ПРЕСС-ТУР: ТАЛДЫҚОРҒАН МЕН ТЕКЕЛІНІҢ ЭЛЕКТР ЖЕЛІЛЕРІ ЖАҢҒЫРТЫЛДЫ

Уақыты: 26.09.2022
Оқылды: 1519
Бөлім: ЭКОНОМИКА

«ТАЭТК» АҚ жылда «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасы бойынша электр желілері мен жабдықтарын жөндеп, электр тораптарын дамытуда. Олар биыл да Талдықорған, Текелі қаласы бойынша жаңғырту жұмыстарын жасады. Осыған орай жұмыстың жай-жапсарын білу мақсатында Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Жетісу облысы бойынша департаменті «ТАЭТК» АҚ-мен бірігіп, баспасөз турын ұйымдастырды.

Жалпы, биыл «ТАЭТК» АҚ-ның электр желілерін жаңғырту бойынша 695 млн. теңге бөлініпті. Бүгінде өңіріміздегі нысандарда жүйелі жұмыс жүруде. Біз алдымен Талдықорған қаласындағы 10 кВ. №6 тарату пунктінің жаңғырту жұмыстарымен таныстық. Мұнда автоматтандырылған заманауи су жаңа құрылғылар орнатылған. Ескірген РҚжА құрылғылары мен жабдықтары толықтай ауыстырылып, вакуумды ажыратқышқа көшкен.

Осыдан кейін №5 тарату пунктіне ат басын бұрдық. Бұл нысанға да жаңа құрылғылар алыныпты. Бірақ әлі орнатылмаған. Мамандардың айтуынша жаңа құрылғылар шамамен екі аптаның ішінде қойылмақ.

Келесі кезекте Текелі қаласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды көріп қайттық. Мұнда 13 шақырым 6 кВ, 29,1 шақырым 0,4 кВ әуе желілері ауыстырылыпты. Қолданыстағы қапталмаған 6/0,04 кВ әуе желілері оқшауланған желілерге ауыстырылуда. Әзірге 42,1 км-дің жартысына оқшауланған әуе желілері тартылыпты. 10-кірістегі ток трансформатор қойылыпты. Барлық жұмыстар желтоқсан айына дейін аяқталмақ.

«ТАЭТК» АҚ-ның техникалық директоры Дәулет Шәбденұлы инвестициялық бағдарламаның және активтерді жаңғырту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

– Келесі кезекте ҚС-110/35/10 кВ №159 «Қарабұлақ» жаңғырту бойынша 10 кВ К-37 желілік ұяшықтарды вакуумды ажыратқыштары бар «К-59» сериялы ұяшықтарға ауыстырылады. Сонымен қатар, үйдің ауласында тұрған ағаш электр бағаналары сыртқа шығарылып, темірбетонға ауыстырылады, – деді ол.

Соңында Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Жетісу облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Ғалым Тойлыбек инвестициялық бағдарламаның маңыздылығына, атқарылған жұмыстың ауқымдылығына тоқталып, «ТАЭТК» АҚ қызметкерлерінің жұмыстарына сәттілік тіледі.

Айдар ҚАЛИЕВ

Жетісу облысы