МАНДЫТЫП ЖҰМЫС ЖҮРГІЗБЕГЕН, БҰЛАЙ БОЛМАЙДЫ! - ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Уақыты: 05.08.2022
Оқылды: 2361
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жетісу облысының әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ Қаратал ауданына жұмыс сапарымен барып, тұрғындарды жеке қабылдады. Артынша халықпен кездесу өткізіп, өңірге газ тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту және инвестиция тарту бағытында атқарылып жатқан шаруаларды таныстырды. Сондай-ақ, жиында аудан жұртшылығын толғандырған сауалдарға жауап берді. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Бейбіт Өксікбайұлы баяндамасында облыстағы агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға 27,3 млрд.теңге бағытталғанын айтты. Биыл жалпы құны 49,5 млрд.теңге болатын 53 инвестициялық жоба іске асырылуда. 326 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған.Бюджет қаражаты есебінен 58 тұрғын үй жыл соңына дейін  пайдалануға беріледі. Облыс басшысы Қаратал ауданыауылшаруашылығында үлкен әлеуетке ие екеніне тоқталып,алайда, суару жүйелерінің тозуына байланысты шаруа қожалықтарсу тапшылығына тап болып жатқандарын жеткізді. Жайылымдық жердің жетіспеушілігін сөз еткен Бейбіт Исабаев:

- Көп жағдайда ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлер ірі шаруашылықтардың иелігіне берілген. Солардың қатарында «Шығыс Қаратал», «Бақыт Қаратал», «Үштөбе», «Опытное», «Текелі» серіктестіктері мен басқа да бірқатар шаруашылықтар бар. Ал, аэроғарыштық зерттеулердің деректеріне сәйкес Қаратал ауданы бойынша пайдаланылмай жатқан 804 га егістік, 74,8 мың га жайылым жер анықталған. Бұл мәселені қағаз жүзінде қалдырмай, кабинетте отырмай, ауылдарға барып көру керек. Аудан әкімдігі бұл жағынан мандытып жұмыс жүргізбеген. Бұлай болмайды! – деді.

Облыс әкімі аудан әкімдігі тиісті сала мамандарымен және құқық қорғау органдарымен бірлесіп, игерілмей отырған ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекетке қайтару шараларын шұғыл қолға алуды тапсырды. Ірі жер иеленушілердің жиынға қатысқан өкілдеріне де бұл мәселе басты назарда болатынын ескертті.

Өңірде барлығы 165 мыңнан астам ірі қара мал мен қой, ешкі, 102 мың құс бар. Ал, ет өндірісі 83 тоннағаазайғанЖыл басынан бері 3 бордақылау алаңы 118 тонна ет тапсырған. Бұл жалпы көлемнің 2,7 %-ын ғана құрайды. Ауданда жалпы саны 18,8 мың бас сиыр болса да, небәрі 5 сүт-тауар фермасы бар. Сүт-тауар фермаларының желісі дамымай отыр. Сол себепті аймақ басшысы жауапты тұлғаларға сүт-тауар фермаларын және бордақылау алаңдарын ашу үшін қолайлы жағдай жасауды тапсырды.

Ауданда жарты жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп көлемі 1,5 млрд.теңгені құрады. Өңдеу секторында 982,4 млн.теңгенің өнімі шығарылып, үлесі 3,4%-ға төмендеген. Өңірде ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар жоқ. Жалғыз ірі кәсіпорын «Үштөбе-Айдын» компаниясы жаңа технологияларды енгізу есебінен жұмысшылар санын 100-ден 86 адамға дейін азайтып, шағын кәсіпорындар санатына ауысты. Сондықтан жаңа өңдеу өндірістерін ашу үшін инвесторларды тарту бойынша жұмыс жандануы қажет.Ауданда құрылыс саласында тұрғын үйді пайдалануға беру 1,5 есе азайды.Жоспарлы 17,7 мың шаршы метр тұрғын үйдің небәрі 3,3 мың шаршы метрі пайдалануға берілді.

- Жылына бар-жоғы 30-40 пәтер пайдалануға беріледі, құрылыстың қарқыны осындай болса, үй кезегін қалай азайтасыздар? Қазір тұрғын үй алу кезегінде 1306 адам тұр, 2021 жылмен салыстырғанда олардың саны 95 адамға артты. Облыс әкімінің орынбасары Ә.Жақанбаев, құрылыс басқармасының басшысы аудан әкімімен бірлесіп, тұрғын үй құрылысы жоспарын қайта қарастырып, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмысын жандандырсын, – деген Бейбіт Өксікбайұлы халықты ауызсумен қамту, өңірге газ тарту, сондай-ақ, жолдардың сапасына тоқталды. – Аудандағы жолдар мен көпірлердің жағдайына қатысты шағымдар көп. Ауылдардағы жолдарды айтпағанда, аудан орталығының қосалқы көшелері жөнделмей жатыр. Жолдарындағы құрылыс-жөндеу жұмыстарының сапасын ерекше бақылауға алу керек.

Облыс әкімі Бейбіт Исабаев баяндамасында жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту, білім беру, денсауылық сақтау салаларына жеке-жеке тоқталып, мәдениет, спорт саласы бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды. Мысалы, тұрғындардың өтініші бойынша келесі жылы Үштөбе қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталады. Сөз соңында аймақ басшысы:

- Қаратал ауданының тұрғындарымен өткен кездесуде көтерілген 10 мәселе шешімін тапты. Қазіргі уақытта облыс тұрғындарымен көтерілген мәселелердің ішінде маңыздыларын анықтап, оларды шешу жолдарын айқындау жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде 2022-2025 жылдарға арналған облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының Жол картасы әзірленіп, облыстық бюджет бекітілетін болады, – деді.

Келесі кезекте облыс әкімі тұрғындардың сұрақтарына құлақ түрді. Айту би ауылдық округіне қатысты Көкпекті ауылының тұрғындары шошқа фермасына қатысты шағым жасады. Шошқалар олардың аулаларына кіріп, бақшаларын бүлдіретін көрінеді. Аудан әкімі Ерлан Исабеков аталған шағым бойынша қажетті жұмыс жүріп жатқанын, ферма қожайынына ескерту жасалып, айыппұл салынғанын айтты. Аудан басшысының сөзінше, көтерілген мәселе шешілетін болады.

Ал, көпбалалы аналар аудан әкімінің жұмысын сынға алып, әлеуметтік мәселелерін қарастыруға құлықсыз екенін айтты. Олар көтерген мәселелер сатып алу құқығы берілмейтін жалгерлік жаңа үйлер мен жалға берілген, бұрын қолданыста болған үйлердің күрделі жөндеуіне, салынған балалар алаңын қолайлы орынға ауыстыруға, тұрғын үй құжаттарын рәсімдеуге, мемлекеттік әлеуметтік пакетке қатысты болды.

Бейбіт Исабаев бұл үйлердің нақты жағдайын анықтау үшін алдымен арнайы жұмыс тобын құру керектігін айтты. Комиссия үйге қандай жөндеу жұмыстары қажет екенін, оған кететін шығынды нақтылауы тиіс.

«Бұл мәселені менің орынбасарым Жеңіс Шылбынұлы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы, тұрғын үй инспекциясы – барлығы бірлесіп мұқият зерделеп көрсін. Кәсіпкерлермен сөйлесіп, демеуші тарта отырып шешу жолдарын қарастыру керек. Облыс әкімдігі бұл мәселенің оң шешілуіне көмектесейік, бірақ бұдан кейін мұндай мәселені аудан өз деңгейінде қарастыруы тиіс», – деп ескертті.

Осы орайда құрылыс саласында жеке кәсіппен айналысатын Бек Мыңбол есімді азамат бір көпбалалы отбасының үйін жөндеп беруді өз мойнына алуға дайын екенін айтты. ​Көпбалалы аналардың шағым-сауалдарына қатысты Бейбіт Исабаев:

«Мен сіздің қандай маман екеніңізге қазір баға бере алмаймын. Сізге баға беретін – халық. Халықтың аудан әкімдігіне шағымы көп, оларға сенбеуге менің қақым жоқ. Келгеніңізге көп болмаған шығар, енді бейімделіп жатқан шығарсыз. Бірақ жұмыс істеңіз», – деп аудан әкіміне халықпен тіл табыса жұмыс істеу керектігін айтты.

Қаратал ауданы Қаражиде ауылының тұрғындары медициналық пункт керектігі туралы мәселе көтерді.

Облыс әкімі: «Қазір өңірде блокты-модульды конструкциялармен шағын көлемді медпункттер салуды қолға алып жатырмыз. Оған ешқандай жобалық-сметалық құжат қажет емес. Шағын болғанымен, ішінде ең қажет деген мамандар қызмет көрсететін кабинеттері жеткілікті болады. Биыл осындай - 12, 2023 жылы 21 нысан тұрғызуды жоспарлап отырмыз. Сіздің ауылда медпункт салу мәселесін осындай жолмен шешіп беруге болады», – деді.

Байшегір ауылының тұрғыны Жанат Жуысты: "28 шақырым жерді жасау үшін, қалған 150 шақырым асфальтты бүлдірді. Бұрын аудан орталығына 3 сағатта жетсек, енді, 4-5 сағат жүреміз. Жолымыз ойдым-ойдым болып кеткен", – деп «Көпбірлік – Үштөбе» бағытындағы күре жолды жөндеп жатқан мердігер компанияның жүк көліктері ескі асфальтты бүлдіргенін айтты. Ал, Тастөбе ауылының тұрғыны Қарынбай би көшесіне жаяу жүргіншілер жолы керектігін алға тартты. Мұнда жақында ғана асфальт төселген. Ені де тарлау, оның үстіне тратуар қарастырылмағандықтан, балалар жолдың бойымен жүретініне алаңдаулы. Сондықтан осыған назар аударуды сұрады.

Бұл мәселелерге қатысты облыс әкімі жауапты сала басшыларына жағдайды саралауды тапсырды. Ал, «Көпбірлік – Үштөбе» жолы бойынша, 150 шақырым жерді асфальттау қыруар қаржыны талап етеді. Сондықтан, жолды кезең-кезеңімен ретке келтіру керектігін, ал, ағымдағы жөндеуді сол шалғайдағы ауыл жақтан бері қарай бастауды міндеттеді.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Қаратал ауданы,

Жетісу облысы