су қоймалары болып табылады. Өткен жылы жер үсті су көздерінен су алу көлемі 1,7 млрд текше метрді, ал су беру - 1,4 млрд текше метрді құрады. Суармалы алқаптарда өсірілетін негізгі дақылдар – дәнді дақылдар (жүгері, бидай, күріш), майлы дақылдар (соя, күнбағыс), картоп және басқалар, - деп атап өтті баяндамашы.

Ол облыс аумағында су қоймалары, тоғандар, бөгеттер мен гидрожелілер кіретін 205 Гидротехникалық құрылыс бар екенін атап өтті. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді суармалы сумен жабдықтауды «Қазсушар» РБК Алматы филиалы, Үлкен Алматы Каналы филиалы жүзеге асырады. Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Басқармасы бекіткен «Қазсушар» РМО филиалдарының тарифі 0,787 теңге/м3 құрайды. Бұл қызметтерді субсидиялауға ауыл шаруашылығы өндірушілері шығындарының бір бөлігін жабу мақсатында облыстық бюджеттен 661,2 млн теңге бөлінді.

Коюмчан Аванович түйіткілді мәселе туралы сөз қозғап, суару желілері мен гидротехникалық құрылыстардың табиғи тозуына байланысты каналдардағы су шығыны артып келе жатқанын айтты. Бұл міндетті шешу үшін облыста 57,1 мың га суармалы жерді қалпына келтіру мақсатында сегіз аудан мен Қонаев қаласында суару желілері қайта жаңартылуда. Осы мақсатта облыстық бюджеттен қайта құру жобаларын әзірлеуге жалпы 1,75 млрд теңге бөлінді. Құрылыс-монтаж жұмыстарының құны-88,2 млрд теңге.

- 2018-2022 жылдары су шаруашылығы объектілерін күрделі жөндеуге 43 жобалау-сметалық құжат әзірленді. Оның ішінде жалпы сомасы 4,1 млрд.теңгеге 21 жоба жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылды. Нәтижесінде 8,3 мың гектар суармалы жер қалпына келтірілді. Ағымдағы жылы «Самбет» каналының күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды, Іле ауданының «Свинсовхозный» каналында жұмыстар жүргізілуде. Жер үсті суларының қосымша ресурстарын жинау үшін Ұйғыр ауданында екі жаңа су қоймасын (Сұңқар және Тайгермен) салу жоспарлануда, - деді К.Омаров.

Кездесу соңында басқа да баяндамашылар сөз сөйледі. Мәселен, «Казгипровхоз институты» ЖШС Бас директоры Анатолий Рябцев бүгінде республика бойынша басқа облыстармен салыстырғанда облысқа тиесілі су ресурстары анағұрлым қолайлы, себебі бізде тау салалары көп деген мәлімдеме жасады.

- Соңғы 30 жылда Алматы облысында жаңа арналар, су қоймалары салынған жоқ. Ескілері бүгінде қайта құруды қажет етеді, өйткені пайдалы әсер коэффициенті 75 пайыздан 60 пайызға дейін төмендеді, - деп атап өтті А.Рябцев. Сондай-ақ ол қазіргі заманғы спринклерлік техниканы пайдаланудан бас тарту фактісіне тоқталып, шаруалардың оған қол жеткізе алмайтындығын айтты, аталған мәселе бұл тамшылатып суаруға да қатысты екен. Сондықтан қазіргі уақытта арнайы бағдарлама әзірленуде, соның арқасында мемлекет осы мақсаттарға белгілі бір қаражат бөле отырып – шаруа және фермер қожалықтарына субсидия беріп, қаржылық қолдау көрсете алады.

Кеңесті қорытындылай келе, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев өзінің орынбасары Батыржан Байжұмановқа, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшылығына, аудандар мен қала әкімдеріне су шаруашылығы саласын дамыту мәселелері бойынша баяндамалар мен ұсыныстарды назарға алуды тапсырды.

"Мәслихаттың кезекті отырысында жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу, су шаруашылығы нысандарын жөндеу және қажетті ғылыми-іздестіру жұмыстарын жүргізу жөнінде тиісті бюджеттік өтінім ұсынылсын, сондай-ақ, су шаруашылығына бөлінген қаражаттың уақытылы және тиімді пайдаланылуы жөніндегі шаралар қатаң бақылауға алынсын", - деді Алматы облысының әкімі.

"АЛАТАУ-АҚПАРАТ"