ЖАҢАДАН ТАҒАЙЫНДАЛҒАН КЕРБҰЛАҚ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ ЖАСТАРМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Уақыты: 01.10.2022
Оқылды: 1948
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жаңадан тағайындалған Кербұлақ ауданының әкімі Қанат Есболатов өңір жастарымен кездесті. Бұл туралы Кербұлақ ауданы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Еркін форматта пікіралмасу ретінде ұйымдастырылған кездесуге аудан әкімдігі мен аудандық жастар ресурстық орталығының өкілдері, ауылдық округтердің белсенді жастары, жас мамандар және спортшылар қатысты.

Жиынға қатысушы жастарға аудан басшысы Қанат Болатұлы көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, аудан басшысымен еркін түрде пікір алмасып, ұсыныстарын  жеткізуді ​сұрады.

Осы ретте Әбікен Сарыбаев атындағы аудандық Мәдениет үйінің әншісі, «Күреңбел» театрының әртісі Оралбек Тұрсынбеков аудан әкімінен «Күреңбел» театрының сахналық киіміне қаражат қарастырып беруді өтінді. Ал Қызылжар ауылдық округінің жастар нұсқаушысы Айжан Тілеуова жастардың жұмыс сапарына жолдама қарастырып беруді сұрады.

Аудан әкімі Қанат Болатұлы жастардың ұсынысын тыңдап тиісті бөлім басшыларына және аудандық жастар ресурстық орталығына тапсырмаларын айтты.

Жиын соңында аудан әкімі жастар арасындағы жұмыссыздық, қылмыс, діни адасушылық, суицид, NEET санатындағы жастармен жұмыс сияқты мәселелер басты назарда болу керек екендігін айтып, салаға жауапты қызметкерлерге ескерту жасады. Сондай-ақ Аманбай Мейрамбек есімді жиынға қатысушы қайтарымсыз грант бойынша сұрақ қойды. Нәтижесінде, жастарға берілетін шағын бизнес аясындағы гранттардың санын арту жолдары қарастырылатын болды.

Кездесуде ауыл жастары арасында футбол, волейбол, көкпар, баскетбол лигаларын құру туралы жастар орталығына қосымша тапсырма берілді. Жиын соңында аудан әкімі жастармен естелік суретке түсті.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"