ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНЫҢ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫ АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Уақыты: 07.08.2022
Оқылды: 3690
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жетісу облыстық мәслихатының депутаттары Сәкен ШЕҢГЕЛБАЕВ пен Жанар НҰРМҰХАНОВА Қаратал ауданына арнайы барып, өңірдің тыныс-тіршілігімен танысып, тұрғындардың ұсыныс-тілектерін тыңдады. Жаңадан салынып жатқан құрылыс нысандарының жұмысын бақылап, елдімекендерді түйістіретін жолдардың сапасын, күрмеуі қиын мәселелердің мән-жайын біліп, көзбен көріп қайтты.

Ең алдымен Үштөбе қаласының күнбатыс жағында орналасқан Ортатөбе ауылына арнайы ат басын бұрған халық қалаулылары, аталмыш елдімекенде салынып жатқан Панфилов атындағы орта мектептің құрылыс жұмысымен танысты. 

Аталмыш ауылда бой көтеріп жатқан 180 орынды орта мектептің құрылыс жұмысы жайлы «Жөндеу-Құрылысшы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Жандолла Сейдоллаұлы баяндап берді. Серіктестік басшысының айтуынша, мектептің құрылыс жұмыстары желтоқсан айында толығымен аяқталып, ағымдағы жылдың соңында ел игілігіне берілмек. Қазірге дейін жұмыстың 70 пайызы біткен. 67 адам жұмыс істеп жатқан жаңа нысанға бюджеттен 1 млрд. 553 миллион теңге бөлінген.

Облыстық мәслихаттың экономика, бюджет, құқықтық тәртіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, депутаттық өкілеттіктер мен этика мәселелері бойынша тұрақты комиссиясының төрағасы Сәкен Шеңгелбаев, облыстық мәслихаттың денсаулықты сақтау, білім, халықты әлеуметтік қорғау, мәдениет, дін, тіл, этносаралық қатынастар, ішкі және жастар саясаты мәселелері бойынша тұрақты комиссиясының тұрақты мүшесі Жанар Нұрмұханова салынып жатқан мектепті аралап көріп, құрылыс сапасын бақылады. 

Өз кезегінде мәслихат депутаттары Үштөбе–Жылыбұлақ автожолының орташа жөндеу жұмысымен танысты. Бұл жайлы «Дорого Жетысу» ЖШС-нің мамандары толыққанды мәлімет беріп, ұзындығы 10 шақырым 553 метрлік жолдың жөндеу жұмыстары аяқталып қалғанын атап өтті. Шаруаның 90 пайызы аяқталып, тек жол белгілері мен жолақтарды сызу сынды жеңіл жұмыстар қалыпты. Кеңестік кезеңнен бері жылыбұлақтықтардың күрделі мәселесінің бірі ауызсу, екіншісі күре жолдың сапасыздығы болған екен. Бұл жайлы жергілікті билік өкілдері: «Өткен жылдары қаладан тікелей су құбыры тартылып, ауыл азаматтары мөлдір сумен шөлін басса, енді тақтайдай жолда қалаға қатынайтын болады. Жалпы, жылыбұлақтықтардың қос тілегі орындалды», – дейді.

Мұнан кейін халық қалаулылары Жаңаталап ауылындағы орта мектепке ат басын бұрып, Бастөбе ауылдық округінің халқымен жүздесті. Жиынды аудандық мәслихаттың хатшысы Жандос Теңелбаев ашып, жүргізіп отырды. Облыс орталығынан келген меймандарға арыз-шағымын жеткізген жергілікті халық елдімекендердегі жолдың сапасыздығын, көше жарықтарының жоқтығын атап өтті. Сонымен қатар, бірқатар ауылға өткен жылы тартылған газдың бүгінге дейін қосылмай тұруының мән-жайын сұрады. 

Ел сауалына тұшымды жауап беріп, тілегі мен арыз-шағымын тыңдаған мәслихат депутаты Сәкен Сейітжанұлы айтылғандарды облыс әкімі Бейбіт Исабаевқа жеткізетінін атап өтті. 

Өз кезегінде аудандық әкімдіктің мәжіліс залында жиын өтіп, онда депутаттар өңірлік қоғамдық кеңес, ауылдық округ әкімдіктері жанындағы қауымдастық мүшелерімен және бөлім басшыларымен кездесті. Жергілікті азаматтарды жеке қабылдап, мәселелерін тыңдады. Сонымен қатар, «Қаратал аудандық қаржы бөлімі» ММ ғимаратының күрделі жөндеу, Достық ауылын газдандыру жұмысымен танысты.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Қаратал ауданы,

Жетісу облысы